Жаңа оқу-құралдың авторлары: Шахислам Лайсханов, Күләш Каймулдинова, Думан Әлиасқаров, Нұрбол Үсенов және Ерлан Исақов. Оқу құралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын ЖТН № AP13067931 «Жаңартылған мазмұндағы географияны оқытуда сандық геоақпараттық технологияларды қолданудың әдістемелік негіздерін жасау (жоғары сыныптардың мысалында)» ғылыми жоба аясында орындалып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ғылыми кеңесінің мақұлдауымен ұсынылып отыр. Оқырмандар электрондық оқу құралымен арнайы ашылған http://giseducation.kz сайты арқылы танысып, тегін жүктеп ала алады. Алдағы уақытта осы сайтқа жоба аясында әзірленген оқу-құралдары жарияланып, оқырмандарға қолжетімді ету көзделген.
Оқу-құралы арқылы география мұғалімдері Жаңартылған мазмұндағы географияны оқытуда қолдануға болатын 60-тан астам геоақпараттық технологиялармен және ресурстар туралы ақпараттарға ие болады. Оларды қолданудың ерекшеліктері мен мүмкіндіктерімен танысып, халықаралық және отандық дереккөздерден географиялық деректерді алу және олармен жұмыс істеуді меңгереді. Сонымен қатар 9, 10, 11-сыныптарға арналған география оқулықтарында берілген кейбір күрделі тапсырмаларды орындауда геоақпараттық ресурстарды қолданудың әдістемелік нұсқаулықтарымен танысып, оларды өз кәсіби салаларында қолдана алады. Оқырмандарға ыңғайлы болуы үшін оқу-құралында геоақпараттық технологиялар мен ресурстарға сілтемелер гиперсілтемелер және QR-кодтар арқылы берілді.