Биыл өңірде облыс әкімінің тікелей қолдауымен алғаш рет «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына байқау жарияланған еді. Гранттан үміткерлерден мәдениет, ғылым, бизнес, медиа және ІТ салалары бойынша 100-ге жуық жоба қабылданып, солардың ішінде жүргізілген қатаң іріктеуден соң топ жарған 10 жоба қолдау тапты. Халықаралық жастар күні қарсаңында жеңімпаздарға грант тапсырылды.
Грант иегерлерінің әрқайсысына өздерінің қолдау тапқан жобаларын сәтті жүзеге асырулары үшін 3 млн теңгеден берілді. 100 үміткердің ішінен оза шапқан, он таңдаулының қатарында болған, «Ғылым» бағыты бойынша «Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын нығайту және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу» жобасын ұсынған Жансерік Байденов суицидтік әрекетке бейім, өмірлік қиын жағдайға тап болған, сәтсіз отбасында өскен 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын нығайту мен суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша кешенді зерттеу жүргізбекке ниетті екен. Жасырары жоқ, қазіргі қоғамда аса өзекті әрі өткір болып тұрған қоғамдық, әлеуметтік проблеманың шешімін табуға талпынған Жансеріктің жобасы жүзеге асса, жасөспірімдердің өзіне-өзі қол салуына байланысты талай жамандықтың жолы кесілер еді. Сондықтан жастарымыздың осындай бүкіл қоғамды алаңдатып отырған мәселені шешуге талпынған қадамын құптаудың дұрыстығын жоққа шығара алмаймыз. Ал оның замандасы Салтанат Жақсылықова Үштөбе қаласында аудандық кітапхананың жанынан заманауи құралдармен жабдықталған коворкинг орталығын ашуды ойға алыпты. Ол бұл орталықты жастарды кітап оқуға тартатын, сонымен қатар түрлі семинарлар, дәрістер, тренингтер өткізуге болатын білім ордасына айналдырмақ. Балалар мен жастар әлеуметтік желілердің жетегінде кетіп, интернетке тәуелділікке ұшыраған қазіргі кезде оларды кітап оқуға баулу, білімді, ғылымды игеруге құштарлығын арттырудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті.
Ақпараттық технология бойынша «Галографиялық 3D вентилятор» жобасымен грант ұтқан Жалғас Манархан өз бастамасы жайлы: «Галографиялық 3D вентилятор дегеніміз – үш өлшемді кескін проекциясын ауада «қалқытып» тұратын технологиялық әзірлеме. Жоба Жетісу облысы көлемінде инновациялық жарнамалық қызметтерді ұсынуды мақсат етеді. Жобаны қолдану аясы кең. Вентиляторларды метро, әуежай, сауда орталықтарында, автосалондарда, бутиктерде, қонақүйлерде және басқа да халық көп шоғырланған аймақтарда пайдалануға болады. Бұл тек ақпараттық дисплей ғана емес, B2B сегментіне арналған жарнамалық құрал», – дейді.
Сондай-ақ медиа саласында Атамұра Мұсаханов «Қасқыр ұлыған түнде» қысқаметражды фильмін түсіруді қолға алса, Диас Наби мобилографиялық қызметтер ұсынбақ. Бұдан өзге де грант ұтқан қызықты жобаларды жетісулық жастар бір жыл көлемінде жүзеге асырмақ.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы