Әрине, Абай мұраларын. Абай мұралары күннен-күнге заманына қарамастан, адамын таңдамастан өміршеңдігін жалғастыруда. Әсіресе, қазір Әділетті Қазақстанды құру жолында оның әділдік, адалдық, адамгершілік идеяларына негізделген тағылымы мол шығармашылығы, яки қазақ әдебиетінің жауһары әр отаншыл, елшіл азаматтың санасына ой салады.
Кеше ғана мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбайдың әлеуметтік желіде жарияланған Абай туралы жазбасына пікірімді білдірген болатынмын. «Менің ойымша, біз Абайдың қадіріне әлі жете қойған жоқпыз. Абайдың ойшылдығын ұғыну үшін қара сөздерін терең үңіліп оқу керек. Бір рет сырғытып оқып, жаттап алу еш нәтиже бермейді. Қайта-қайта оқығанда ғана ойға ой түйіседі. Сонда ғана Сіз айтқандай «Мен Абай мұрасынан не алдым? Енді еліме, халқыма не беремін?» деген сұраққа жауап табылады. Абай ойлары тереңде жатыр» деп жаздым. Шынында да, кім қандай үлес қосты? Абайды қалай дәріптеп жатырмыз? Өз үлесінің қаншалықты маңызды екенін әр азамат ұғынса екен.
2009 жылы сол кездегі партиямыздың хатшысы Ерлан Кариннің қатысуымен Семей қаласында патриоттар форумы өтті. Облыстан 15 азамат қатыстық. Біздің делегация пойызбен Алматы арқылы жеттік. Түскеніміз сол еді күтіп алушылар: «Бірден Абайдың басына барасыздар ма, әлде тамақтануға ма?» деп сұрады. Форумға қатысу іссапардың басты мақсаты болғандықтан, түпкі ойым ұлы Абайдың басына бару. Мен бірден «Абайдың басына барамын» дедім. Қасымда әріптесім Марина Лимаренко бар. Журналист болған соң оған да көру, Абай туралы барлық мәліметті білу маңызды шығар деп ойладым. Ал менде Абайдың Жидебайдағы басына барып, қабірінің топырағын уыстасам, тұтынған заттарын бір ұстасам, ұлт хакімінің рухымен бір қауышсам деген арман бар еді. Күн ыстық. Автобуста кондиционер жоқ. Өзге облыстың азаматтары да бірге келеді. Жол ойлы-қырлы, қара топырағы шығып жатыр. Кей жерлерде қиыршық тас, кей жерлерде ғана асфальт, онда да асфальт емес, әйтеуір соған ұқсас бірдеңені ескі автобустың дөңгелегімен аямастан жаншып келеміз. Жол бойында «Бұл елдің оқыған азаматтары қайда қарайды екен? Абай ауылының жолдары осындай болса, онда басқаны қайдам?» деп іштей қынжылдым. Бір уақыттары жеттік-ау. Мемориал керемет екен. «Абай мен Шәкәрімнің басқан іздері түскен қасиетті топырақ қой» деп сарғыш тарта бастаған даланың ерке шөптерінің басын сипаладым. Семей топырағынан шыққан Алаш арыстары, ұлт зиялылары есіме түсті. Жидебайдың ауасымен тынысымды керіп дем алдым. Келгеніме қуандым. Еш шаршамадым. Абай, Шәкәрім рухына бас иіп, сәлем беріп іштей Құран оқыдым. Ұлт тұлғасына тағзым еттім. Абай мұражайындағы Абайдың қара мылтығының ағаш сабын сипалап, шүріппесін ұстап көрдім. Абай сөз мергені ғана болмағанына көзім жеткендей. «Абайды ұрпақтан-ұрпаққа бүкіл әлемге таныту үшін не істеу керек?» деген ой мазалады. Алла бұйыртып немерелі болсам, Абай әндерін немере қыздарыма орындатамын деп іштей армандадым. Семейден келе салып қызым Ақеркенің скрипкадағы репертуарын қарасам, Абайдың «Көзімнің қарасын» Ақерке өз қолымен нотаға түсіріпті. Бірден суретке түсіріп сақтап қойдым. Ақеркем қазір жоқ, мәңгілік мекеніне аттанғалы да жеті жылға таяп қапты. Өзің жоқсың Ақгүлім, бірақ саусағыңның іздері, алақаныңның табы ақ қағазда қалыпты. Абай данышпан атаңның қадіріне сен ертерек жетіпсің, «Көзімнің қарасын» нотаға түсіріп елге таратып үлгеріпсің. Терең ойлай алған елжанды алтыным-ай... Қолымда сарғайған ноталар – құлағымда жанды әуен болып ойнап жатты.
Патриоттар форумы өткен жылы алғашқы немерем Айша дүниеге келген еді. Оны жастайынан флейтаға бердік. Биыл флейта мектебін өте жақсы бағаға бітірді. Флейтаны үйретететін жөнді бір қазақ қызын таба алмай орыс апайдың сыныбында оқуға тура келді. Абайдың әндерін алғашқы концерттерінде-ақ орындай бастады. Сүйсініп тыңдаймын. Ұрпағыма Абайды дәріптеудің бір шетін аз да болса қөрсетуге тырысып бақтым. Қиналсам, мұңайсам, Абайдың қара сөздерінен жауап іздеймін. Терең де тұңғиық таза философия Абайдың көкірегін кернеп шығып, қазақ санасына қозғау салыпты. Әлі күнге дейін өміршеңдігі мәңгілік екенін дәлелдеп келеді.
Абайы бар барша қазақ бақыттымыз. Абайы бар дейтінім Абай мұрасы –ұрпаққа азық, бүкіл қазақтың мәртебесі. Абай еңбектері – ұлттық жазба әдебиетінің ғылыми жауһары. Идеологиядан айырылып қалдық деп қынжыламыз, нағыз идеологияның көкесі Абайдың қаламында жатыр. Неге біз алыстан іздейміз? Өйткені, әлем таныған Абайдың қадірін әлі толық біле алған жоқпыз. Дегенмен де серпіліс бар. Ұлы ақынның қазақтың бойындағы кемшілігін айта отырып, санасына қозғау салуы, озық мәдениетке жетелеуі – ұрпаққа қалдырған ұлттық тәрбиенің ғылыми негізі, ескірмейтін өшпес мұра. Сонау он төрт жыл бұрын ішімде бұғып, қысылып, тұншығып қалған дүниенің сыртқа шығуына Дархан Мыңбайдың жазбасы себеп болды. Киелі жерге киелі атау беріліп, иесін тапқан Абай облысы рухтана түссе, ұлы Абай рухы шаттана түсті. Бұл көзіміздің ашыла бастағанын білдіреді, ары қарай дамыту көптің ісі. Сол он төрт жыл бұрынғы май топырағы шығып жатқан ойдым-ойдым жолдар әлдеқашан жөнделген болар.
Абай іліміне үңілсеңіз ұлттық намысты жетілдіру – басты мәселе. Абай намысты қоғамды аңсайды. Ұлы ойшыл Абайдың мұрасын дәріптеу, қастерлеу, ұрпақтан-ұрпаққа таратуға үлес қосу баршамызға аманат. Өйткені ұлы Абай, ол – қазақтың Абайы.
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
«AMANAT» партиясы Түркістан облысы филиалы
атқарушы хатшысының орынбасары,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты