Тауарды таңбалау – бизнеске соққы

Кәсіпкерлер Мәскеудің Еуразиялық одақ аясында белсенді тықпалап жат­қан тауарларды таңбалаудың қазақстандық бизнеске соққы болғанына на­зар аудартып, дабыл қағумен келеді.

Олардың айтуынша, бұл бір жағы­нан, жемқорларға арналған кезекті жемсауға айналды. Екінші жағынан, ол таңбалауға іліккен тауарлардың күрт қымбаттауына соқтырды. Мысалы, аяқкиім бағасы бірден 9,7%-ға көтерілген. Бизнес зар илеп, безек қағуда. Ал билік болса, міндетті түрде таңбаланатын тауарлардың жаңа тізімін енгізді.

Одақ аясында тауарларды маркировка­лау жаңа қарқынмен жалғасатын болды. Ресей енді ұйымға мүше 5 елде таңба ба­сыл­маған киім-кешекті, өзге өнімдерді сатуға тыйым салғызбақ. Бұл халықтың ең көп тұтынатын тауарларын бұқараға қол­жетімсіз етеді. Онда одақтық қысымға қар­сылық білдіріп жатқан ұлттық бизнеске халық қосылуы мүмкін. 

Бірақ Үкімет тыңдайтын емес. Сауда және интеграция ми­нистр­лігі «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау тура­лы» Үкіметтің 2020 жылғы 10 қыр­күйектегі №568 қаулысына өз­ге­ріс енгізу туралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзір­леді. Құжат таңбаланатын тауарлардың тізімін жаңар­тады. 

Бұл жаңасы – 1 287 тауар түрінен тұратын өте ұзын тізім бол­мақ. Онда не жоқ дерсіз? Дәрі-дәрмектер, адамның қаны, емдік, про­филактикалық немесе диаг­ностикалық мақсаттарда пай­далану үшін дайындалған жануарлардың қаны, вак­циналар, ток­синдер, микроорганизмдердің дақылдары, сабындар, рент­генографиялық тексерулерге арналған контрастты пре­параттар, диагностикалық реагенттер, ор­ганотерапияға арналған заттар, гепа­рин және оның тұздары, темекінің қарапайымы, алмас­тыр­ғышы, сығындылар мен эссен­циялары бар саналуан түрі және бас­қалары биылдан бастап таңбалауға жатады деп күтілуде. 

Таңбасы болмаса, контрабанда есеп­теліп, тәркілеуге жатады. Ондай­ды сатуға тыйым салынбақ. Кәсіп­керлердің ай­туынша, мұның бәрі көршіні байытады. Себебі Еуразия­лық одақ аясында енгізілген таңба­лардың жапсырмаларын негізінен ресейлік компания жасайды. Ол мысалы, әрбір жұп аяққкиімге жап­сырылатын таңбаны 2,68 теңгеден сатып отыр. 

Отандық «Lomuang» компания­сының директоры Лобар Абдуға­па­рованың мә­ліметінше, 2022 жылы Қазақстанда 41 миллион жұп аяқкиім сатылған. Оның 1,7 миллионы ғана елімізде жасалған. Салыс­тыратын болсақ, 90-жылдардағы тоқырау кезінде де респуб­ликамыз жылына 18 миллион жұп аяқкиім өндіретін. Енді ел мүлдем отандық аяқкиімсіз қалуы мүмкін. 

Қалай болғанда, Data Мatrix кодын генерациялап, марка басатын компания Қазақстандағы бір ғана аяқкиім саласынан жылына 110 миллион теңгеден астам қара­жат «сауады». Одақ осылай өндіруші мен тұтынушы арасында делдалды таңды. 

Жазаның ауыры – нақақтан жазалау

Үкімет сонымен бірге жазалау шарала­рын күшей­тіп жатыр. Сауда және инте­грация министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзге­рістер мен толықтырулар әзірледі. Мәжі­ліске енгізуге дайындалуда. 

Ол қабылданса, салдарынан елде жаңа жаза енгізіледі. Атап айтқанда, «бақылау (сәйкестендіру) белгілері немесе материал­дық жеткізгіштері жоқ, бақылау (сәйкес­тендіру) белгілерімен немесе ма­териалдық жеткізгіштермен таңбалануға жататын тауар­ларды сатқан», яғни затын таңбалама­ған кә­сіпкерге алдымен ескерту жасалады. 

Егер бір жыл ішінде қайта сау ете қалған тексеру­шілер таңбасы жоқ бір тауарды тауып алса, онда шағын кәсіпкерлерге – 100, орта кәсіпкерлерге – 200, ірі кәсіп­керлік субъектілеріне – 500 айлық есептік көрсеткіш (2023 жылы 1 млн 725 мың теңге) айыппұл салынады. Сонымен бірге қызметі уақытша тоқта­тылуы мүмкін. 

Өзге де жазалар енгізілмек. Егер кәсіп­кер одақтық тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде тауарларды қабылдау-беру ак­тілерін ресімдемей тауарларды берсе, бірінші жолы ескерту алады. Содан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаса, шағын кәсіпкерлікке – 100, орта кәсіпкерлікке – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК айыппұл салынады. 

Жаза атаулы мұнымен бітпейді. Биз­несмендер таңбалануға жататын әрбір тауарды сатқан соң, оны тауарларды таң­балау мен олардың қадағалануының ақпа­раттық жүйесінен шығарып тастауы қажет. Сонда Мәскеудегі одақ ол тауардың сауда­дан шығып қал­ғанын біліп отырады. Ал егер қазақстандық кәсіпкер «тауарларды белгіленген тәртіппен айналымнан шығар­маса», 500 АЕК-ке немесе 1,7 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалайды.

Отандық кәсіпкерлердің де, «Атамекен» ұлттық палатасының да тауарларды таңба­лауға қатысты ұстанымы айқын: ол өндіру­шілерге де, саудагерлерге де, түпкі тұтыну­шыларға да теріс әсерін тигізеді. Бұл про­цесс қымбатқа түседі, тым күрделі және машақа­ты көп. 

Өйткені әрбір ішік пен тонға, былғары өнімдеріне, дәрілік заттарға, аяқкиімге, темекі қорабына және басқасына бірегей нөмірлерден құралған Data Мatrix QR кодтарын алып, тиісті жапсырманы жап­сырумен іс бітпейді. Олардың әрқайсысы­ның ары қарайғы қозғалысын тиісті ақ­па­раттық жүйеде көрсетіп отыру қажет. Кө­терме саудадан бөлшек саудаға, дүкендерге түсіп, кәсіпкерлік ортада қолдан қолға өтіп, ақыры түпкі тұтынушыға сатылғанда, оны айналымнан шығару рәсімін жүзеге асыру қажет. Мұның қандай бюрократия екенін осыдан бағамдауға болады. 

– Бүгінде елде қымбатшылыққа қарсы күрес жүріп жатқанда, таңбалау керісінше жағдайды ушықтыра түседі. Тұтынушы­ларға, әрбір қазақстан­дыққа қосымша шығын болады. «Ашкөз кәсіпкерлер халық есебінен байып жатыр» деп айтылады. Ал мемлекеттік реттеу халық тұтынатын тауар­лар бағасының өсуіне жағдай жасай­тынын түсінуміз керек. Таңбалауды жақ­тау­шылар бұл құрал қоғам үшін де, мемле­кет үшін де пайдалы деп дәлелдеуге тыры­сады. Қазақстанда осы процесті ілгерілету үшін көптеген консультант пен көмекші пайда болған. 

Ал импорттаушылар да, бөлшек саудагерлер де таңбалаудың орын­сыздығын айғақтайтын, нақты практика­дан алынған дәлелдерді келтіріп әлек. Мәселені тыңдайтын, шешетін ешкім жоқ. Халық үніне құлақ асатын мемлекет жұмыс істейді ме екен деген сауал туындайды, – деді «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер па­латасының Сауда де­партаментінің бас­қарушы директоры Әсет Айтбаев.

Контрафактті қалқан еткен коррупция ма?

Биылғы 1 сәуірде мысалы, 2021 жылдың 1 қара­шасына дейін әкелінген және таң­баланбаған аяқкиім қалдықтарын сату мерзімі аяқталады. Ары қарай оларды сату автоматты түрде заңсыз іске айналды. Қазірден елде аяқкиімдер бағасы көтеріле бастады. 

Таңбалауды жақтаушылардың, яғни Еуразиялық одақтың, биліктің және таң­балау операторы, содан комиссиялық та­быс тауып отырған «Қазақтелеком» АҚ-ның дәйектемесі бір. Олардың сендіруінше, тауарларды таңбалау, біріншіден, нарық­тағы нақты көріністі көрсетеді. Яғни, әрбір тауардың қанша данасы елде сатылатыны, қаншасы шетелге шығары­латыны анық­талады. 

Алайда сарапшылар бұған сенбейді: мысалы, былғары өнімдерін таңбалау 2016 жылдан бастап енгізілді. Содан бері ішік, тон, былғары бөрік және бас­қасының қан­ша бірлігі сатылғаны туралы нақты, өзекті дерек жарияланған жоқ.

Екіншіден, таңбалау әр нарыққа қа­тысты «оң­тайлы басқару шешімдерін қабыл­дауға ықпал ететін болады». Деген­мен, таңбалау арқасында нақты қандай оңтайлы шешім қабылданғанын да құзыр­лы органдар айта алмады. 

Үшіншіден, таңбалау нарықты жалған өнімнен, контрафактіден тазартуға, салық және кедендік төлемдерді ұлғайтуға мүм­кіндік береді. Әйткенмен, Қазақстанда контрафакт тауарларға сол бойы тосқауыл қойылмады. Кәсіпкерлердің айтуынша, контрабандамен күрес кеден органдарына жүктелген: ол адал бизнестің күшімен шешілмеуі тиіс.

Жалпы, Қазақстан одақтың таңба­лауынсыз-ақ әрбір тауарды қадағалаудың төл жүйесін енгізуде. Қазіргі кезде тауар ай­налымын бақылау жүйесі онсыз да іске асырылған. Салық органдары контрагент­тердің электронды шот-фактураларын ка­мералдық салыстырып тексереді. Демек, көтерме нарық айқын бола түсті, мем­ле­кеттік кірістер органдары тауар ағындарын қазірдің өзінде қадағалап отыр. 

Таңбалау шағын бөлшек сауда орын­дарына да зиянын тигізеді. Мәселен, аяқ­киімдердің бөлшек саудасымен айналыса­тын кәсіпкерлердің мәліме­тінше, аяқкиім­ді таңбалау жөніндегі талаптарды орын­дауға байланысты негізгі шығындар орта­ша айналымы 5 мың жұп өнімді құрайтын 1 сауда орнына шамамен 1 194 500 теңгеге түседі. 

Таңбалаудың отандық өндірісті қол­дауға еш пайдасы жоқ. Себебі, шетелдік, қытайлық өнімдер отандықтан арзан: олар таңба шығынын жеңілірек көтереді. Кон­трафакт өнімдерінің тасқынын да тоқтата алмайды: таңбалау арқылы, керісінше, кон­трафактілі аяқкиімді заңдастыруға болады. Ақысын төлесе болғаны, сәйкес­тендіру құралы саналатын таңбаны қандай аяқкиімге жапсырса да, ешқандай айыр­машылық жоқ.

Мұның сыртында мамандар таңбалауда және ақпараттық жүйеде қарастырылған мәліметтердің халық үшін пайдасы ша­малы дейді: ол ақпарат, мысалы, аяқкиімнің қораптарында көрсетілген. 

«Confidence & law» заңгерлік консуль­танттар палатасының басшысы Айнұр Қайдарова биылғы сәуірде енгізілген аяқкиімді таңбалауды коррупция­лық схема деп атады. 

«Мен аяқкиім өндірушілердің мүд­десін қоғаумен айналысамын. Бүгінде біздің бәрімізді әр өнімді маркалауға мәжбүрлеп жатыр. Бірақ оның не үшін керектігін, қандай пайда беретінін ешкім білмейді. Мұның контрафактпен, кон­трабандамен және кө­лең­келі экономи­камен күрес үшін қа­жеттігін айтты. Кешіріңіз, Қазақстанда мұның бәрімен күресетін органдар өте көп: мемлекеттік кірістер органдары, кеден ор­гандары, Әділет министрлігі, Қаржылық монито­ринг агенттігі және басқасы бар. Неге онда екі жыл қатарынан осы күресті кәсіп­керлер мен қарапайым халық қар­жы­­ландырып отыр?», – деп кәсіпкерлердің наразы­лығын білдірді А.Қайдарова.

Сондықтан бизнес ортаның пікіріне құлақ қойған «Атамекен» палатасы таң­балауды мүлдем жоюды немесе оны ең құрыса, ерікті негізге аударуды ұсынып отыр.

Айхан ШӘРІП

© коллаж: Елдар ҚАБА