Қалада қоғамдық көлікті пайдаланушылар саны күніне 1,4 миллионды құрайды. Олардың 97 пайызы жол ақысын «Оңай» карта, QR немесе SMS арқылы төлейтінін ескерсек, өсім 20 теңгеге артқан. Осы тұста, айта кететін маңызды жайт, елімізде тариф құнының мөлшері соңғы рет 2012 жылы белгіленген. 11 жыл бұрын дизель отынының құны 90 теңге болса, қазір 295 теңгені (+328%) құраған. Ал газ құны сол кезеңде 33 теңгеден бүгінге дейін 108 теңгеге (+327%) өскен. Алайда мұндай өсу статистикасына қарамастан тариф бағасында өзгерістер болмаған. Тиісінше, бұл тасымалдаушылардың шығынын арттыра түскен. Қала әкімдігі мамандарының сөзінше, әлеуметтік маңызы бар қалалық автобус маршруттарын субсидиялауға қаражат бөлінеді. Осы уақыт ішінде қоғамдық көлікте жолақысы мемлекеттік субсидиялар есебінен қолдау тапқан. Оларсыз жолақы бағасы биылғы тарифтерді есептеу әдістемесіне сәйкес 425 теңгені құрауы мүмкін еді.
Тариф құнының өзгермеуі жұмыс сапасына да әсер етпей қоймаған. Мысалы, 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін субсидиялар көлемі 13,8 есе, яғни 6,9 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін өскен. Биыл субсидиялаудың болжамды көлемі жаңа тариф құнына байланысты 85,5 млрд теңгеге жеткен. Қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин жаңадан бекітілген баға тасымалдаушылардың шығынын өтей алмайтынын айтады.
– Себебі жол жүрудің нақты құны бекітілгеннен 3 есе қымбат. Осыған байланысты әкімдік ай сайын тасымалдаушылардың шығынын субсидия түрінде жауып келеді. 2020-2022 жылдары төленген субсидия сомасы 115,8 млрд теңгені құрайды. Инфляцияның, жанармай бағасының өсуі мен қосалқы бөлшектердің шығынын ескере отырып, төленетін субсидиялар сомасы жыл сайын 10 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғаяды, – дейді әкім орынбасары.
Қала әкімдігінің қызметкерлері жаңадан бекітілген тариф құны субсидия мөлшерін 10 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік беретінін айтады. Бұл қаражатты өзге де әлеуметтік маңызы бар жобаларға қайта бөлуге болатын көрінеді. Сондай-ақ әкімдік берген ресми ақпаратқа жүгінсек, әрбір автобустың қозғалысын бақылауға, талаптар бойынша есеп жүргізуге көмектесетін арнайы жүйелер енгізілген.
– Жүйенің нәтижесінде Алматы агломерациясы аясында көлікті цифрландыру және жолаушылардың көші-қонын анықтау мүмкін болды. Жыл сайын тасымалдаушылар жаңа жылжымалы бірліктерді сатып алады. Олар соңғы жылдары бірнеше рет қымбаттады. Ағымдағы жылы коммуналдық автопарк 600 автобус пен 100 троллейбусқа келісімшарт жасасты, – дейді әкімдік өкілдері.
Айта кетейік, жолақы өскенімен, қызметті тегін пайдалану мүмкіндігіне ие жолаушылар үшін жеңілдік баяғы қалпында сақталған.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы