Бізде қыздарға жұмыс істе, білім қу деп айтпайды – психолог

Белгілі психолог, көпшілік арасында коуч Роза есімімен танылған Роза Әшірбаева оңтүстіктегі қыз тәрбиесіне қатысты бар шындықты мәлім етті, – деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.

Ол кей отбасыларда қыздарға «оқы, білім қу» деп тәрбиелемейтінін, оларды тездетіп күйеуге шығуға үгіттейтінін ашып айтты. Бұл туралы ойын ол желідегі парақшасында баяндады.

«Бізде өкінішке орай қыздарды жұмыс істеңдер деп тәрбиелемейді ғой үйде ата-ана. Бар айтатындары екі бұтыңа ие бол да, тиетін байыңа ти де, құры үйден дейді. Кез келген адам, әсіресе бізде оңтүстікте солай тәрбиелейді. Құдайға шүкір менің анам оңтүстіктің адамдары сияқты ойламады, Жамбыл облысынан. Әкем де ондай емес. Бірақ мен мұндай әңгімелерді мысалы біздің көршілерімізден, туысқандардан, туысқан жеңгелерден, апалардан естідік. «Ей, тез-тез, тиетін жігітіңді тап та, құры» деп айтып жатады. Болды, басқа ештеңе үйретпейді. Бізде қыздарға жұмыс істе, білім қу деп айтпайды. Бәрі әке-шешеге байланысты. Мысалы, менің әке-шешем міндетті түрде оқисың деді және мен диплом алып келіп келген соң, болды демаламын деп ойлағанмын. Папам бір күн демалғаннан кейін, желкемнен ұстап, апарып мені жұмысқа кіргізіп қойды. «Жұмыс істейсің қызым, жатпайсың үйде» деді. Білім аласың, оқисың, ақшаңды табасың деді. Әке-шеше қызды сөйтіп тәрбиелеу керек. Тиетін байыңа ти де, құрышы емес», – деп жазды ол.