Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы терминал құрылысымен танысып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп отыр.
Жалпы, өңірдегі қазіргі әуежай терминалы жылына 137 мың адамға қызмет көрсетуге негізделген. Онда жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Дей тұрғанмен, заман талабына сәйкес халықаралық стандарттарға сай жаңа терминал салу қажеттігі көп жылдан бері өздігінен сұранып тұрған болатын. Соған сәйкес жаңа терминал салу ісі жедел қолға алынды.
Жоспарға сәйкес, жаңа терминал 220 мың адамды қабылдауға арналған. Ал жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейінгі межені құрайды. Яғни, жаңа әуежай халықаралық стандартқа сәйкес келеді.
«Әуежай құрылысының жалпы құны 33 млн АҚШ долларын құрайды. Негізгі алаңы 7 500 шаршы метр болатын әуежайда екі қабатты телескопиялық трап жұмыс жасамақшы. Әуежайда жолаушыларға, оның ішінде мүгедектігі бар жандарға да жағдай қарастырылған. Бұл тұрғыда эскалатор мен лифт қызметін іске қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ жылдам әрі жайлы қызмет көрсету, өзін-өзі тіркеу бағандары, жүкті беруді өңдейтін автоматтандырылған жүйемен жабдықталмақ», – деп мәлімдеді облыс әкімдігі тарапынан.
Мәліметке сәйкес, заманауи әуежайға қажетті жеделсаты Финляндиядан жеткізіледі. Ал телескопиялық трапты Германиядан алғызыпты. Бір сөзбен айтқанда, құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар түгелдей Еуропа елдерінен арнайы тапсырыспен алынады. Жеке меценаттың қаржысы есебінен бой түзеген жаңа терминал өңірдегі бірегей архитектуралық стильдегі жоба саналады.
«Сыр елінің негізгі әуе қақпасы саналатын жаңа терминал заманауи сипатқа ие болуға тиіс. Бұл тұрғыда әуежай басшысына қор өкілдерімен бірлесіп, терминал құрылысына қажетті жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру тапсырылды. Ең бастысы, құрылыс нысанының сапасы басты назарда болуы тиіс. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы толық аяқталып, халықаралық стандарттарға сай жаңа терминалдың игілігін көретін боламыз», – деп мәлімдеді өз кезегінде облыс әкімі.
Жалпы, «Қорқыт ата» әуежайында жылына 1 400-ге жуық рейс орындалса, жаңа терминал іске қосылған сәттен бастап бұл көрсеткіш 3 000-ға жетеді деп күтіліп отыр. Соған сәйкес тасымалданушы жолаушылар саны 500 мыңға дейін артады деп жоспарланған. Сондай-ақ терминалда жүк тасымалының да көлемі артатын болады.
Мамандардың айтуынша, озық технология негізінде іргесі қаланған нысанды түгелдей металдан тұрғызу көзделген. Жобаны түрік компаниясы әзірлеген. Ғимараттың сыртқы беті әйнекпен әрленіп, темірмен қапталмақ. Ең қызығы, аспаннан қарағанда жаңа терминал ұшқын құстың көрінісін бейнелейтін болады дейді жоба авторлары.
Негізінен, жолаушылар терминалының жаңа ғимараты қолданыстағы әуежайдың аумағында орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатының биіктігі шамамен 8 метрді құраса, екінші қабаты 6 метрге жуықтайды. Сонымен қатар жолаушылар терминалынан тіркеу орны, жалпы күту залы, билет кассалары, қоғамдық тамақтану орындары мен намазхана, ана мен бала бөлмесі және трансферлік жолаушыларға арналған зал, дербес тіркеу тіректерін ашу көзделуде.
Қазір жергілікті әкімдік тарапынан нысанға қажетті инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы