AMANAT: Ақтөбенің мектебінде орын тапшылығы мәселесі жойылады

Бұл мәселе сайлауалды бағдарламаға енгеннен кейін мектепке жапсарлас қосымша ғимарат салына бастады.

 

Ақтөбе облысында 428 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның алтауы үш ауысымда жұмыс істейді. Партияның сайлауалды бағдарламасында апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешу көзделген болатын. Биыл қаладағы  №12 мектепте орын тапшылығы жойылады. Ал Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылында 60 орындық мектеп пайдалануға берілді.

Ақтөбедегі №12 мектепте орын тапшылығы мәселесі 7 жылдан бері шешілмей келген болатын. 280 орындық ғимаратта 736 оқушы 3 ауысымда оқыды. Бұл мәселе сайлауалды бағдарламаға енгеннен кейін мектепке жапсарлас қосымша ғимарат салына бастады. Оған бюджеттен 540 млн теңге бөлінді. Мердігері "Элитстройсервис-Актобе" ЖШС-нің директоры Жүсіп Өміровтің айтуынша, материалдар біраз қымбаттаса да, сметаны өзгертпей, құрылысты уақытында аяқтауға көңіл бөлініп отыр. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталған. Тек мектепке құрал-жабдықтар орналастырылуда.  Жаңа оқу жылынан бастап балалар кең жерде оқитын болады.

"Бұрынғы мектеп ғимараты 1951 жылы салынған, 2019 жылы күрделі жөндеуден өтті. 7 жылдан бері орын тапшылығы мәселесі шешілмей келген болатын. Тіпті мұғалімдер кабинеті де болған жоқ. Енді міне, құрылыс жұмыстары аяқталғанына қуанып отырмыз. Жаңа оқу жылында балалар кең жерде оқитын болды", – деді мектеп директорының орынбасары Гүлназ Жекешова.

Сондай-ақ биыл Мұғалжар ауданы, Құмжарған ауылында 60 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ауыл балалары қыстан бері кең, жарық, жылы жерде білім алуда. Партия бағдарламасы аясында ауданда бұдан басқа да көптеген білім ошақтары салынып жатыр. Ашысай, Алтынды, Теміркөпір, Талдысай ауылдарында және Ембі, Қандыағаш қалаларында жаңа мектептер бой көтеріп келеді.