Дегенмен жаз тым ыстық болып, құрғақшылық қысып тұрғаны да жасырын емес. Диқандардың көпшілігінде жұмсаған шығынын өтей алмай қаламыз ба деген күдік басым. Әрине, диқан қауымы көктемгі және күзгі науқандағы шығындарын өндіре алмай қарызға белшеден батып жатса, мемлекетке де оңай соқпасы анық.
Биылғы қуаңшылық жағдайының кері әсері жөнінде түрлі болжам айтылуда. Бұл жөнінде еліміздің солтүстік және орталық аймақтарына арнайы барып, алқаптарды аралап, зерделеп жүрген А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі Алдаберген Қиясқа хабарласып, мән-жайды білген едік.
Оның айтуынша, дәл қазіргі жағдай бойынша күзде диқандар әр гектарынан шамамен 11-13 центнерден өнім алынады деп болжам жасап отыр. «Көрсетілген жобадан артық өнім жинайтын қожалықтар да бар болуы мүмкін. Бірақ олар жергілікті жерлердің ерекшеліктеріне байланысты болмақ», – дейді ол.
«Қазгидромет» ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі бойынша арнайы болжамын жариялады. Ондағы есептік деректерге сәйкес, биыл елдің негізгі астық егетін облыстары Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар өңірлерінде жаздық бидайдың өнімділігі орташа көпжылдық мәндер деңгейінде қалып отыр. Бұл дегеніміз әр гектардан 11-13 центнер өнім жиналады дегенді білдіреді.
Дегенмен жаз айларындағы жауын-шашынның аз болуына байланысты мемлекет құрғақшылықтан зардап шегіп жатқан диқандарға көмек пен қолдау көрсетуді бастап кеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, биыл Қазақстанның сегіз өңірінде құрғақшылық қаупіне байланысты 236 мың гектар алқап сақтандырылған. Қазақстандық фермерлер топырақ ылғалдылығының тапшылығын индекстік сақтандыру бойынша 111 шарт жасасты. Осылайша, мемлекет тарапынан төленетін сома шамамен 1,5 млрд теңгені құрады, оның 1,2 млрд теңгесі субсидияланып үлгерген.
Қазір біздің елдің экономикалық жағдайларына сәйкес, егер диқан әр гектарынан 12 центнерден өнім жинайтын жағдайда болса, онда ол өзінен шыққан шығынды түгелдей жауып, азын-аулақ пайда да табуы мүмкін. Бірақ бұл да нақты көрсеткіш емес екенін еске салған жөн.
Қазақстан астық одағының ресми өкілі, сарапшы Евгений Карабанов дәл қазір отандық ішкі нарықтағы бидай бағасы тұрақты болып тұрғанын айтты.
«Дегенмен күзгі жиын-терім науқаны тұрақтылықты өзгертуі мүмкін. Еліміздегі ішкі нарықта 3-сыныпты бидайдың тоннасы 80-85 мың теңге көлемінде болып тұр және бұл баға ұзақ уақыт бойы сақталып келе жатыр. Ал жоғары сапалы Hi-pro бидайы тоннасына 90-91 мың теңгеге саудалануда. Алайда бұл тұрақтылық шаруалар үшін тым төмен. Осыдан бір жыл бұрын аталмыш сорттың әр тоннасы 185 мың теңгеге бағаланған. Яғни, бүгінгімен салыстырғанда 100 мың теңгеге жоғары. Ал 2023 жылдың қыркүйегінде бізді не күтіп тұрғанын білмейміз. Көрші Ресейдегі болып жатқан қазіргі ахуал мен өзге де нарықтағы елдердің үлес салмағы әсерін байқай алмаймыз», – дейді ол.
Бүгінде елімізде егіншілікпен айналысатын шаруа қожалықтары өз алқаптарының 85-90%-ға жуығына дәнді дақыл түрлерін егеді. Ауыз толтырып айтып отырған алқаптардан алынатын өнім көп жағдайда болжамды межеге жетпей қалады. Бұған шаруа қожалықтарының басшылары мен мамандарының салғырттығы тікелей әсер етіп отыр.
«Ең бастысы, диқаншылықта біліктілік қажет. Өнімді мол жинағың келсе, сәйкесінше білікті болуың керек. Немесе білгір мамандармен жұмыс істеген тиімді болмақ. Қазір климат та, топырақ жағдайы да қатты өзгеріске ұшыраған. Қазақтың «Не ексең соны орасың» деген тәмсілі бүгінгінің диқандарына жүрмейтінге ұқсайды. Ғалымдар егін шаруашылығына ғылым мен заманауи білікті маман келмейінше алға жылжу мүмкін емес екенін үнемі айтып келеді. Бұл – жалпы ауыл шаруашылығы саласына тікелей қатысы бар дүние. Бірақ ғылымды былай қойғанда ғалымға құлақ асатын қожалық басшыларының саны тым аз. Себебі еліміз бойынша астық шаруашылығы қожалықтары басшыларының 40-45%-ы саланы толық меңгере алмай келеді. Осы бір олқылықты жою үшін мемлекет тарапынан диқандар мен қожалық басшыларын қайта даярлау керек», – деген ұсыныс айтады Алдаберген Алдоңғарұлы.
Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары да ғылым мен ауыл шаруашылығын бір арнаға тоғыстыру керек екенін алға тартуда. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекзат Амантаев өзі бастаған бір топ мамандардың тікелей араласуымен 2017 жылдан бері Қарағанды облысы Осакаров ауданына қарасты «Найдоровское» ЖШС алқаптарына тәжірибе түрінде жаздық бидай мен астықтың өзге де түрлерін егіп, үлкен ғылыми тәжірибелер жасап жүргенін айтады. Ғалымдардың үнемі қадағалауы мен ғылыми негіздемелерді ұдайы жүргізуінің нәтижесінде «Найдоровское» ЖШС тәжірибелік алқаптарының әр гектарынан 2018 жылы 55-60 центнерден өнім алынған. Мұндай мол өнім жинау бүгінгі біздің ел үшін үлкен көрсеткіш екені шындық.
Ғылымға сүйеніп жасалған дүниенің пайдасы шаш етектен болатынын бірден түсінген қожалық басшысы Павел Лущак сол жылы күзде аталмыш оқу орнына магистрант ретінде оқуға қабылданып, біліктілігін арттыруды бастаған. Профессор Бекзат Амантаевтың айтуынша, бүгінде Павел Лущак университетте агрономия мамандығы бойынша докторантурада оқып жатыр. 2001 жылы осы шаруашылықтың жалпы егіс көлемі 200 гектарды құраған болса, қазір ол алқаптарын 20 мың гектарға жеткізген. Осылайша, шаруашылықтың жылдық табысы едәуір артып отыр. Мысалы, 2015 жылы 1,6 млрд теңге табыс тапса, 2022 жылы табыс көлемі 5,8 млрд теңгеге жеткен.
Көп жағдайда табысты еселеп тапқысы келетін шаруашылық басшылары Алдаберген Алдоңғарұлына тікелей хабарласып, шығын шығармай өнім жинау жөнінде ақыл-кеңес сұрайтын көрінеді. Бұл мүмкін емес дүние екенін былайғы қарапайым жұрт та біледі. Сондықтан біліктілікті арттыру мәселесін қолға алуды сала ғалымдары түгелдей қолдайды.
«Климаттық жағдайы мен топырақ деңгейі біздің елге ұқсас келетін Канадада өнім де, сапа да жоғары. Себебі ол елде ғылым мен өндіріс етене жұмыс істейді. Ол жақта диқандардың ұрпақ сабақтастығы деген ұғым қалыптасқан. Себебі мынау. Қазір диқаншылықпен айналысатын қожалық иелері ата-бабасынан бері осы кәсіппен шұғылданып келеді. Алтыншы ұрпаққа ауысқан дәстүрлі диқаншылықта қателік болуы екіталай. Бізге де бұл дәстүрді қалыптастырып, ұрпақтар сабақтастығын жолға қою керек», – дейді Алдаберген Қияс.
Еліміздің, әсіресе солтүстік өңірлеріндегі алқаптардың топырақ жабындысы қатты тозып бара жатқаны туралы ғалымдар жиі айтып жүр. Осы уақытқа дейін зерттеулер бойынша алқаптардағы топырақ қарашіріндісінің 35 пайызы желге ұшып кеткен көрінеді. Бұл – алқаптарды дұрыс пайдаланбаудың тікелей әсері. Бұлай кете беретін болса, алқаптардан алынатын өнім сапасы күрт төмендеп, шығынға ұшырайтыны шын.
Осыған байланысты Агроэкологиялық сынақ орталығының меңгерушісі, PhD докторы Ақгүл Кәсіпхан топырақ жағдайын қайта қалпына келтіру аса ұзақ уақытты талап ететін процесс екенін және топырақтың қазіргі жағдайын сақтап қалу үшін адам баласы ғылыми дәлдік негізінде жерге көмектесу керегін айтып отыр.
«Ғылыми және агрохимиялық дәлдік негізінде топырақ жағдайын сақтай отырып өнім алуға болады. Мұнда, ең бірінші, ауыспалы егіншілік пен органикалық тыңайтқыштарды қолданып ұзақ уақыт бойы қадағалау қажет. Олай болмаған жағдайда біз қазіргі мүмкіндігімізден де айырылып қалуымыз ықтимал. Сондықтан тыңайтқыштарды пайдалану кезінде аса сақ болған абзал. Топырақ экологиясы – әлемдегі ауқымды мәселенің бірі. Сол себепті жер бетіндегі құнарлы топырақты қалпына келтіру не болмаса сақтап тұру ұдайы түрде үзіліссіз жүргізілуі тиіс», – дейді А.Кәсіпхан.
Бүгінде біздің нарықта сан түрлі препарат көп. Олардың арасында қуаңшылыққа төзімді тұқымнан бастап қуаңшылықтан қорғайтын, мол өнім беруге әсер етушілерін де кездестіруге болады. Біздегі қожалықтардың біразы көп жағдайда осындай жалған әрі арзан дүниелерге ұрынып, артынан сан соғып қалады. Сол себепті мемлекет тарапынан еліміздің топырақ жағдайы мен өсімдіктер әлемін жіті зерделей отырып, алдымен отандық тыңайтқыштар реестрін жасап шыққан абзал. Осыдан кейін отандық тыңайтқыштарды тиімді әрі жүйелі қолданушы шаруашылықтарға арнайы сыйақы тағайындаудың механизмін құру қажет. Биыл 704 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, оның 63%-ы отандық тыңайтқыштар үлесіне жатқызылған. Бірақ отандық өнімнің сырттан келіп жатқан өнімдермен бәсекелесе алуы және диқандарға толықтай отандық өнім туралы ақпарат берілу жағы күмәнді.
Ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы керек деп айтып жүрміз. Жалаң айқай мен ұраннан түк шықпайтынын соңғы 30 жылда көріп болдық. Енді жоғарыдағы ғалымдардың сөзіне құлақ асып, ауыл шаруашылығына ғылымды мемлекеттік маңызы бар жобалар негізінде енгізу қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамындағы ғылыми институттарды қайта саралап, бірізді қаржыландырылса деген ой біздікі. Әлемнің дамыған елдерінде ғалымдар еш уақытта табыс көзін іздеп әр жерге бас сұқпайды. Олар мемлекеттің және мемлекет арқылы жүйеге қойылған шаруашылықтардың тапсырыстарын жүзеге асырып отырады. Ал біздің ғалымдар шаруа қожалықтарын өздері аралап, ғылыми жобаларын өз қолдарымен ұсынып жүр. Жүйелік негізде бұлай болуы тиіс емес. Сол себепті ғалымдардың шаруашылықтарға қатысты айтып отырған пікірімен толықтай келісуге болады. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша әлемде алдыңғы қатарға шыққан Канада, Франция, Германия сынды мемлекеттерде шаруалар ең алдымен ғылымға жүгінеді. Ғалымның берген кеңесі немесе дәлелдерінсіз бір қадам алға не артқа жылжымайды. Міне, осы қағиданы орындаған тұста шаруаның да, ғылымның да, тіпті мемлекеттің де есебі түгел болмақ.
Алдаберген Қияс шетелдік тәжірибені ұсына отырып, еліміздегі біршама қожалық басшыларына барып жолыққанын айтады. Мәселені төтесінен қойып, ғылыми тұрғыда қол ұшын созып көмектесетінін де ескерткен. Бірақ егіншілікпен айналысатын шаруашылықтар еш ыңғай танытпапты. Әрине, арасында тың тәсілді мойындап, бірлесе жұмыс істейтіндері бар. Десе де, ондайлар саусақпен санарлық қана.
Шаруа қожалықтары мемлекеттен берілетін субсидияға сеніп мәселеге салғырт қарап отыр. ДСҰ-ның талаптары бойынша 2028 жылдан бастап біздің елде ауыл шаруашылығы саласы бойынша субсидия беру тоқтатылуы мүмкін. Сол уақытқа біздің аграрлық сала дайын болуы керек. Ондай жағдай болған кезде біздегі ауыл шаруашылығымен айналысушылардың біршамасы нарықтан кетіп, бәсекеге қабілеттілері ғана қалады. Осы тұста ғылыммен тығыз байланыс та бір жүйеге келері сөзсіз.
Бердібек ХАБАЙ