Десе де, қымбатшылық тек сауда саласының проблемасы ретінде қарастырылады. Осы тұрғыдан келгенде қос саланың арасына алтын жіп жалғап, баға саясатын жолға қойған дұрыс-ақ.
Елімізде қымбатшылықты ауыздықтаудың бір жолы ретінде қарастырылған Көтерме-тарату орталықтарын (КТО) құрудағы бір мақсат құнға құн қосатын ортадағы делдалдарды алып тастау еді. Сол арқылы агроөнімдерді тікелей өндірушіден алуға жағдай туғызып, шаруаларға үлкен қолдау көрсетуге тиіс еді. Десе де, бүгінде оның құрылысы қаңтарылып тұр. Ал сауда саласы мамандары бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқанша қойма мәселесінде көмек көрсетуді сұрап отыр.
«Мені алаңдататыны – өңірлерді әлеуметтік маңызды тауарлармен қамтамасыз ету жайы. Осыған байланысты сауда қызметін реттеу заңнамасына «Көтерме тарату орталықтары» деген ұғым енгізілген болатын. Бұл кәсіпорындар сатып алу, сақтау, тарату және тағы да басқа жұмыстардың орталығына айналуға тиіс еді. Бірақ олай болмай тұр. Бүгінде бізде сауданы қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы мүлдем жоқ болғандықтан, барлық шығындарды қазақстандық инвесторлар көтереді. Бұл тұста КТО-ларға керек жабдықтар өте қымбат тұрады. Соның кесірінен біз міне соңғы 2-3 жылда Сауда министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің арасында ортақ бір келісімге келе алмай қаншама табалдырықты тоздырып жүрміз. Мәселені ашып айтар болсам, тез бұзылатын азық-түліктерді сақтауда сауда саласы үлкен зардап тартып отыр. Бұл маусымдық ауылшаруашылық өнімдеріне қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданып отырған сақтау қоймалары, ондағы температуралық режимде жұмыс істейтін жабдықтар Сауда және интеграция министрлігінде де болуы керек. Сол жоқ болғандықтан сауда айналымына шығарылған өнімдердің бұзылып кету үлесі жоғары болып тұр. Бізде ол 25-30%-ды құрайды. Бұл дегеніміз – тұтынушының қалтасына салмақ болып түсіп тұр деген сөз. Қымбатшылықтың бір себебі осы қойма мәселесі», – дейді «Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығы» ЗТБ президенті Жібек Әжібаева.
Осы тұрғыда Заңды тұлғалар бірлестігі басшысы Ауыл шаруышылығы министрлігінен қоймаға, ондағы жабдықтарға жұмсалатын шығынды субсидиялауды сұраған екен. Онда да тек көтерме саудадағы инфрақұрылымдарға қатысты жерлерге көмектесуін өтінген. Өйткені бизнесте оған қаржылай мүмкіндігі жоқ. Оларды алу, қондыру және пайдалану шығындарын мемлекет өтеп берер болса, дүкен сөресіне жететін түпкі өнімнің бағасы да төмен болмақ. Бірақ АШМ ол өтінішін орындаудан бас тартқан. Сол сияқты СИМ де «бізде мұндай позиция қарастырылмаған» деген себеппен сауда кәсіпорындарын лайықты қоймамен қамтамасыз етуге келіспей отыр. Ал елімізде салынады делінген Көтерме-тарату орталықтарының құрылысы қаңтарылып тұр. Бұл тұрғыда министрлік өкілдерінің де өз уәжі бар екен.
«Көтерме-тарату орталықтары инвесторлардың қаражатына салынуы керек. Ал оны олар қай өңірге салғысы келетінін өздері таңдай алады. Мұндай мүмкіндік оларға жұмсаған қаражатын кейін қайтарып алу үшін беріліп отыр. Сол себепті олардың құрылысы әзірге тоқтап тұр. Ал көкөніс сақтау қоймаларына келер болсақ, бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігінің кешенді жоспары бар. Сондықтан да жетіспей жатқан қоймалар саны 2030 жылға дейін толық салынып бітпек. Қоймаға жабдықтар алып беру шығынын субсидиялау мәселесінен хабардармыз. Бұл мәселені қарастыруға дайынбыз. Қазір сауда желілерінің инфрақұрылымын жетілдіруге субсидия бөлуге қатысты мәселемен айналысып жатырмыз. Одан кейінгі кезеңде АШМ-мен осы айтылған мәселені субсидиялау жайына да келуге болады. Елімізде инвесторлардың ақшасына салынған көкөніс қоймалары бар. Онда керекті жабдықтар қойылған. Бірақ олар тікелей мақсатында қолданылып отырған жоқ. Не себепті екенін білмеймін», – дейді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев.
Ал әу баста «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында қарастырылған Ұлттық тауар өткізу жүйесін (ҰТӨЖ) құру мақсатының бірі Көтерме-тарату орталықтарының (КТО) құрылысын салу еді. Олардың функциясы үшке бөлінеді: сақтау, сату және тарату. Таяуда Маңғыстау облысында осындай нысанның құрылысы таныстырылды. Ақтаудағы көтерме-тарату орталығын салу жобасының құны 3,5 млрд теңгені құрайды. Орталық 29 мың тоннаға дейін көкөністер мен жемістерді сақтауға қабылдай алады. Ашылу келесі жылға жоспарланған.
«Президент тапсырмасы бойынша елімізде жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау бойынша қажетті инфрақұрылым құру жұмыстары жүргізілуде. Көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі жоспар қайта қаралып, 2025 жылға қарай 528,8 мың тоннаға дейін қуаттылыққа дейін ұлғайтылды. Қазір қолданылатын сақтау технологиясына байланысты шығындарды өтеу нормативін 25%-дан 40-50%-ға дейін ұлғайту бөлігінде инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілуде», – дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Сақтау мақсатындағы КТО-лар фермерлерге жақын, егін алқаптарына таяу орналасатын болады. Олар қабылдау, сақтау және алғашқы өңдеу (жуу, іріктеу, орау және т.б.) қызметтерін көрсетіп, тауарды өткізуге дайындайды. Ал сату мақсатындағылар облыс орталықтарының және ірі қалалардың маңында орналаспақ. Олар фермерлерге, көтерме трейдерлерге, дистрибьютерлерге, импорттаушыларға, сондай-ақ сатып алушыларға (сауда желілері, дүкен, базар, тамақтану орындары, қонақүйлер, мейрамханалар және т.б.) сауда жасау үшін жағдай тудырмақ. Үшінші және негізгі міндеті – тарату мақсатында КТО-лар қалалардың ішінде әлде маңында салынады. Олар тауарды 14 күнге дейін сақтап, көтерме партияны логистикалық қызмет ретінде сауда нысандарына таратады. Қалай болғанда да, қойма мәселесі өзінің экономикалық қана емес, әлеуметтік те маңызына қарамастан өте баяу дамып келеді. Сол себепті Үкіметтің бұл тұстағы саясатын біріздендіріп, министрліктер арасындағы байланысты нығайта түскені жөн-ақ.
Нұрлан ҚОСАЙ