Төсбелгінің сатылатынын Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова да білмейтіні айтылды.
Айгүл Болатханқызы мән-жайды былай деп баяндады:
"Өткенде әнші Сұлушаш Нұрмағамбетова апай хабарласты. Әңгіме – Б.Момышұлы атындағы “Батыр шапағаты” төсбелгісі жайлы. Апайды осы марапатқа ұсынғысы келетінін айтып, хабарлама жіберген қыз тақылдап тұр.
– Бізде осы төсбелгіні сіздің атыңызға тіркеу құны, яғни, взносы – негізі, 150 мың теңге, осы айда 100 мың теңге болып жатыр. Төлем төлегеннен кейін ешқандай конкурс, яғни, жарыс болмайды. Төсбелгінің иегері атанасыз. 26 тамыз күні марапаттау кеші болады. Сол кеште төсбелгіні сізге тағатын боламыз, деген.
– Мен ешқашан марапатты сатып алған емеспін, рақмет. Ол сендер үшін бизнес екен. Атаның атын сатқан ұят емес пе? Содан кейін ел айтады ақшасын төлесең, бәріне бере береді деп. Зейнеп әкпем білмейтін шығар, – деп жауап беріпті әлгі тақылдаған қызға Сұлушаш апай.
Осы тұста Айгүл Болатханқызы Зейнеп Ахметоваға хабарласып, мән-жайды айтқан.
"Кешкісін Зейнеп апаммен сөйлестім. Қайын атасының атында екі – “Намыс” пен “Батыр шапағаты” төсбелгі бар екенін білгенімен оның жарнасы барын және ол 150 000 теңге екенін, осы жолы жеңілдікпен 100 000 теңгеге түскенінен мүлде хабарсыз. “Сұмдық-ай! Білмейді екем”, – деп таңғалды дейді.
– Сонымен әлгі тақылдақтан ыңғайсыз болса да, 150 мың, ой, жарайды, 100 мың теңгенің қайда кететінін сұрадым бетім бүлк етпей. “Сонда бұл ақшадан Момышұлы отбасына пайдасы бар ма?”. Үн жоқ. Есесіне, кештің "жоғары деңгейде" өтетінін айтты.
Әнші апам бұ марапатты сатып алмайды, сенем! Ал, сатып алатындар… Қазақтың жартысы–- қылқынып араб боп жүр, жартысы – осылай марапаттың соңында. Жартысы – анадан да асып түсем деп той жасап… Нәтижесінде тек ортадағы делдалдардың дәурені жүріп-ақ тұр бәрінен! “Есектің артын жусаң да…” дегенді тура мағынасында түсініп ақша жасап жүр ол пысықтар", – деп жазды.