«Алаштың намысын сақтаймыз,
Отанды жат жұртқа сатпаймыз», – деп жалаулатқан Алаштың атпал азаматы Біләл Сүлеевтің туғанына биыл 130 жыл толады. Өкінішке қарай, жаппай қуғын-сүргіннің нағыз қызған шағы 1937 жылы өзімен замандас басқа да қазақ зиялыларымен бірге жазықсыз жазалаудың құрбаны болған тарихи тұлғаны Жетісу жерінде іздеу-сұрау салып жатқан, елі мен жерінің ертеңі үшін еңіреп өткен азаматтың атын әспеттейік, 130 жылдығын жұрт жадында қалатындай қылып атап өтейік дейтіндер қатары сирек болып тұр. Аудан, облыс басшылығы тарапынан да беделді сұраушы табылмайтын сыңайлы. Жалпы Жетісу облысындағы мәдениет саласына жауаптылардың жауапсыздығы, өткенді жете білмейтіндігіне бірнеше мәрте куә болған едік. Осыдан бірер жыл бұрын жазушы Сайын Мұратбековтың 85 жылдығын атап өтуге қатысты түсінбестіктер туындағанда, сол кездегі Алматы облысы мәдениетіне жетекшілік етіп отырғандардың аузынан «ол кім еді?» дегенді естігенбіз, жағамызды ұстағанбыз. Одан кейін облыс екіге бөлінді. Басшылар ауысты. Соған қарағанда, руханият саласындағылардың Біләл Сүлеевті жете білмейтіндігіне таң қалудың да қажеті шамалы деп ойлайсың.
Жетісу өңірінің ғана емес, қалың қазақтың өткенінен ойып тұрып орын алатын Біләл Сүлеевтің атында Талдықорғанның жанындағы Еркін деген ауылда кішкене ғана шолақ көше бар. Бұдан басқа облыста, елімізде, оның ішінде туған жері Ақсу ауданында мемлекет және қоғам қайраткері атында бірде-бір көше немесе мектеп, кітапхана, мекеме жоқ. Еркіндегі көшеге 1997 жылы 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, тағзым ету күні болып алғаш белгілеген кезде өлкетанушы Жемісбек Толымбеков пен сол жылдары облыс орталығындағы Ілияс Жансүгіров мұражайын басқарған Кәмила Қоқымова шапқылап жүріп, Біләл Сүлеевтің атын қойғызған еді. Кейін 2015 жылы осы қысқа көшеден де айырылып қала жаздағанымыз тағы бар. Жергілікті пысықайлар «Біләл Сүлеев деген кім?» дегенді қоздатып, көшені басқалай атауға тырысқан. Оларды қалалық әкімдік қолдап, ақырында Сүлеевтің іздеушілері жеңіп шыққаны есте қалыпты. Бірақ атқарушы билік тарапынан сол салғырттық пен мұрынның астындағыдан басқаны көрмеу әлі күнге жалғасып келе жатқандай.
Енді өлкетанушы Жемісбек Толымбековтың біздің бүгінгі кейіпкер туралы жиған-тергеніне кезек берейік. 1893 жылы Қопалдағы Баянжүрек тауында туған Біләл Сүлеев (1893-1937 ж.ж.) – ағартушы, педагог, методист, драматург, журналист, ақын, сатирик, юморист, фельетоншы. Қазақ әдебиетіндегі фельетон жанрының негізін қалаған. Оның «Картаға салынған қатын (пьеса)», «Қайтсең көсем боласың? (сатира)», «Қабанбай мен Сазамбай» (өлең), «Жұт жеті ағайынды (өлең)», «Қазақ мұғалімі» (өлең), «Қыз бен жігіт» айтысы, «Қазақтың 24 бас алқа дыбысы (сатира)», «Жолың болсын материал!» сияқты туындылары газет, журналдарға жарияланған. Әкесі Сүлей Майлин 1860 жылы Алматы облысы, Бүйен-Ақсу ауданы, 11 ауылда өмірге келген. Сол кезге лайық бастауыш білімі болған, соған қарамастан Кеңес дәуірінде колхозда мал баққан. 1927 жыл 1 қаңтардағы санақ тізімінің отырықшы елді мекендер құжатында: «Талдықорған уезі, Жетісу губерниясы, Қопал болысы, ІV – ауыл/советі, ауыл атауы – Сүлей. Шаруашылық саны – 5, орналасқан жері – Сарелітөбе», – деп жазылған. Сүлей Майлинді 1930 жылы 10 қазанда Бүйен-Ақсу ауданы ОГПУ бөлімі тұтқындап, ПП ОГПУ үштігі сол жылы 30 желтоқсанда 3 (үш) жылға жер аударған. 1990 жылы 30 сәуірде ақталған.
Біләл Сүлеев Қарағаштағы «Мамания» мектебін үздік бітіріп, Есенқұл Мамановтың көмегімен Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқиды. Орынбордағы Мұғалімдер семинариясында білім алады. Осында оқи жүріп, Орынборда шығатын «Қазақ» газетінде қызмет істейді. Сол кездегі көзі қарақтылар арасында беделді болған, татар тілінде шыққан «Садақ» қолжазба журналына, «Шура» журналы мен «Уақыт» газетінде ғылыми-танымдық мақалалар жазып тұрған. 1917-1918 жылдары Қопал мектебінде мұғалім, оқу ісін басқарушы қызметін атқарады. Осында жүріп кейіннен қазақтың үш бірдей тұлғасына жар болып, өнегелі ұрпақ қалдырған Фатима Ғабитовамен кездесіп, екеуі 1919 жылы отау құрады. Ел ішінде екеуінің жарасымдылығына қызыққан жұрт оларды «Қос қарлығаш» деп атаған.
«Жаным сүйген жарым бол» деп,
Ғашықтығын ол білгізді.
Қыз да мұны сынап бақты,
Жігіт те оған шыдап бақты.
Ақырында қол ұстасып,
«Қос қарлығаш» қанат қақты.
Кездестірген екі жасты,
Қопал, сенің жолың жақсы.
Мың тоғыз жүз он тоғызда,
Отау тікті басын қосты», – деген өлең жолдары сақталған.
Екеуі үш бала көреді. Жәнібек, Азат, Фарида (Пәку). Пәку 12-13 жасында Ақтөбеде қайтыс болады. Жәнібегі Ұлы Отан соғысында шейіт кеткен. Түлкібек Құрақбаев өзінің «Фатима» поэмасында:
«Ең үлкені – Жәнібек,
Он бестегі бозбала.
Азат – биыл сегізде,
Біләлдан қалған қос бала», – деп жазады. Азат Сүлеевті қазақ елінің зиялылары жақсы біледі.
1918 жылы Жетісу облысы қазақтарының ІІ-ші Алашорда облыстық съезі өтеді. Облыстық Алашорда құрамы 8 адамнан тұрған. Ақсу ауылы, Қопал уезінен № 6 болып семинарист, мұғалім Біләл Сүлеев сайланады. Дербес «Алаш» атты отрядын құруға қатысқан. 1920 жылы Ақсу өлкесін басып алған ақтардың бір полк әскерін үгіттеп, Қызылағашқа алып кетеді және сол аралықта қазақтарды Бөрілі мен Балқаш құмдарына қашырып, аман алып қалады. Сол жылы Талдыда «Садыр-Матай» қорын құрып, елді аштықтан құтқаруға ат салысқан. Алғаш рет әрбір ауылда екі жылдық бастауыш мектеп, аудан орталықтарында төрт жылдық мектеп, облыс орталықтарында жеті жылдық мектептер аштыртуға ықпал етіп, қазақ жастарының білім алуына жол ашады. 1921 жылдың қазан айында Алматы қаласында Жетісудағы қазақ-қырғыз ұл-қыз балаларына арнап үш жылдық педагогика мектебін аштырып, жатақхана, киім-кешек, үш мезгіл тамақты қазынадан бөлдіртеді.
1920-1921 жылдары Жетісу облысының халық ағартуының басшысы болған. Әбубәкір Диваев экспедициясына халық ауыз әдебиетін жинауға көмектескен. 1923 жылы Жетісу білім басқармасының саяси бөлімін басқара отырып, облыстық білім тексеру инспекторы қызметін қоса атқарады. Босқындарды игеру мен орналастыру облыстық комиссиясының құрамына енеді. 1924 жылы НарКомПрос білім басқармасының Жетісу облысы бойынша инспекторы, «Қосшы» ұйымының мүшесі, 1925 жылы Жетісу губерниясының білім басқармасының инспекторы болып, Жетісу губерниясының партия ұйымын басқарады.
1926 жылы наурызда Баку қаласында І-ші Түркологтар съезі өтеді. Қазақ Автономиялық Республикасының атынан Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Қазақ театрының жетекшісі А. Байсенов, Қаз АССР НарКомПрос коллегиясының мүшесі Біләл Сүлеев сол съезге делегат ретінде қатысқан. Съезде араб немесе латын әліпбиіне көшуге қатысты талас туындайды. Жеті дауысқа қарсы 101 дауыспен латын әліпбиін жақтағандар жеңеді. Түркологтар жиыны туралы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында түсірілген 8 минуттық фильмді 2022 жылы
А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының қызметкерлері Ермұхамбет Маралбек (директор орынбасары) пен ономастика бөлімінің кіші қызметкері Жерекен Сейтбақты тапқан. «О переводе казахского алфавита на латиницу в 20–30 гг. ХХ века» деген материал 1927 жылы 24 ақпанда «Советская степь» газетінде де басылыпты.
Біләл Сүлеев 1926-1928 жылдары Жетісу губерниясының халыққа білім беру басқармасына басшылық еткен. 1927 жылы Жетісу губерниясының 5 съезінде Біләл Сүлеев, Мұхамеджан Тынышбаев, Шамай Шынасылов Жетісу губерниясы атқару комитетінің құрамына мүше болады. Сол жылдары Ташкенттегі жерлестер қазақ ұйымының ұйымдастыру бюросына да жетекшілік жасаған. 1928 жылы Жетісу губерниясы бойынша қазаққа латын әліпбиін енгізу президиумына мүшелікке сайланады және Алматы округінің білім басқармасын басқарады.
Ілияс Жансүгіровтың «Балдырған» қолжазбасын қазақ-қырғыз білім комиссиясына ұсынып, оқушыларға оқулық кітап ретінде жобаға енгізіп, Ташкент қаласындағы қазақ-қырғыз институтының қолдауымен баспадан шығартады. «Қазақ ұл-қыздарын қараңғылықтан құтқару қолдарыңнан келеді», – деп Халел Досмұхамедовке «Жануарлар», Кәрім Жәленовке «Физика», «Есеп құралы», Иемберген Табынбаевқа «Педагогика», «Психология», Файзулла Ғылымжановқа «Есеп амалдары», Сұлтанбек Қожановқа «Арифметика» оқулықтарын жазуға тапсырыс беріп, олардың еңбектерін баспадан шығартады. Қазақстанда ең алғашқы болып кәсіптік білім жүйесін өркендетуге қозғау салған. Ақсу ауданында Қарағаштағы мектеп іргесіне жетімдерді жан-жақтан жинатып, кәсіптік мектеп аштырған. Ақтөбеде облыстық білім басқармасының меңгерушісі болған. НарКомПростың Қазақстан бойынша жоғарғы оқу орындарын ұйымдастыруға да белсене қатысқан. Орынбордағы мұғалімдер институтын Оралға, Ташкенттегі мұғалімдер институтын Семейге көшіруге атсалысқан. Өзі сол институттарда ректор міндетін атқарады.
Түлкібек Құрақбаев «Фатима» поэмасында Біләл Сүлеевтің қысқа ғана ғұмырында елі үшін атқарып кеткен ұшан-теңіз еңбегін төмендегіше толғайды:
«1930 жылдары, әсіресе, Біләлдің,
Ұшатынын жел біліп, қонатынын сай біліп.
Сая таппай, сай таппай,
орнығуға жай таппай,
Құйын қуған қаңбақтай,
мынау байтақ даланы.
Ақтөбеден – Орынбор,
Орынбордан – Оралды,
Орал асып Тәшкенді, Тәшкен өтіп Семейді,
Кезіп жүрген кез еді, көшпендінің өзі еді.
Ақыр келіп Семейге, орныққаны сол еді.
НКВД-ді келді де, ұстап алып жөнеді», – деп сипаттайды.
1931 жылдың 27 наурызынан 1932 жылдың 20 сәуіріне дейін Біләл Сүлеев Алматыдағы НКВД-ды түрмесінде отырады. «Айыбы жоқ» деп ақталып шығады. Одан қазақ даласынан пана таппай, Мәскеуге кетіп, өндірісте мәдени-ағарту саласында қызмет істейді. 1934 жылы Мәскеуден Қарақалпақ НарКомПросының жоғарғы оқу орындарын басқаруға жіберіледі. Ақыры аңдыған жау алмай қоймайды. 1937 жылы НКВД үштігі қамауға алып, Өзбек ССР бойынша НКВД-ның «Сталин тізіміне» енгізіп, бірінші категориямен соттап, ату жазасына кеседі. Қаз ССР жоғарғы соты оны 28.02.1958 жылы ғана ақтады.
