Олар – енді ғана дипломға қол жеткізіп, еңбек нарығына жаңадан жолдама алған жастар. Бүгінде еліміздегі түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші артып келеді. Бұл мемлекеттік жұмыспен қамту саясаттың тиімділігі ме, әлде еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің жастарға басымдық беруінің нәтижесі ме?
Елімізде 2022 жылы ЖОО түлектерінің 79,5 пайызы жұмысқа орналасқан. «Атамекен» ҰКП мәліметтеріне сүйенсек, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға жоғары. Аймақтар арасында ең жоғары түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші Батыс Қазақстан облысына тиесілі – 86% , екінші орында Алматы облысы – 84%, үшінші орында Атырау облысы – 85%. Жұмыспен қамтудың ең төменгі деңгейі – 73%, Қызылорда және Түркістан облыстары бойынша анықталған. Алматы облысының түлектері алғашқы жылы орташа есеппен 196 769 теңге жалақы алса, Шымкент түлектерінің ең төменгі медианалық жалақысы 124 895 теңгені құрайды.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2023-2030 жылдары жалдамалы жұмысшыларға деген сұраныс 2 миллионға жуық адамға жетуі мүмкін деген болжам келтіреді. Мұның басты себептерінің бірі 2023 жылдан 2028 жылға дейін әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру тоқтатыла тұратыны дейді сарапшылар.
Маманға деген мұқтаждық қандай?
Бүгінде білім беру (395,6 мың адам), ауыл шаруашылығы (196,3 мың адам) және сауда (193,2 мың адам) салаларының мамандарына деген сұраныс жоғары деңгейде. Тізімнің көш басындағы білім беру саласының кадр жетіспеушілігі елдегі 2000-шы жылдардың басынан бері байқалып келе жатқан «бейби бумның» айқын көрінісі.
«Атамекен» ҰКП кадр қажеттілігі бойынша жүргізген сауалнамасында 51,2 мың кәсіпкерлік субъектісінде 134 051 жұмысшыға қажеттілік бары анықталған. Әсіресе, Алматы, Астана қалалары, сондай-ақ Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстарында кадр жетіспеушілігі айқын сезіледі.
Оның ішінде сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы – кадрларға өте мұқтаж салалар қатарында.
Сондай-ақ нарық тігінші, аспаз, күзетші, қолөнерші, автомеханик, бухгалтер, ауылшаруашылық өндірісінің тракторист-машинисі және сату менеджері секілді мамандарға мұқтаж.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мәліметтерінше, цифрландыру жағдайында көптеген ел секілді Қазақстан да білікті IT мамандарының жетіспеушілігіне тап болып отыр. Бүгінде 69,5 мың IT маманы қазақстандық кәсіпорындармен 84,1 мың электронды еңбек шартын бекіткен. Бұл әрбір бесінші қызметкер бір мезгілде бірнеше ұйымда жұмыс істейтінін білдіреді. Ал мұндай маманның орташа айлық жалақысы 516 мың теңгені, ал медианалық жалақысы 352 мың теңгені құрайды.
Түйіндеме – түлектің визит картасы
Көбіне жастар диплом алғаннан кейін бірден армандаған жұмысқа орналасамын деп ойлайды. Өйткені көп жағдайда жас маман қызметтік жолын компаниядағы төменгі лауазымдардан бастайды. Сізге шынымен жақсы жұмыс табу үшін кәсіби қабілеттілігіңізді дәлелдеуге және ысылуға тура келеді. Университет түлектері мамандығы бойынша теориялық және практикалық дайындықтан өткенімен, өмірлік тәжірибесінің жеткіліксіздігі кейде тұсау болады. Әсіресе, алғаш рет жұмыс іздей бастағанда, түйіндеме әзірлеу және сұхбаттасу жастарға оңай соқпауы мүмкін. Сондықтан жоғары оқу орындарының түлектеріне мансап жолын ойдағыдай бастауға көмектесетін кеңестермен бөлісуді жөн көрдік.
Түйіндемеге ерекше назар аударыңыз! Дұрыс емес немесе сапасыз жасалған түйіндеме беделді компанияға кіруге кедергі келтіреді. Өйткені бұл сізді болашақ жұмыс берушімен байланыстыратын алғашқы мүмкіндік. Бір күнде жұмыс беруші ондаған түйіндемені қарайды. Сондықтан түйіндемеңіз орфографиялық және стилистикалық тұрғыдан сауатты болғаны абзал және қажетті лауазымды бірден көрсеткен дұрыс. Фотосуретті де назардан тыс қалдырмаңыз.
Қазір жұмыс берушілер арасында түйіндемеге балама CV атты құжат танымал. Латын тілінен аударғанда Curriculum Vitaе (CV) «өмірлік бағыт» дегенді білдіреді. Оның түйіндемеден айырмашылығы, CV-де ақпарат толығырақ көрсетіледі. Мұнда сіз жетістіктеріңізді жай ғана тізіп қоймай, марапаттарыңыз бен құндылықтарыңыз туралы айта аласыз. Түйіндеменің ұзындығы – бір-екі бет, CV – екі, алты, тіпті он екі бетке дейін жетуі мүмкін.
