2 000-ға жуық мектепте спортзал жоқ
2 000-ға жуық мектепте спортзал жоқ
264
оқылды
Кейінгі кездері елімізде спорт­тық нысандардың жетіспеу­шілігі өзекті мәселеге айналды. Соның ішін­де стадион мәселесі қанша рет көтерілсе де шешімін таппай ке­леді. Оны қойшы, тіпті стадион тұр­­мақ кейбір мектептердегі спорт­­­зал­дардың жағдайы мәз емес. Жуырда өткен Үкімет сағатында бұ­қаралық спортты тежеп тұрған түйт­­кілдер 3 сағат бойы талқыланды. Зерт­­теулерге сүйенсек, Қазақстан аза­­­маттары саламатты өмір салтын ұста­нуға құлықсыз. Мұны жағдайдың тиісті дең­гейде жасалмай отырғанынан деп топ­шыладық. Бізге іс пен сөздің арасындағы ал­шақ­тықты жоятын уақыт әлдеқашан келді. Әншейінде Еуропа елдеріне елік­теп, олардың тың тәжірибесін рефор­малауға асығамыз. Дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқанымыз да рас. Алайда әлі күнге дейін кейбір өңірлерде спортзал жоқ мектептерде оқушылардың білім алып жатқанын ойламаймыз. Өкініштісі,  бүгінгі таңда еліміздегі 1 970 мектепте спортзал жоқ. Бұл туралы Үкімет сағатында Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райым­құ­лова айтты.
– Бұл жағдай спорт секцияларының жұмысы мен жастардың спорт клуб­та­рын құруды бұлай тұрсын, денешы­­нықтыру пәні бойынша міндетті са­б­ақ­тарды толық өткізуге мүмкіндік бер­мейді. Сондықтан да бүгінгі таң­да мектептен тыс спорттық іс-шара­лар­ды кеңейту, қосымша білім беру мұға­лімдерін тарту, мектептің спорт күн­тіз­бесін қалыптастыру бойынша әлі де жұмыстар жүргізу қажет, – деді министр.
Ол, сондай-ақ өңірлер ұсынған ста­тист­икалық мәліметтерге сәйкес мектеп оқушыларының ішінде 1 млн 365 мың бала денешынықтыру және спорт­пен шұғылданатынын, Білім және ғылым министрлігінің деректері бо­йынша 2019 жылы 5 428 мектеп спортзалымен қамтамасыз етілгенін мә­лім­деді. Тағы бір айта кетерлігі, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында, сон­дай-ақ Атырау, Қызылорда, Маң­ғыс­тау облыстарында мектептерді спорт­зал­дар­мен қамтамасыз етудің ең жоғары деңгейі байқалған. Жалпы, Қазақстандағы денешы­нық­тыру пәнінің бағдарламалары дала­дағы бейімделген алаңдарда өтетін сабақтардан бөлек, гимнастика, ак­­ро­­ба­­тика, волейбол, баскетбол, же­ңіл атлетика сияқты спорт түрлерін қамтиды, арнайы жабдықталған спорт­зал болуын талап етеді. Ал Білім за­ңына сәйкес бекітілген жүйеде Қазақстан балаларының білім алуы міндеттелген болса, оның ішінде денешынықтыру сабағы нақты көрсетілген. Соның не­гізінде мектептерде спортзалдар мен белгілі бір ауладағы алаңдардың болуы міндетті. Бұл орайда спортзалы жоқ мектеп­тер­ден күрмеулі мәселенің себебін сұрай қалсаң, көпшілігі қаржының һәм мектептің бастапқы кездегі құры­лы­сының дұрыс болмауын, мектеп оқушыларының саны стандартқа сай емес екенін айтып сылтауратады. Мұн­дай жайсыз мәселелер тез ара­да ба­қы­лауға алынып, шешімін табуы ке­рек. Өйткені мектептердегі спорт­зал­дың жоқтығы ата-аналарды да алаңдатып отыр. Баласының денешынықтыру сабағында спортпен шұғылданбай отыр­ғаны кімге ұнай қояр дейсің?!
– Қаражаттың жеткіліксіздігінен ауылдық жерлерде спортқа деген көз­қа­рас төмендеп кеткен. Кейбір шалғай ауылдардағы мектептердің спортзалда­ры­ның жағдайынан адам ұялады. Осы мәселені мықтап қолға алғанымыз жөн. Ауылда, ауданда спортты дамытпай елімізде жақсы спортшылар шығады дегенге сену қиын. Қаражат жеткіліксіз болғандықтан, спортқа мүлдем көңіл бөлінбейді. Сол себепті жыл сайын ауыл­да, ауданда спортты дамытуға рес­­пуб­ликалық бюджеттен қаражат бөлінуі керек, – дейді спорт журналисі Қуанышхан Өмірхан.
Елбасы Н.Назарбаев «қазақстан­дық­тардың бұқаралық спортпен қамты­луын 30 пайызға жеткізу керек» деген межені белгілеп, тиісті орындарға тап­сырма берді. Ал бұқаралық спорт­ты да­мытамыз десек алдымен мек­теп­тер­де­гі спортзал мәселесін дұрыс жолға қойғанымыз жөн. Өйткені спортзалдың оқушылар үшін алар орны ерекше. Спортзалы жоқ білім ордаларындағы балалар бұқаралық спортқа бет бұрады деуге сену қиын. Бала спортпен мектеп қабырғасынан бастап шұғылданбаса, алдағы уақытта өзіне зиянды іспен ай­налысып кетуі әбден мүмкін. Сон­­­дықтан мектептердегі спортзал мәсе­лесін күн тәртібіне қоятын уақыт жетті!   Абылайхан ЖҰМАШ