Жетісу облысының прокуратурасы 9 балалар лагерінің қызметін тексеріп, олардың жағдайы заң талаптарына сәйкес келмейтінін анықтады.
Мәселен, Көксу ауданындағы «Қарлығаш» лагерінде балаларға арналған азық-түлік санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталмастан ветеринариялық-санитарлық сараптама мен қауіпсіздік сертификаттарынсыз сатып алынған.
Балаларға арналған күнделікті тамақтану нормалары сақталмаған. Ас мәзірінде жаңа піскен көкөністерден жасалған тағамдар қарастырылмаған.
«Лагерьлердің барлығында дерлік өрт қауіпсіздігі нормалары сақталмайды.
Алғашқы өрт сөндіру құралдары – өрт сөндіргіштер мен өрт гидранттары жоқ, өрт кезінде эвакуациялық жолдардың кедергісіз шығуы қамтамасыз етілмеген.
Кейбір лагерьлерде мерзімі өткен дәрі-дәрмектер сақталған.
Балалардың лагерьлерде тұруы мен бос уақытын өткізу жағдайы да техникалық нормалар мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді.
Негізгі (ғимараттар, үйлер) және қосалқы (асүй, жуынатын бөлмелер және т.б.) лагерь ғимараттары тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Ал Алакөл ауданындағы «Шағала» лагерінде ойын-сауық кешендері мүлде болмаған.
Сонымен қатар Текелі қаласындағы лагерьлердің бірінде «Параноидты шизофрения» диагнозымен есепте тұрған медицина қызметкері анықталды.
«Тексеру шаралары жалғасып жатыр. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қабылданатын болады», – деді прокуратурадан.
Фото: gov.kz