Ведомство мамандары осының арқасында ну ормандай бытысқан бюрократия, бұқара мен бизнестің алдынан алты қабат арқан болып керілген түрлі кедергі, деректер базаларын жайлаған қайшылықтар және басқа да кедергілер тарих қойнауына кетеді деп айтады. Бұған әзірге сену қиын. Себебі елімізде қаптатып құрылған жобалық кеңселер көп нәтиже әкелмеді. Онда жаңа жүйе не бермек?
Негізі, жобалық басқару дамыған елдердің озық үлгісі, тиімді тәсілі саналады. Оны жарға жығып отырған – қырсыз шенеуніктер.
Қазақстан билігін жобалық басқаруға толық ауыстыру аясында таяуда, 2023 жылғы 10 шілдеде Президент Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Астана хабы мемлекеттік басқару жүйесін дамыту мәселелері бойынша сараптамалық тұрғыда маңызды қолдау көрсетуі керек екенін еске салды. Оның айтуынша, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, билік өкілеттіктерін орталықсыздандыру және мемлекеттік органдар қызметіне жобалық әдісті белсенді енгізу арқылы әкімшілік реформаны тиімді жүзеге асыру маңызды.
Әлихан Байменовтың пікірінше, жобалық басқару – менеджменттегі тиімділікті арттыруға ықпал ететін бірегей тәсілдердің бірі. Оның елімізде енгізудегі бастапқы қадамдар сонау 2010-шы жылдары басталыпты. Ол кезде ел басшылығына экономикалық реформалар мәселелері жөнінде ақыл-кеңес берген Тони Блэр Қазақстанда жобалық басқаруды енгізуді ілгерілетті. Өйткені Ұлыбритания бұл саладағы әлемдегі лидерлердің бірі. 2013 жылы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында тиісті пән енгізілді. Кадрлар даярлана бастады. Бертінде мемлекеттік бағдарламаларды жойып, орнына ұлттық жобалар қабылдау идеясы ұсынылды.
Ә.Байменов жобалық басқару – халықтың қаржысын ысырап етпей, тиімді әрі орнымен жұмсауға, жемқорлықты төмендетуге оң ықпалын тигізеді дейді. Әйтпесе, ескі тәсілде мысалы, мемлекет қолдауымен кәсіпорын тұрғызылады. Алайда ол іске қосылған соң ғана оған шикізат жеткізу жағы ойластырылмағаны, оны қуаттандыратын энергия көзінің тапшы екені, өнімін өткізетін нарықтардың жоғы анықталады, басқа да нюанстары ескерілмеген болып шығады. Яғни, дамыған елдердегідей жобалық басқару қағидаттары ескерусіз қалады. Ақыры ондай кәсіпорын не толық қуатына шыға алмайды, не жабылып тынады.
Индустриалдық-инновациялық даму, ауызсу және басқа бағдарламаларда осындай олқылықтар мен жөнсіздіктер байқалды. Әкімдіктерде де, министрліктерде де жобалық басқаруды білетін, оның әдістерін меңгерген маман аз. Ал Америкада жобалық басқаруды меңгеру – бірқатар мемлекеттік лауазымда кандидаттарға қойылатын басты біліктілік талаптарының бірі саналады.
Сарапшылардың түсіндіруінше, жобалық басқарудың басты ерекшелігі сол, оның аясында әрбір бастама, әрбір тапсырма жеке жоба ретінде қаралады. Оның басты мақсат-міндеттері, түпкі көрсеткіштері бекітіледі, оны орындау үшін қажетті команда жасақталады. Оның басшысы нәтижеге жетуге басымен жауап беруге тиіс. Өйткені жауапты адам болмаса, іс те оңбайды. Мықты команда болмаса, іс ілгері жылжымайды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жобалық басқарудың бейресми «басты органы» (ол заңмен бекітілмеген) деп санауға болатын Цифрлық үкімет кеңсесін (ЦҮК) Президентке сонау 2021 жылы таныстырды. Сонда ведомство жаңа тәсіл бюрократияны, түрлі күрмеулі кедергіні, деректер базаларын былықтырған қайшылықтарды жоятынына сендірген.
Бұл ретте ЦҮК құрамында Жағдаяттық орталық, Ұлттық сараптамалық орталық, Цифрлық трансформация орталығы және ұлттық жобалау кеңселері құрылды. Оған барлық ақпараттық база қолжетімді және ол бүкіл өңірлермен етене жұмыс істеп, жобаларға қатысты барлық жағдайды назарда ұстайды.
Аудиторлар неге қабағын түйді?
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, сынақ ретінде қолға алынған бұл бастама тиімділігін көрсетті. Өңірлерден орталыққа түсетін қаншама күдікті есеп пен дәлелсіз дерек әшкереленіпті. Мәселен, пандемия кезінде коронавирусқа, вакциналауға қатысты кейбір ірі кәсіпорындар мен әкімдіктердің есебі жалған болып шыққан. Олардың көрсеткіштері түрлі базадағы мәліметтермен салыстырылып, сараптама жасалғанда, сандар өзара сәйкес келмей, «басқа ақиқат» анықталды.
Бұл кеңсе біраз жөнсіздікті ретке келтіріп, процестерді автоматтандыруға үлес қосқан. Мысалы, бұған дейін жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін 11 қадам жасап, 88 күн күту керек болса, жаңа үдеріс енгізілгелі бұған 3 қадам жасап, бірнеше күнде қол жеткізуге болады.
Алайда бұдан мемлекеттік басқару бәрібір жетіліп, кемеліне келе қоймады. Неге?
Жоғары аудиторлық палата жобалық басқарудың алдын ала нәтижелерін жоғары бағалап отырған жоқ. 2022 жыл қорытындысында елде тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 421,2 миллиард теңгені құрады. Салыстырсақ, ол енгізілгенге дейін, 2018 жылы тиімсіз жұмсалған қаржы көлемі 137,8 млрд теңге болыпты.
Жобалық басқару аясында Мемлекет басшысы 2021 жылғы 7 қазандағы Жарлығымен он ұлттық жобаның тізбесін бекітті. Ал бүгінде Үкімет ол ұлттық жобаларды бірінен соң бірін жоюға қойып жатыр. Олардағы жүзеге аспаған, әлі орындалмаған жобалар қолданыстағы тұжырымдамаларға, басқа да құжаттарға қосылып, интеграцияланады.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, 2022 жылы 10 ұлттық жоба іске асырылды. Құпиясы көп «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын есепке алмағанда, оның тоғызын орындауға 8,1 триллион теңге бағытталған. Оларды жоюға қоймас бұрын не нәтиже әкеліп, қандай қайырымы болғанын жете пысықтау керек еді.
Себебі ұлттық жобалардың көбіне бұрын жоспарланғаннан да көп шығын шығарылған. Мемлекеттік органдардың ақпаратына сәйкес, 2022 жыл қорытындысында ұлттық жобалар жоспарлы қажеттіліктен орта есеппен 106%-ға асыра қаржыландырылды: «Салауатты ұлт» – 120,6%, «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» – 117,4%. «Кәсіпкерлікті дамыту» – 111%, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық нарық» – 102,9%, «Білімді ұлт» – 101,8%. Бүгінде жойылып жатқан «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында бөлінген қаражаттың 98,1%-ы, «Күшті өңірлер – елдің даму драйвері» – 96,3%, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» – 99,7%, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының қаржысының 80%-ы игеріліп қойған.
Содан былтыр қазақ мәдениеті бүкіл әлемге танылды ма? Ел рухани жаңғырды ма? Қазақстанның имиджі асқақтады ма? Қазақстандықтардың тұрмысы жақсарып, шетінен байыды ма? Қазақстан жасыл елге айналды ма? Экология күрт тазарды ма? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Шығындалған сегіз триллион теңгенің сайда саны, құмда ізі қалмады. Ол үшін жобалық басқарушылардың ішінде бірде-бір адам жауап бермеді.
Жоғары аудиторлық палата жүргізген талдау көрсеткендей, он ұлттық жобаның 7-уінің тиімділік деңгейі төмен деп танылды және оларда бекітілген жалпыұлттық мақсаттарға сол бойы қол жеткізбеу қаупі бар.
Неге өзгермеді, енді не өзгермек?
2023 жылғы жағдай бойынша мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық басқаруды енгізудің қорытындысында, 3 жыл ішінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда 44 жобалық кеңсе (ЖК) құрылып, жұмыс істеп тұр. Басым көпшілігі орталық аппарат құрамына кіреді. Ведомстволық бағынысты ұйымдардың базасында 12 ЖК ашылған.
Бұл ретте ведомстволық бағынысты ұйымдардағы кеңселер қаржыландыруда қиындыққа ұшырапты.
Ұлттық жобалық кеңсенің ақпараты бойынша, жобалық кеңселер толық көлемде кадрмен қамтылмаған: білікті мамандар түгілі қатардағы қызметкерлердің тапшылығы «өткір тұр». Жергілікті және орталықтағы ескіше ойлап, жұмысын бұрынғыша сайлап үйренген біраз бастық пен басқа шенді жобалық басқарудың мәнін түсінбейді, қажет санамайды.
«Жобалық басқарудың үлгілік ұйымдық құрылымына сәйкес, әрбір мемлекеттік органның жобалық кеңсесінің құрамына: жобалау кеңсесінің басшысы, бас менеджері, әкімшісі кіруге тиіс. Бұдан бөлек, әрбір базалық бағыт бойынша: базалық бағытты іске асыру тобының басшысы, топ менеджері, топ әкімшісі болуы шарт. Мұның сыртында, үлгілік базалық бағыт бойынша: үлгілік бағытты іске асыру тобының басшысы, топ менеджері мен әкімшісі жұмыс істеуі керек. Осылайша, әрбір орталық меморганда жобалық кеңсенің құрамына кемінде 18 адам (3+5*3), әкімдікте 21 адам (3+6*3) болуға міндетті», – деп түсіндірді Цифрлық даму министрлігінің сарапшылары.
Іс жүзінде бірқатарында мұның жартысы да жоқ көрінеді.
Министрлік алдағы бетбұрыс аясында ең алдымен осы кадрлық мәселе шешілсе, іс әлдеқайда оңалады деп отыр: «Осы кемшіліктер мен проблемалардың себеп-салдарлық байланыстарына талдау жүргізілді. Егер мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық басқарудың ұлттық жүйесі нақты, практикалық түрде енгізілсе, бұл осы себептерді жоюға, сонымен қатар бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен өнімділігін күрт арттыруға мүмкіндік береді».
Яғни, бюрократтар жобаларды ғана емес, сондай-ақ жобалық басқарудың өзін деградацияға ұшыратыпты.
Шенеуніктер жобалық кеңсенің ұсынымдарына ары қарай да жүрдім-бардым қарамауы үшін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске, Бюджет кодексіне, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына және басқаларына түзетулер енгізу ұсынылып отыр. Оның аясында мемлекеттік қызметшілердің дербес жауапкершілігі айқындалмақ. Билік органдары жұмысты жоспарлау және іске асыру кезінде жобалық басқаруды пайдалануға міндеттеледі.
Жобалау персоналын басқару жүйесі құрылады. Мемлекеттік органдарға өз қызметкерлерін «матрицалық құрылымдарға» – жобаларда жұмыс істеуге жолдауға, ал меморгандардың жобалау кеңселеріне өз мамандарын – Ұлттық жобалау кеңсесінде жұмыс істеуге жіберуге мүмкіндік береді. Жобалық басқаруды қаржыландыру мәселесі шешіледі.
Жалпы, Мемлекеттік басқару академиясы арнайы оқыту курстарын әзірледі. Сертификатталған жаттықтырушы-кеңесшілер тобы дайындалды. Оқыту және сертификаттау 4 деңгейді қамтиды: жоба жетекшісі, бағдарлама жетекшісі, портфолио жетекшісі, жаттықтырушы-кеңесші. 2022 жылы орталық және жергілікті меморгандардың 632 мемлекеттік қызметшісі оқытылды. Оның 473-і «Жобаларды басқаруды» сертификаттау емтиханынан сәтті өтті.
Жобалық басқару туралы сауат ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне арнап оқыту семинарлары өткізіледі. Мәселен, 2022 жылы семинарға 800 мемлекеттік қызметші қатысыпты.
Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жобалық басқаруға толық көшіру 2025 жылға жоспарлануда. Яғни, бұл істе де билік шабандық танытуда. Ары қарай не болатыны белгісіз. Бәлкім, сонда жаңа Үкімет жаңа бір ермекті табар? Егер билік бұл іске шын ниетімен кіріссе, онда республикамыз дамыған елдерге біртабан жақындай түсуі мүмкін.
Елдос СЕНБАЙ