Облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 30 шілдеде екі бала өзін нашар сезініп, құсқан, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылған.
Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бір баланы құтқару мүмкін болмады. Бүгінде алты бала реанимацияда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында. Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келді. Ол облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді. Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді. Алты кәмелетке толмаған бала әлі де жансақтау бөліміне түсті.
«1 тамызда қабылданған екі науқастың бірінің жағдайы орташа, екіншісінікі қанағаттанарлық. Екеуі де бөлімшеде, жағдайы тұрақты», – деп хабарлады Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
2 тамыз күні Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының инфекциялық бөлімшесінен арнайы қызмет көрсету орталығынан улану белгілерімен жатқызылған екі бала шығарылды. Олардың жағдайы айтарлықтай жақсарды, балалар медициналық-әлеуметтік мекеме дәрігерінің бақылауында болады.
Айта кету керек, балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында емханалардың медицина қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған. Орталық директорының міндетін атқарушы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді. Мекемеге басқа ұйымдардың мамандары жіберілді. Орталық тәрбиеленушілерінің ауруханаға түсіп, бір баланың қайтыс болуының себептері анықталуда.
Қайтыс болған баланың ата-анасына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көңіл айтты.
– Баланың көз жұмуына әкеп соққан қайғылы оқиғаға қабырғамыз қайысуда. Қазір барлық күш-жігеріміз ауруханада жатқан балалардың денсаулығын мүмкіндігінше тез қалпына келтіруге бағытталған. Дәрігерлер бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Мен бұл төтенше жағдайдың із-түзсіз өтпейтініне сендіргім келеді: кінәлілер заңның барлық қатаңдығымен жазаланады. Тергеу органдары барлық қажетті шараларды жүргізеді. Ал отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысының әкімімен және ҚР ДСМ жетекші мамандар тобымен Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тоғыз тәрбиеленуші баласы уланып түскен облыстық клиникалық аурухананың Инфекциялық орталығына барды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, қайтыс болған Әділ Омаров 13 жаста екен. Баланың өліміне жүрек және тыныс алу жеткіліксіздігі себеп болған.
– Балалар температураның жоғарылауына, құсуға және іштің ауырсынуына шағымданғандықтан, «тамақтан улану» диагнозы қойылды. Бірақ алдын ала сынақтар ішек инфекциясы жоқ деген нәтиже берді. Аурудың себебін біз әлі тапқан жоқпыз. Бүгінгі таңда алты бала реанимация бөлімінде, олардың екеуінің жағдайы өте ауыр. Қалғандарында емделу аясында жақсару байқалады, олардың жағдайы қанағаттанарлық, – деп түсіндірді Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, әлі нақты диагноз жоқ, барлық зертханалық зерттеулер әлі де жүргізіліп жатыр.
Министр елордадан 10 жетекші маман келгенін атап өтті: штаттан тыс бас балалар инфекционисі Динагүл Баешева, штаттан тыс бас балалар анестезиолог-реаниматологы Нұрила Малтабарова, үш дәрігер-токсиколог және тағы басқалары. Олар қарағандылық мамандармен, соның ішінде психиатрлар мен балалар невропатологтарымен бірге жұмыс істеуде. 20-ға жуық маман консилиум өткізеді, балаларды тексереді және емдеуді қадағалайды.
Министр жағдайы ауыр төрт пациент жатқан қарқынды реанимация бөлімшесінде болды. Олардың барлығы өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратына қосылған. Осы клиникада 10-15 жас аралығындағы тағы бес бала нейробоксирленген бөлімшеге жатқызылды, олардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланып отыр.
Одан әрі ведомство басшысы реанимация бөлімшесінде медициналық-әлеуметтік мекемеден түскен тағы екі науқас жатқан қалалық балалар ауруханасына барды.
Мамандардың айтуынша, анықталған санитариялық-гигиеналық бұзушылықтар балалардың жекелеген тобының жіті ішек инфекцияларын (ЖІИ) тудыруы мүмкін емес. Пациенттердегі клиникалық белгілер тамақтан улануға тән емес, мұнда қайта-қайта құсу, іштің жиі өтуі, кейде қан аралас іштің өтуі, сусыздану байқалады.
Бүгінгі таңда тергеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды, оның нәтижелері бойынша болған оқиғаның себебі жайлы ресми ақпарат беріледі.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы