Шымкентте полиция қызметкері көлікпен қағып кеткен 40 жастағы келіншек көз жұмды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 3 тамыз күні Байтұрсынов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде Тұран аудандық полиция бөлімінің жүргізуші полицейі қызметтік автокөлікпен 2 адамды қағып кеткен болатын. Салдарынан 40 жастағы әйел мен оның кәмелет жасына толмаған қызы ауруханаға жеткізілді.
Келіншек №1 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған еді. Дәрігерлер үш күн бойы арпалысқанымен, науқастың өмірін аман алып қала аламады.
«Науқас жасанды тыныс алу аппаратында болды. Ем шаралары жүргізілгеніне қарамастан, жағдайы ауырлап, 7 тамыз күні қайтыс болды», – дейді дәрігер Оңалбай Нарманов.
Жол-көлік апаты Шымкент қаласы Полиция департаментінде ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамның абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүру қағидаларын бұзу) бойынша тергеліп жатыр.
фото: zakon.kz