Былтыр облыс әкімінің Панфилов ауданындағы резиденциясы балаларды оңалту орталығына беріліп еді. Биылғы наурызда Алакөл ауданындағы Ақши ауылында көл жағалауында орналасқан аудан әкімінің бұрынғы резиденция мүгедек балаларға арналған оңалту орталығының теңгеріміне берілген болатын. Енді, міне, сол «Жансая» күндізгі болу орталығындағы алғашқы демалу кезеңінде де мүгедектігі бар 50 бала демалуда.
Күні кеше Алакөл ауданына барған жұмыс сапары барасында облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Жансая» күндізгі болу орталығына ат басын бұрып, балалармен және олардың ата-аналарымен, дәрігер мамандармен тілдесті, демалыс орнының жабдықталуымен танысты.
– Алакөл суының емдік қасиетін бәріміз білеміз. Сондықтан көл жағалауында балалар ем алсын, ата-аналары да сергіп қалсын деп осы оңалту орталығын аштық. Алдағы кезде облысымыздағы Балқаш көлінің жағалауында да осындай орталық құру ойда бар. Жоспарға сай Балқашқа апаратын жолдың жөндеу жұмыстарын аяқтасақ, инженерлік желілерін жүргізсек, оңалту орталығын ашуға да мүмкіндік болады. Балқаштың суы әлдеқайда жылы, өзі аса терең емес. Сондықтан ондағы оңалту маусымы әлдеқайда ұзақ болуы мүмкін. Ал Алакөлдің суының шипасын елдің бәрі біледі, – деген облыс басшысы балалар мен олардың ата-аналарына сәтті демалыс тіледі.
Жалпы «Жансая» орталығын ағымдағы жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 37 млн теңге қаражат бөлініпті. Құрылыс жұмыстарын «AIDAR GROUP 2017» ЖШС мен «RusStroy» ЖШС жүргізген. Жазғы кезеңде орталық барлығы 150 бала қабылдайды деп жоспарланған. Демалушыларға 24 маман қызмет көрсетеді. Мұнда жатын бөлмелер, ойын залы, асхана, медбике бөлмесі жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі, өзіне-өзі қызмет көрсете алатын 6 жастан 18 жасқа дейінгі III топтағы мүмкіндігі шектеулі балалар қабылданады. Сауықтыру лагерінде су терапиясы, арт терапия, дене шынықтыру, музыка және ойын терапиялары қолданылады.
Облыс әкімі Ақшиден кейін Бескөлдегі спорт кешеніне барып, ел игілігіне қызмет ететін жаңа нысанның мүмкіндіктерімен танысты. 80 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, нысан жақында ғана пайдалануға берілген. Жоба құрылысының құны – 1 млрд теңге. Мұнда спорттың 4 түрінен: қазақ күресі, дзюдо, бокс, волейболдан жаттығулар жүргізіледі. Бір күрес залы, 1 бокс залы, 1 үлкен ойын залы және 1 жаттығу залы бар. Енді ауыл балаларының спортпен еркін айналысуына барлық жағдай бар.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы