Өңір өндірісін өрістеткен жобалар

Жамбыл облысы – қай кезде де өн­ді­рі­сімен танылған өлке. Аймақ асыраушы са­ладан бөлек, кәсіп­кер­лік бағыттағы ин­вестициялық жоба­ларымен де өрісін өріс­тетуде.

Жыл өт­кен сайын инвес­тор­лар­дың аймақ­қа деген қызығушылығы ар­тып жат­са, жаңа кәсіпорындардың са­ны күн са­нап көбеюде. Міне, сондай ин­вес­тициялық жобаның бірі қазыналы Қа­­ра­таудың бөктерінде орналасқан Та­­лас ауданында жанданды.

Елімізде теңдесі жоқ  Talas Investment Company

Жалпы Talas Investment Company ЖШС 2014 жылы іске қосылған болатын. Кәсіпорын алтын өндіру бағыты бойынша елімізде ба­ла­масы жоқ өндіріс орны саналады. Зауыт соңғы ал­ты айдың қорытындысы бойынша 5 688 тон­на цианид натрий және 2 375 тонна сульфат ам­моний өндірген. Бұл қоспалар алтынды тас­тан ажырату кезінде пайдаланылатын теңдессіз қы­шқыл саналады. Мұндай химиялық қоспаны өзге өңір түгілі, Орта Азиядағы елдер өндіре ал­майтындықтан зауыт өніміне деген сұраныс жо­ғары. Қазір зауыт жылына 15 000 тонна нат­рий цианидін өндіруге қауқарлы. Кәсіпорын 557 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Компания Ресей Федерациясы мен Орта Азиядағы Моңғолия, Тәжікстан, Қырғызстан сынды мемлекеттерге өндірген өнімінің 30-40 пайызын экспорттайды. Кейінгі жылдары хи­мия­лық қоспаға сұраныстың артуына бай­ла­ныс­ты кәсіпорын енді зауыттың екінші кезеңі­нің құрылысын бастап отыр. Құрылыс жұ­мыс­тары толықтай аяқталғанда кәсіпорын циа­нид нат­рийдің өндірісін 15,0 мың тоннадан 30,0 мың тоннаға дейін арттырады деп күтілуде. 

Міне, осындай ауқымды жобаның екінші ке­зеңінің салтанатты түрде капсула салу рәсі­мі­не Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қа­­­натбек Мәдібек, Талас ауданының әкімі Нұр­бол Жүнісбеков, Talas Investment Company ЖШС-ның негізгі акционері Серикжан Сейіт­жанов және Talas Investment Company ЖШС-ның басқарушы директоры Бахтияр Алдашов қатысып, кәсіпорын жұмысына сәттілік тіледі. 

Ал жалпы бүгінге инвестиция көлемі 25,8 млрд теңгені құраса, зауыттың екінші кезеңі іске қосылғанда тағы 300 адам жұмыспен қам­тылады. Ал кәсіпорын 2025 жылы толықтай пай­далануға беріледі деп жоспарлануда.

60 инвестициялық жоба жүзеге асады

Өңірдегі ірі кәсіпорынның тағы бірі – «ЕвроХим Қаратау» ЖШС. Аталған зауыттың жұмысымен облысқа іссапармен келген Пре­мьер-Министр Әлихан Смайылов арнайы та­ныс­қан болатын. 

«ЕвроХим» компаниясы ауқымды инвести­ция­­лық жобаның бірінші кезеңін іске асырып, тау-кен кешені негізінде жылына 660 мың тон­на­ға дейін фосфорит өндіруді жолға қойып отыр. Сондай-ақ қуаттылығы жылына 640 мың тон­на орташа ұсақтау және ұсақ ұнтақтау тора­бын салған. Инвестиция сомасы 126 млн дол­ларды құрайды.

Екінші кезеңде минералды тыңайтқыштар өн­діретін химиялық кешеннің құрылысы бас­талды. Жоба қуаттылығы жылына кемінде бір мил­лион тонна өнім өндіруге негізделіп отыр. Екін­ші кезеңді іске асыру миллиард доллардан ас­там шетелдік инвестицияларды тар­туға, 1 200 жаңа жұмыс орнын құруға мүм­кін­дік береді.

Премьер-Министр Үкіметтің химия өнер­кәсібіндегі жобаларды жүзеге асыруға үлкен көңіл бөліп отырғанын, сондықтан жаңа зауыт­тың облыстың ғана емес, жалпы республиканың дамуы үшін маңызды екенін баса айтты.

– Бұл жобаны іске қосу ауыл шаруашылығы саласының қажетті минералды тыңайтқыштарға деген сұранысын тиісті деңгейде қамтамасыз етеді және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан ішкі және сыртқы на­рықта сұранысқа ие өнімді тезірек шығару үшін зауытты жоспарға сай іске қосудың маңы­зы зор, – деді Әлихан Смайылов.

Іссапар барысында Үкімет басшысына «Евро­Хим» және «Шу» автоматтандырылған газ тарату стансаларының да құрылысы таныс­тырыл­ды. Жоба Сарысу мен Шу аудандарының 32 елді мекенін, «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның жаңа химиялық кешенін және Мойынқұм ау­да­нының 24 елді мекенін газбен қамтуға мүм­кіндік береді.

Шу ауданында Әлихан Смайылов «Тараз хи­мия­лық паркі» арнайы экономикалық айма­ғы­ның қызметін көзбен көрді. TAS Market ЖШС-ның кремний кластерін құру бойынша инвестициялық жобасы өнеркәсіптік кремний, графит электродтары, полисиликон және күн панельдерін шығаруға бағытталған. 

Сондай-ақ елімізде бірінші болып сода өн­дірі­сін қолға алған  Yildirim Holding түрік ком­па­ниясының еншілес кәсіпорны QazaqSoda ЖШС-ның да жұмысы көз қуантуда. Кәсіпорын 2025 жылы іске қосылады деп күтілуде. Жо­ба­ның өндірістік қуаттылығы жылына 500 мың тон­на. Болашақта өндіріс көлемін 1,2 миллион тон­наға дейін ұлғайту көзделуде. Қазір «Биз­нестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағ­дар­ла­масы аясында электр желілері тартылып, су құбырын салу, теміржол инфрақұрылымын жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. 

Жалпы биыл облыстың негізгі капиталына са­лынған инвестициялар көлемі 241,0 млрд теңгені құраса, өсім 15,9 пайызды діттеген. Ал жыл қорытындысы бойынша 572,2 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарлануда. Биыл 491 жұмыс орнын аша отырып, жалпы сомасы 84,1 млрд теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Ал 2027 жылға дейін 6 мың жаңа жұмыс орнын құрып, сомасы 3 трлн теңге болатын 60 инвестициялық жобаны іске асыру межеленуде. Бүгінге дейін өткен 38 ин­вестштаб отырысында 95 жоба қаралып, 70 млрд теңге инвестиция тартылған. 

Түріктер тыңайтқыш зауытын салуға ниетті

Жамбыл облысында түркиялық ALARKO HOLDING компаниясы тыңайтқыш зауытын салуға ниетті. 

Компанияның вице-президенті Шахин Аб­бас­тың айтуынша, 1954 жылы негізі қаланған Alarko Holding Түркия еліндегі  әртарап­тан­ды­рылған іскерлік мүдделері бар танымал, жетек­ші өнеркәсіптік және инвестициялық конг­ло­мерат екен. 

Компания құрылыс, энергетика, жылжы­май­тын мүлік, инфрақұрылым және өндіріс сияқ­ты бірнеше салада жұмыс істеп келеді.

Жамбыл облысы сары фосфорға бай мекен болғандықтан инвесторлар аймақ аумағынан тыңайтқыш зауытын салуға мүдделі. Түрік ком­паниясы ашық жердегі жылыжай кешендеріне, ор­ганикалық-минералды тыңайтқыштар өн­діру және тұқым шаруашылығы кәсіпорын­да­ры­на шамамен 650 миллион доллар инвестиция салмақ. 

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өз кезегінде қа­зір агроөнеркәсіп саласына мемлекеттік қол­дау шаралары мол екендігін, жергілікті билік те өз тарапынан барлық қажетті жағдайларды ұсы­нуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. 

 

P.S. 

Міне, бұл Жамбыл облысында жанданып жатқан инвестициялық жобалардың бір легі. Бұдан бөлек те өңір өндірісін өрістетіп жатқан кәсіпорындар аз емес. Ең бастысы, ел экономикасына қаржы салуға ниетті инвесторлардың күн санап көбейіп жатқаны қуантады. Бұл егеменді еліміздің бүгіні мен ертеңіне деген мол сенім екені анық. Мемлекет саясаты осы бағыттан таймай, инвестициялық жобалар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың тұрмысын түзей түседі деп сенеміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы