Автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяда автобус жүргізушісіне пышақпен тап берген қазақ­стандық әйелге қатысты мәлімдеме жасады.

Әлеуметтік желіде Сеулде Қазақстан азаматы автобус жүргізушісіне пышақпен шабуыл жасағаны хабарланған еді.

«Жақында Сеулден біздің азаматымыз жергілікті тұрғынға шабуыл жасады деген ақпарат алдық. Мәселенің мән-жайын анықтадық. Ол әйелдің ұлты кәріс, күйеуі екеуі Кореяда ұзақ жылдар бойы тұрып келеді. Оған этникалық виза берген және бизнеспен ай­налысқан. 2020 жылдан бері арнайы ауруханада стационарлық ем алып келген. Оқиға болғанда да дәрілік препарат ықпалында болуы мүмкін», – деді Айбек Смадияров министрліктің апталық бри­фингінде.

Ресми өкілдің айтуынша, жақында Қазақстан консулы әйелдің жағдайын білуге барады. Мәселе толық бақылауға алынған.