Түркиялық Femas Metal Sanayi ve Ticaret A.S. компаниясы Қарасай ауданының аумағында газ және электр плиталарын шығаратын жаңа кәсіпорын ашуға құлшыныс танытып отыр. Жұма күні Алматы қаласына арнайы барған облыс әкімі Амандық Баталов облыстық әкімдіктің осындағы өкілдігінде түркиялық инвесторлармен кездесіп, осы мәселе төңірегінде кеңесті. Femas Metal Sanayi ve Ticaret A.S. компаниясының бас директоры Юсуп Үгеннің айтуына қарағанда, компанияға тиесілі өндірістік нысандардың алтауы Қайсері, тағы біреуі Стамбұлда орналасқан. Кәсіпорындарда 1700-дей адам жұмыс істейді екен. Түркиядағы газ және электрлі тұрмыстық техника шығаруда көшбасшылар санатындағы, 40 жылдан астам тарихы бар компанияның өнімдері 6 құрлықтың 130 елінде пайдаланылады. Бүгінде өнімдерімен алыс-жақын шетелдерге де кеңінен танылған кәсіпорын алдағы кезде Қазақстанда да осындай өндіріс орнын ашып, өнімдерін қазақстандықтарға ұсынуды көздеп отырған көрінеді. Егер ойға алғандары орындалса, қазақстандық тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан сияқты елдерге өнімдерін экспорттамақ. Облыс басшысы қазіргі кезде өңірде бірқатар түрік инвесторы табысты жұмыс істеп жатқанын айта келе, жаңа жобаға да қолдау көрсетілетінін білдірді.
– Өздеріңіз білетіндей, елімізде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына аса мән беріліп отыр. Облыста елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету қарқынды жүріп жатыр. Өңірді газдандыруда биыл көрсеткішті 50%-ға жеткіземіз. Көгілдір отынды әрбір үйге жеткізгенде, сіздер шығаратын газ плиталарға сұраныс та барынша артады. Сондықтан Қазақстанда, соның ішінде Алматы облысында осындай кәсіпорын ашу туралы қадамға біз әрқашан қолдау көрсетеміз, – деді А.Баталов.Қарасайда салынатын газ және электр плиталары зауыты жобасының құны 2 млрд теңге деп жоспарланған. Биыл күзде іске қосылады деп белгіленген кәсіпорында шамамен 500-дей жұмыс орны болады. Болат АБАҒАН, Алматы облысы