Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Руслан Емелбаев грантқа түспей қалғандарға ЖОО-да қалай ақысыз оқуға болатынын айтып, кеңес берді.
«Ағай, мен грантқа түскен жоқпын. Тағы не істеуге болады? Бұл маған direct-те ең жиі қойылатын сауалдардың бірі. Жауап беріп өтейін. Мемлекеттік гранттардан басқа, сіз жүгіне алатын гранттардың тағы бірнеше түрі бар.
«Қазақстан халқына» қоры @qazaqstanhalqyna.kz биыл 850 білім грантын бөлді. Гранттың ерекшелігі – конкурсқа 2023 жылғы 5 сертификаттың кез келгенімен (қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ) қатысуға болады. Шекті баллдың болуы міндетті. Артықшылықтың бірі – грантты өтеудің қажеті жоқ.
Өтінішті 10-17 тамыз аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы беруге болады.
Бірнеше жылдан бері жергілікті атқарушы органдар гранттар бөліп келеді. Әр әкімдік өз өңірінде сұранысқа ие мамандықтарды өздері бекітеді. Жалпы, еліміз бойынша жыл сайын 3 мың әкімдік гранты бөлінеді. Кейбір әкімдіктердің грантына кез-келген аймақтың баласы үміткер бола алады. Алайда, грант алған өңірде оны өтеуге тура келеді.
Өтінішті 10 тамыздан бастап ЖОО-ның қабылдау комиссиялары арқылы беру қажет. Толығырақ ақпаратты @testcenterkz-те жариялаймыз.
Сіз ЖОО-ның ішкі гранттары туралы естіген боларсыз? Балалардың тілінде – «ректорлық гранттар». Егер естімеген болсаңыз, онда армандаған университетіңізге хабарласып, олардан гранттар мен жеңілдіктер туралы нақтылауға асығыңыз. Университетте толығымен тегін оқу болмаса да, ақылы оқуға 10-30-50-70% жеңілдік болуы мүмкін. ЖОО-дан барлық қажетті ақпаратты толық біліп алуды ұмытпаңыздар», – деп жазды ол ҰТО басшысы.
Руслан Емелбаев жеке компаниялар бөлетін гранттарға да тоқталды.
«Гранттарды тек мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындары ғана емес, сондай-ақ жеке компаниялар да бөлетіні туралы білдіңіз бе? Мысалы, биыл KAZENERGY қауымдастығы @kazenergyassociation grant.kazenergy арқылы елдің мұнай-газ және энергетика саласымен өз өмірін байланыстырғысы келетін талапкерлерге гранттар бөлінген. KAZENERGY грантына үміткерлердің 80 балдан асатын ҰБТ сертификаты және аттестаттың орташа бағасы 4,0-ден жоғары болуы қажет.
Ол үшін grant.kazenergy.com сайтына кіріп, 31 тамызға дейін грантқа өтініш беру керек», – дейді ол.
ҰТО басшысы грантқа түсудің тағы бір жолы босап қалған гранттар екенін мәлімдеді.
«Егер сіз әлі де грантқа түсе алмасаңыз, ақылы оқуға түсіп, университетте жақсы оқып, бірінші семестрден/курстан кейін бос гранттарға үміткер бола аласыз. Бұл гранттар басқа балалар гранттан бас тартқанда пайда болады. Қажетті ақпаратты ЖОО деканатында нақтылай аласыз», – деді Руслан Емелбаев.
Фото: pixabay.com