CV әсіресе ғылыми сала қызметкері болуға ұмтылсаңыз көп көмегін тигізбек. Егер сіз университеттерге өтініш берсеңіз, міндетті түрде CV жазыңыз. Профессорлар сіздің қайда ғылыми мақалалар жарияладыңыз, не туралы жаздыңыз және сіздің ғылыми қызығушылықтарыңыз қандай екенін білгісі келеді.
Жұмыспен қамту тетігі тиімді ме?
Қазақстанда жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған барлық бағдарлама 2,5 жылдан астам уақыт қана жұмыс істейтінін айтады мамандар.
Бүгінде жастарды жұмыспен қамту мәселелері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясатын іске асыруда үлкен маңызға ие. Өйткені еңбек нарығындағы жастар халықтың осал тобы. Себебі олардың жұмыс тәжірибесі жоқ, мемлекеттік қолдау шараларынан хабарсыз және ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген немесе үй шаруашылығымен айналысатын біліктілігі төмен және бала тәрбиелеп отырған жас аналар.
Қазақстанда жастарды қолдау және «Жергілікті жерлерде» жұмыссыздықпен күресумен Халықты жұмыспен қамту орталықтары айналысады. Орталық еңбек делдалдығынан бастап микрокредиттер алу туралы кеңес беру, қоғамдық жұмыстарға жіберу, әлеуметтік жәрдемақыларды ресімдеуге дейін қызмет көрсетеді.
Анна Альшанская Қоғамдық саясат саласындағы жас зерттеушілер бағдарламасы аясында жүргізген талдауда «Мемлекет жүзеге асырып жатқан шараларға қарамастан жастарды жұмыспен қамтудың қолданыстағы тетіктері тиімсіз екенін көрсетті» деп қорытынды шығарған. Себебі көп жағдайда Халықты жұмыспен қамту орталықтары ұсынатын бос орындар спектріндегі мамандықтар саны шектеулі немесе жалақысы төмен. Жұмыс берушілер де тәжірибесі жоқ немесе ұзақ уақыт жұмыстан үзіліс алған жастарды еңбекке тартуға құлықсыз. «Электронды еңбек биржасын енгізу де проблеманың толыққанды шешімі деп көрсетуге жеткіліксіз. Бірақ халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік орталықтарынан бас тарту және міндеттерді жеке секторға ауыстыру жастардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттыру процесін одан әрі кешеуілдетуі ғажап емес. Сондықтан ХҚКО-ны одан әрі реформалау қазіргі ең тиімді шешім болуы мүмкін» деп қорытындылайды сарапшы.
Jefes жоспары
2001 жылғы қаржы дағдарысынан кейін Аргентинада іске қосылған Jefes жоспары жұмыспен қамтуға кепілдік беру негізінде жұмыс істеген болатын. Оның аясында жұмыссыз азаматтарға федералды қаржыландыру негізінде әртүрлі жұмыс орны ұсынылды. Бұл тәжірибе көптеген әйелге жұмыс табуға мүмкіндік берді, ал 2005 жылға қарай олар барлық жұмыспен қамтылғандардың 3/4 бөлігін құрады. Бұл әйелдерге ата-ана мен үй қызметшісінің рөлімен шектелмей, қоғам өмірінде өзін тәуелсіз сезінуге мүмкіндік берді.
Jefes бағдарламасы көптеген өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды рәсімдеуге көмектескенін де атап өткен абзал, өйткені Қазақстанда бұл барлық жұмыспен қамтылған жастың үштен бір бөлігін қамтиды. Jefes сонымен қатар мемлекеттік жұмыс орнынан жеке секторға ауысқан жұмысшылар үшін ең төменгі жалақы деңгейін белгіледі. Жеке фирмаларға жалданған жұмысшылардың 93%-ға жуығы мемлекет ұсынған жалақыдан жоғары жалақы ұсынды.
Аталмыш бағдарлама 2009 жылы тоқтатылды, бірақ ол шамамен 2 миллион адамға жұмысқа орналасуға мүмкіндік берген болатын. Нәтижесінде, елдегі жұмыссыздық деңгейін 2,5%-ға төмендетті. Сонымен қатар экономистер бағдарлама болмаған жағдайда адамдардың 26%-ы жұмыссыз қалатынын анықтады.
Аргентина проблемаларымен сәйкес Қазақстанның қазіргі ахуалын ескерсек, аталмыш тәжірибе жағдайды айтарлықтай жақсарта алар еді. Ол жастарды ғана емес, азаматтардың барлық тобын жұмыспен қамтуға, сонымен бірге жалпы адамдардың жалақысы мен әлеуметтік қорғалуын арттыруға көмектесе алар еді.
Кәмила ЕРКІН