Төрехан аға ұзақ жылдар Орынборда, сосын Қостанай облысының Лисаковск қаласында тұрған. Тіпті, өзінің Ахмет Байтұрсынұлына жақындығы бар екенін соңғы жылдары ғана біліпті. Бала кезінде Ахаң туралы еміс-еміс естігені болмаса, көп хабардар болмаған. Мінезі біртоға, қақ-соқпен ісі жоқ, өмірбойы мектепте мұғалім болған кісі екен. Ең қызығы, өнерге біртабан жақындығы бар. Сурет те салады, мүсін де соғады, карикатураға да бейім. Мұның бәрін хоббиім деп түсінеді.
Төрехан аға соңғы он жыл бойы бас ауруымен алысып келеді екен. Мида ісік пайда болып, екі рет отаға түскен. Соңғы екі жыл ескі ауруы қайта мазалап жүрген сияқты. Мидағы ісік көзге де әсерін тигізбей қоймапты. Портрет жанрын ерекше меңгерген Төрехан ағаның үйі сурет көрмесі ме дерсің. Түрлі жанрдағы портреттер үйде самсап тұр.
«Менің туған жерім – Орынбор облысы Адамовка ауданы. Әкем Әбу шығармашылыққа жақын болды. Жазған өлеңдері, көркем дүниелері бар. Өкінішке қарай, өмірден ерте кетті. Әжеміздің есімі – Нұрзипа. Нұрзипаның әкесі – Жұқан. Ол Ерғазы атаның баласы. Ерғазы – Байтұрсынның інісі. Ерғазы атамыз Ахмет атаны қолынан жетектеп, төрт жылдық орыс қазақ училищесіне апарған. Ахмет ата жетімдер мен сырттан келген балаларға арналған пансионда жатып оқыды. Бала Ахметтің бұрын ауыл молдасынан хат танығаны бар, әрі анасы Күңше де орыс кириллицасымен әліппені үйреткені бар, тез үйреніп кетеді. Кішкентай кезімізде Ахмет атамен туыс екенімізді білген жоқпыз. Әкеміз өте ерте, 28 жасында қайтыс болды. Анам маған кейде сыбырлап, Ахмет ата туралы айтып отыратын. Онда Ахмет ата ақтала қоймаған кез. Орынбор облысында қазақ мектебінде оқыдым. Кейін әкем қайтқан соң, Қостанай облысына көшіп келдік. Лисаковскіде қазақ мектебі жоқ. Мен орыс тілін білмеймін. Соңғы партаға отырғызды. Сөйтіп, қиналып жүріп, тілді үйрендік. Ол кезде бізге Ахмет аталар туралы «Халық жауы» деп түсіндіретін. «Халық жауының» ұрпағы екенімізді білмеппіз де. Бір күні Қостанайда туыс атамыз бар екенін білдік. «Ол кісіге хабарласыңдар» деді. Хабарласуға ұялдым. Кейін сол нөмірді жоғалтып алдым.
Өткен жылы қызық оқиға болды. Бір күні таксиге отырсам, шопыры аңқылдап қалған жігіт екен, ол да қостанайлық болып шықты. Құдайдың құдіреті, сол баяғы өзім жоғалтып алған нөмірім. Содан келесі күні әлгі кісіге хабарластым. Есімімді айтқаным сол еді, «Төрехан, сен қайдасың, мен сені көптен бері іздеп жүрмін ғой» дегені. Сөйтсем, ол кісі Баймағамбетов деп іздеп жүріпті. Шошақ атадан тараған ұрпақтар осылай табыстық» дейді аға.
Аштық болды, зұлмат жылдардың қасіреті тағы бар. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен заман. Нұрзипа апа да бауырларынан айрылып, жоғалтып алған. Ұзақ жылдар бойы сіңлісі Бадыгүлді іздеп, таба алмаған. Бадыгүлдің балалары да Нұрзипадан тараған ұрпағын іздеген. Әжеміз Ахмет атаны әке тұтқан, үнемі мақтанышпен айтып жүреді екен. Оны да кейін біліпті.
«Нұрзипа апаның Бадыгүл деген туған сіңлісі болған. Аталарымның қабірін іздеп, Ақкөлге барғым келеді. Атамның музейі де сол жақта. Ахмет атам тұрған үйлерді көрсем деймін. Оған қазір денсаулығым мүмкіндік бермей тұр. Тіпті, Алматыдағы музей-үйіне де жете алмай отырмын» дейді Төрехан аға.
Тарихтан белгілі, Шошақтан тараған бес ұл бар. Оның екіншісі – Байтұрсын. Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтың да тағдыры оңай болмаған. Қазақ жерінде отарлық аймақтық басқару жүйесі жүзеге асқан он жеті жыл ішінде «Орыстың уезд басқарып отырған полковник бастығын ұрған» деген ерек оқиға еш жерде болмаған. Уезд бастығы Яковлевті ұрды деген желеумен Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтың қолдарына кісен салынып, түрмеге айдаған. Уездің қатаң бұйрығымен Шошақ балаларының барлық мүлкі, малы түгелдей кәнпескеге ұшырап, Торғайға айдалды. Шошақтың басқа балалары ол кезде ауылда болмағандықтан, қуғыннан аман қалады. Олардың бірі – Ерғазы. Тергеушілердің Ақтас пен Байтұрсынға көрсетпеген қорлықтары қалмаған. Көп ұзамай сот болып, үшеуін де Сібірге, каторгаға айдаған. Сол қуғын-сүргіннен аман қалған Ерғазы ағаларының балаларына ие болып, білім алуына, азамат болып қалыптасуына айрықша еңбек сіңірді.
Төрехан Сәдуұлы әкесі қайтыс болған соң, анасы екінші рет тұрмыс құрғанын, сол себепті Қостанай облысына қоныс аударғанын айтады. Бала Төрехан да анасымен бірге кетеді. Сөйтіп, туыстарынан көз жазып қалады.
«Аталарым туралы шежірелермен енді қанығып отырмын. Солардың бәрін жинақтап, бір кітап шығарғым келеді. Ахмет ата туралы деректерді де енді жинақтап жатырмын. Атама құрметім болсын деп, фотокәртішкесінен ол кісінің портретін салып шықтым» дейді жиеншары. Ол портрет Төрехан ағаның үйіндегі ең құнды дүниенің бірі. Оны Алматыдағы музейге тапсырғысы келетінін де жасырмады.
Ұзақ жылдар бойы Лисаковск қаласында мектепте бейнелеу пәнінен сабақ берген. Магнитогорск қаласында жоғары білім алған. Көркемсурет мамандығын бітірген. Әскерде жүргенінде де суретшілікпен айналысқан. Қабырғаларды безендіру, түрлі картиналар салу – Төрехан ағаның сүйікті ісі. Лисаковск қаласында да қосымша осындай жұмыстармен айналысқан. Бір жылдары қала әкімдігі тапсырысымен мұзды қалашық салып бастаған. Мұз қалашықта көбінде қазақтың батырларын, ұлттық жәдігерлерді салады екен. Ол мұз қалашық жергілікті тұрғындардың көз қуанышына айналған. Қандай жұмыс болса да тартынбай, аянбай еңбек еткенді жаны сүйеді.
«Ахмет атамның портреті – менің үйімдегі ең құнды дүние. Одан бөлек, портрет салатын әдетім бар. Інілерімнің, балаларымның портретін салдым. Мұның бәрі жаңа стильмен яғни абстрактілі экспрессионизм жанрын пайдаланамын» дейді кейіпкеріміз.
Денсаулығы сыр бере бастаған соң, Астанаға көшуге тура келген. Өйткені екі рет отаны да осы қалада жасатқан. Лисаковск мен Астананың ортасында жиі-жиі қатынау қиын болып кетіпті. Бірінші отадан кейін үйде біраз уақыт ем қабылдап, үйде жатқан.
«1917 жылы мектептен жұмыстан шығуға тура келді. Содан бері үйде жұмыс істеймін. Қолөнермен айналысамын. Үйге қажетті заттарды істеу – маған ұнайды. Салған суреттерімді де, жасаған бұйымдарымды да ешкімге сатқан емеспін» дейді.
Талантты суретші болса да, ешқашан тапсырыспен сурет салып көрмеген. Таныстардың, туыстардың өтінішімен бірнеше рет портреттерін салыпты, оған да бір тиын алмапты. Әлі де көп дүние жасағысы келеді. Тек денсаулығы мүмкіндік бермей отыр. «Әлсізбін, тез шаршап қаламын. Көзім де дұрыс көрмейді. Жасым 64-ке келді. Соңғы алты айда қатты жүдеп кеттім» дейді кейіпкеріміз.
Суретші ретінде салған суреттерінен Лисаковск қаласында арнайы көрме өткізген екен. Үлкен қалаларда сурет көрмесін өткізгісі келгенімен, мүмкіндігі жоқ. Суретшілер одағына да, Мүсіншілер одағына да мүше емес. Астанадағы Суретшілер одағына барғанымен, бірлесе жұмыс істейтін қауқары болмай тұр. Үйден жарты қадам аттап шыға алмайды. Жолдасының көмегімен ғана аулаға шығады. Ендігі тағдыры – Астанадағы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» дәрігерлері қолында. Үшінші ота жасала ма, жоқ па, әлі де белгісіз.
Төрехан ағаның ең үлкен арманы – аман-есен сауығып шықса, «Ахмет атам жүрген жолдармен жүріп өтсем» дейді.
P.S.
Қазақстан тарихының ең қайғылы беттері – ол жаппай ашаршылық пен қуғын-сүргін көрген жылдар. Зұлмат жылдардағы орасан зор шығын талайлардың жүрегіне жара салды. Жарияланбаған, әлі де құпия сақталған деректер өте көп. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен қиын уақытта туған қайда, ағайын қайда, бәрінен бейхабар кеткен жандар көп. Ата-бабасының кім екенінен хабарсыз қалғандар да жетерлік. Төрехан Сәдуұлының өкініші де осы. Жоғалтқанын тауып, өшкенін қайта жаңғыртқысы келеді.
Гүлзина БЕКТАС