Алматы облысының Қарасай ауданында медбикенің өліміне күдікті ер адам ұсталды, – деп хабарлайды polisia.kz.
«7 тамыз күні сағат 17:00 шамасында Қарасай ауданының ауруханасына кеуде қуысында сұғылып-кесілген жарақаты бар 45 жастағы әйел түскенін, кейін ол алған жарақаты салдарынан қаза болғанын хабарлаймыз.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша аудандық полицияда тіркелді.
Арнайы іс-шара барысында тәртіп сақшылары күдікті – Қошмамбет ауылының 42 жастағы тұрғынының жеке басын анықтап, оны бір сағат ішінде «ізін суытпай» ұстады.
Аталған деректі тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалып, тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полициядан.
Қылмыс марқұм әйелдің жұмыс орнында жасалған.
«Ұсталған ер адамның айтуынша, болған оқиға жеке қарым-қатынасқа байланысты және оның әйелдің кәсіби қызметіне қатысы жоқ.
ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген мәліметте.