Әсіресе, шекарада орналасқан ауылдарға баса мән беріліп жатыр. Жалпы, елімізде шекара бойында 80-нен астам ауыл бар. Ал мұндай ауылдардан өмір сүру деңгейінің төмендігі мен әлеуметтік инфрақұрылымның жоқтығынан халық жаппай көшіп жатқаны да жасырын емес. Сондықтан ауыл тұрғындарының өмір сүруге деген тұрмысын қолайлы ету, еңбек жағдайын жақсарту – әрбір әкімнің міндетіне айналды.
Сондай ауылдың бірі – Береговой. Елді мекен Павлодар облысы Железин ауданы Башмачин ауылдық округіне қарайды. Мыңнан аса тұрғыны бар мекен Ресеймен шектеседі және еліміздің маңызы бар трассада орналасқан. Сол себепті де жергілікті әкім ел ішін аралаумен, көп уақытын жол үстінде өткізеді.
Бүгінгі басты мәселенің бірі – ауызсу мәселесі. Павлодар облысы Железин ауданы Башмачин ауылдық округінің әкімі Меруерт Мадағұлованың айтуынша, Береговое ауылында су құбырын салу жұмысы биылғы жылдың сәуір айында басталған. Жоспар бойынша желтоқсан айының ортасында, бекітілген мерзімде тапсырылу керек.
– Қазір 26 метрдей ұңғыма бұрғыланды. Су табылды. Енді тазарту қондырғысын орнату керек. Бүгінде ауылдағы 83 тұтынушыға су тартылды. Оның арасында 17 әлеуметтік осал отбасылар, яғни І, ІІ, ІІІ топ мүгедектігі бар, көпбалалы және еңбек ардагерлеріне су құбыры үйінің ауласына дейін тегін тартылып берілді. Негізі жоспар бойынша 4,9 шақырымдай су құбыры төселуі керек. Біз соның 4,5 шақырымын төседік. Сөйтіп, 36 су құбыры құдығының 20-сы орнатылды. Бұл дегеніміз – жұмыстың 80 пайызы орындалды деген сөз, – дейді Башмачин ауылдық округінің әкімі Меруерт Мадағұлова.
Сонымен қатар ауылдық жердегі тұрмыс қалалық деңгейге мүмкіндігінше жақындату мақсатында инфрақұрылымға ғана емес, білім саласы мекемелері де қамтамасыз етілуде.
– «Ауыл ел» бағдарламасы бойынша былтыр 54 мың теңгеге ауылдың кіреберіс жолы – 1,3 шақырымы жөндеуден өтті. Былтыр мектепте жөндеу жұмысы 40 миллион теңгеге жүргізілді. Мектептің төбесі қапталып, есіктері мен әйнектері ауыстырылды, – деді жергілікті әкім.