Мақаланы жазу барысында Жетісу өңірі үшін ғана емес, барша қазақтың болашағы жарқын, тұрмысы бақуатты болуы жолында басын бәйгеге тігіп, небәрі 44 жасында жала мен жаппай жазалаудың құрбаны болған тарихи тұлғаның есімі қаншалықты еленгені жайлы облыстық тілдерді дамыту, мәдениет басқармаларына хабарласқан едік. Тілдерді дамыту басқармасындағылардың мәлімдеуінше, дәл қазіргі кезде Біләл Сүлеевке біз жоғарыда айтқан, Еркін ауылындағы шолақ көшеден басқа ештеңе бұйырмапты. Бірде-бір мектеп немесе кітапхана, мекемеге есімін беру жайлы ауданды қоса алғанда, ешбір жерден ешқандай ұсыныс түспепті. Соған қарағанда, басқаны айтпағанда, Ақсу ауданындағылар Біләл Сүлеевтің есімін мүлде ұмытқан сыңайлы немесе ол жақта өткенді өнеге тұтатындар қалмаған.
Мәдениет басқармасы біздің сұрауымызға биылға белгіленген салақұлаш тізім жіберді. Оның ішінде атқарылғандарымен бірге, алдағы кезге жоспарланғандары да бар. Бірақ соның ішінде дәл қазіргі кезде Жетісу өңірінің бас қаласы, облыс орталығы, мәдениеті мен әдебиетінің, руханиятының ордасы Талдықорған қаласында өтетін, елді елең еткізетін, республикадағы зиялы қауымды жинайтын жиын жоқ десек артық айтқандық бола қоймас.
Биылғы ақпан-шілде айларында Жетісу облыстық мемлекеттік архивінде 31мамыр «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орай өткен «Жетісудағы қызыл қырғын құрбандары» атты дөңгелек үстелде М. Тынышбайұлы атындағы Жетісу облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Алаш қайраткері – Б.Сүлеевтің өмірі мен қызметі жайлы баяндама жасап, сол күні Алаш қайраткері Біләл Сүлейұлының туғанына 130 жыл толуына орай тақырыптық экскурсия ұйымдастырылыпты. С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен «Ақиқатқа айналған ата-баба арманы» атты тарихи танымдық кеште М.Тынышбаев пен Б.Сүлеевтің өмірі мен қызметіне арналған көрме безендірілген. І.Жансүгіров атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Ақсулық алаш қайраткері» атты тақырыпта дәріс оқылған. І.Жансүгіров атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Жетісулық ағартушы Біләл Сүлейұлы» атты тақырыпта өмірбаяны мен еңбек жолына арналған тақырыптық экскурсия өткен.
Облыстағы кітапханалар алдағы айларға бірқатар шаралар жоспарлап отырған көрінеді. Соның ішінде іліп алары қыркүйекте Ақсу аудандық кітапханасында ұйымдастырылатын «Ұлт мұратын ұлықтаған тұлға» атты облыстық конференция. Тағы бірнеше аудандық кітапханада кішігірім шаралар өткізілмек. Қалай болғанда да, Алаш арысының бұл жолғы мерейтойының да аудандық деңгейден аспайтыны қынжылтады. Қысқа ғұмырында елі үшін ерінбей еңбек еткен, басын қатерге тіккен Алаштың атпал азаматы Біләл Сүлеевтің есімінің мүлде елеусіз қалуы, ел көлемін айтпағанда туған жері Жетісу өңірінде лайықты ескерілмеуі бүкіл қазаққа сын десек, артық айтқандық бола қоймас. Бұған дейін де елі үшін еткен еңбегі дұрыс бағаланбаған Алаш арысының туғанына 130 жыл толып отырғанда, есімін жарқыратып, жұртқа таныстырар қадамдар болмай тұрғаны бүкіл Жетісу жұртшылығын, оның ішінде Ақсу ауданының азаматтарын ойландыруға тиісті. Аты ауданнан аспағандарға, облыстан оза шаппағандарға беріліп жатқан көбедей көп көшелердің бірін Біләл Сүлеевтің есімімен атасақ, мектептер мен кітапханаларға, мәдениет үйлеріне берсек, қалың қазақ «неге бұлай істедіңдер?» дей қоймасы анық.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы