Бүгінде дүкен сөрелеріндегі Made in KZ деген белгісі бар тауарларды сатып алу да таңсық емес. Бірақ сарапшылар шағын және орта бизнестің өнеркәсіп драйверіне айналуына квазимемлекеттік компаниялар кедергі келтіруде деген пікірде. Тіпті, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Бұл туралы көп айтылды, бірақ бұл бағытта айтарлықтай өзгерістер болған жоқ», – деп ескерту де жасаған болатын.
Біраз жылдан бері биліктің негізгі экономикалық нысанасы ШОБ-ты жаңа экономикалық драйверге айналдыру болатын. Осыған сәйкес елдің стратегиялық құжаттарында Қазақстанның ЖІӨ-дегі орта бизнестің үлесін 2025 жылға қарай 15 пайызға дейін арттыру міндеті көзделген.
Көктемде бекітілген «Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясатқа» сәйкес, кәсіпкерлікке қатысты негізсіз талаптарды азайту үшін нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарау жоспарланған. Құжатта бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын толық цифрландыру жоспарланған. Сонымен қатар шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы қоры мен салық есептік көрсеткіштерінің мөлшеріне қарай мемлекеттік қолдауға ие болмақ.
Компанияларды шағын және орта деп жіктейтін критерийлердің өзгеруі де кәсіпкерлер қоғамдастығы үшін маңызды жаңалық болуы мүмкін. Мұндағы басты критерий ретінде құрылтайшы-заңды тұлғалардың орташа жылдық табысы мен бизнестегі үлесін қосу жоспарлануда. Осыған дейінгі бизнестің шағын және орта екенін анықтайтын әдіснама оның ел экономикасындағы үлесін жасанды түрде арттыруға негізделген еді. Мысалы, 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ШОБ-тың ел экономикасындағы үлесі ЖІӨ-нің 36 пайызын құрады. Бизнестің экономикадағы белсенділігі айтарлықтай өспесе де, көрсеткіштер осылайша бірден өсім көрсетіп отыратын. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланған тұста, яғни 2008 жылдары ЖІӨ-дегі орта бизнестің үлесі 10,2 пайызға жетті, ал оған дейін 2 пайыздың айналасында болатын. Одан кейін 2013 жылдары мемлекет ШОБ-қа қатысты статистиканы кәсіпорындағы жұмысшылардың орташа жылдық санына негіздеп айқындады. Ол жылы да еліміздегі мұндай кәсіпорындардың ЖІӨ-дегі көрсеткіші бірден 16,7 пайыздан 25,9 пайызға көтерілді. Бір жылдан кейін шағын бизнеске жатқызу критерийі 50-ден 100 адамға дейін, 100-250 адамға дейін кеңейтілді. Соңғы деректерге сәйкес, еліміздегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлердің саны 1,7 млн бірлікті құрайды. Онда 3,5 млн-нан астам адам жұмыс істейді. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арасында жаңа микро және шағын кәсіпорындар құру мүмкіндігі бар. Бүгінде олардың саны – 2,1 миллионға жуық адам.
Билік ШОБ сапалы экономикалық өсудің негізгі көзі болады деп жоспарлаған болатын, бірақ қазір бизнестің бұл сегменті негізгі жұмыс беруші деңгейінде ғана қалып отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ секторына шамамен 4,1 млн адам жұмысқа орналасқан, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық. Осылайша, шағын және орта кәсіпкерлік барлық экономикалық белсенді халықтың 36 пайызын жұмыспен қамтып отыр. Бұл тұрғыдан тәуелсіз сарапшы, экономист Сапарбай Жобаев шағын және орта бизнес мемлекеттің экономикадағы үлесі азайғанда ғана қарқынды дамитынын алға тартып отыр.
– Елімізде кәсіпкерлікті қолдау саясаты жақсы жолға қойылған. Даму қоры, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігін дамыту секілді бағдарламалар негізінде несиелендіру, субсидия мен гранттар беру арқылы кәсіпкерлікті қаржыландыру тізбектері жұмыс істеп тұр. Дегенмен біздегі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі басқа мемлекеттермен салыстырғанда аз. Себебі бізде квазимемлекеттік олигополиялық кәсіпорындар көп. Бұл мемлекеттің экономикаға көбірек араласуына мүмкіндік береді және шағын және орта бизнестің дамуына кері әсер етеді. Өйткені квазимемлекеттік компаниялар өздері құрып алған құрылымдардың ғана қызметін пайдаланып, шағын және орта бизнестің өнімдері мен сервисін аса қажет ете қоймайды. Сондықтан квазимемлекеттік құрылымдарды жекешелендірместен, жеке кәсіпкерлікті дамыту өте қиын, – дейді сарапшы.
«Мәжбүрлі бизнес» болмасын десек
Ірі компаниялардан тыс шағын және орта бизнестің мемлекеттік статистикаға жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары кіреді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 4,1 млн адам жұмыспен қамтылған. Бірақ оның жартысына жуығы – жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері. Шынтуайтында, бұл мәжбүрлі кәсіпкерлікке жатады, яғни, азаматтар басқа жұмыс орындары болмағандықтан, өз бизнестерін бастауға мәжбүр болады. Нақты мәліметтерге сүйенсек, шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің 9 пайызы ғана орта кәсіпорындарында қызмет етеді.
Сапарбай Жобаев мұның басты себебі ауылдағы жер қатынастары ескі жүйемен жұмыс істеуінде деген пікірде. Өйткені жер диқандардың жеке меншігіне өтпесе ауыл шаруашылығы өнімділігі де ауқымды көрсеткішке жете алмайды.
– Біз әлі де сол феодалдық-социалистік қатынастардан шыға алмай келеміз. Билік 2014-2015 жылдары жерді жекешелендіру бойынша белсенділік танытқан еді, бірақ өкініштісі, батыс өңірінің азаматтары қарсы шығып, бұл мәселеге мараторий жарияланды. Сондықтан елімізде жерді жекешелендіру процесі кенде қалып тұр. Ал өркениетті елдерде жер диқандардың жеке меншігінде, сол себепті де онда ауыл шаруашылық кәсіпкерлігі жақсы дамыған. Әсіресе, Польшаны мысалға айтсақ, олар бүкіл дүниежүзіне, тіпті, бізге де алманы экспорттайды. Ал біз осы мүмкіндікті пайдалана алмай жатырмыз. Өйткені жер бізде феодалдық латифундистердің, яғни, әкімдердің қолында. Осыны диқандардың қолына берместен жекешелендірместен, ауылда бір өзгеріс болады деу қиын. Ең өкініштісі, жұмыс таба алмаған ауыл жастары қалаға қарай ағылуда, – дейді экономист.
Дегенмен үкімет «Ауыл аманаты» жобасы аясында кооперациялар тізбегін дамыту арқылы ауыл халқының тұрмысын түзеуді көздеп отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды (ЖҚШ) микрокредиттеу, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жем-шөп дайындау, сервистік-өткізу кооперативтерін ұйымдастыру, лизингтік техникамен және жабдықпен қамтамасыз ету және т.б. бойынша шаралар іске асырылмақ. Биыл жобаға барлық өңірлер бойынша 17 мыңнан астам микрокредит беру жоспарымен 100 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, республика бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың 50 пайызын кәсіпкерлікке тарту арқылы 2029 жылға дейін 350 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ.
Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлерінің агрокомпетенцияларының деңгейін арттыру мақсатында оларды оқыту көзделген. Бұл мақсатта бюджеттен 137 млн теңге бөлінбек. Үкімет 2026 жылға дейін СҚО тәжірибесі шеңберінде барлық өңірлер бойынша агроөнеркәсіптік кешенде төрт жүзге жуық инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
Өсім жоғары болса да, өнім төмен
Салалық тұрғыдан алғанда, жұмыспен қамтылғандардың көпшілігі өнімділігі төмен секторларда жұмыс істейді. Оның ішінде жеке кәсіпкерлердің шамамен 44 пайызы және шағын компаниялардың 26 пайызы сауда саласына тиесілі.
Дегенмен шағын кәсіпорындар жоғары инвестициялық белсенділікке ие. Мысалы, 2022 жылы ШОБ негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн теңгеге жеткенімен, оның жартысынан көбі шағын компаниялардың үлесіне тиесілі болып отыр. Бірақ шағын кәсіпорындар инвестицияларының тиімділігі төмен. Өйткені шағын компанияларға салынған барлық инвестицияның шамамен 74 пайызы құрылысқа салуға жұмсалады. Инвестицияның тек 22 пайызы ғана өндіріске қажетті жабдықтар мен технологияларға бағытталған.
Бір қарағанда, ШОБ секторының қаржылық көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша шағын компаниялар 76,8 трлн теңге, орташа компаниялар шамамен 16,4 трлн теңге табыс тауып, рекордтық нәтижелер көрсетті. 2021 жылмен салыстырғанда екі сегментте де 30 пайыздық өсім бар.
Қаржылық көрсеткіштердің өсуіне қаңтар айындағы оқиғалар да кедергі келтірмеген. Естеріңізге сала кетсек, Бас прокуратураның бағалауына сәйкес оның салдарынан тек Алматыда 92 млрд теңге көлемінде бизнеске шығын келтірілген болатын.
Бірақ талдауларға сүйенсек, корпоративтік сегментте шығыны асып түссе де, жұмыс істеп келе жатқан компаниялардың өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр. Мұндай кәсіпорындар не банкроттық жариялау арқылы, не өзге компаниялармен бірігу арқылы нарықтан кетпей жұмысын жалғастыратын шығынды компаниялар. Олардың тұрақтылығының құпиясы шамадан тыс мемлекеттік қолдауға ие болуы.
Ұлттық статистика бюросы тоқсан сайын орта кәсіпкерліктің шығынды компанияларының санын жариялайды, өкінішке орай шағын компаниялар сегменті бойынша мұндай деректер жоқ. Статистикаға сәйкес, 2022 жылы шығынға ұшыраған компаниялардың орташа саны 783 бірлікке жеткен. Сала-салаға бөлер болсақ, шығынмен жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындар көлемі өңдеу өнеркәсібінде – 48%, ғылымда – 46%, саудада – 41%, құрылыста – 40% және логистикада – 39%.
Бүгінгде Қазақстанда микро және шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Мен кәсіпкер» жобасы әзірленіп, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға енгізілген. Құралдың негізгі бағыттары – «Кәсіпке бағыт» салалық оқыту, «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары» және «Бір ауыл – бір өнім» жобалары. «Кәсіпке бағыт» салалық оқу кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында біліктіліктерге оқыту және салалық, кәсіби оқуды қамтиды. «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары» – кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге арналған қызметтер желісі.
«Бір ауыл – бір өнім» аудан және ауылдық деңгейде жергілікті өнімнің «бірегей» түрлерін шығару және өндірушілерді оқытып, консультациялық сүйемелдеу көрсету арқылы өнім сапасын арттыруды көздейді. Жоба өткен жылы Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарының 4 ауылында пилоттық режимде іске асырылды.
Соңғы аялдама
ҚР Ұлттық Банкі 2020 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық компаниялардың қаншасы «шығынды» мекемеге айналғаны жөнінде зерттеу жүргізген. Іріктемеге 2010-2020 жылдар аралығында салықтық шегерістерге дейінгі пайдасы нөлге тең болмаған 3 мыңнан астам ірі, орта және шағын компаниялар енген.
«2020 жылдың қорытындысы бойынша іріктеме негізінде «шығынды» санатына енген кәсіпорындардың үлесі максимум – 12 пайызға жетті. 2010-2020 жылдар аралығында мұндай компаниялардың үлесі айтарлықтай төмен 6-8 пайызға дейінгі деңгейде болды. Мұндай санаттағы кәсіпорындардың жартысынан көбі жеткілікті түрде капиталдандырылмаған. Сондай-ақ олардың жартысынан көбі банктік қарыз алушылар болып табылады», – делінген Ұлттық банк зерттеуінде.
Демек, мемлекеттік қолдау жеке секторға кері де әсерін тигізіп отырғанын көреміз. Сондықтан мемлекеттік статистика әдіснамасы қаншалықты ахуалды шынайы айқындай алады деген сауал туындайды? Шағын бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі жоғары болғанына қарамастан, өнімділігі төмен. Ал шағын кәсіпкерлердің негізгі бөлігі – бизнеспен мәжбүрлі түрде айналысып отырған шаруалар. Одан бөлек, үздіксіз және шамадан тыс көрсетілген мемлекеттік қолдау экономикада «шығынды» компаниялардың санын айтарлықтай арттыруда. Сондықтан бұл шағын және орта бизнесті экономика драйверіне айналдыру барысында бетпе-бет келетін мәселе деп білеміз.
Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен
Бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекет қыруар қаржы жұмсаса да, нарық заңдылықтарына төтеп беру табиғи құбылыс. Мәселен, соңғы уақыттағы Ресей валютасының арзандауы да отандық кәсіпкерлерге оңай соқпасы анық. Өйткені рубльдің әлсіреуіне байланысты қазақстандық нарықта ресейлік тауарлар айтарлықтай артуы мүмкін дейді сарапшылар. Экономист Сапарбай Жобаев отандық өндірушілерді валюталық қатерден қорғау мақсатында еліміздегі ақша-несие саясатына өзгерістер қажеттігін алға тартты.
– Әрине, рубльдің әлсіреуі Ресейдің геосаяси жағдайының нәтижесі деп есептейміз. Себебі РФ Қаржы министрлігі санкцияның әсерінен рубльді әлсіретіп, бюджетін толтыру мақсатында өте көп валютаны сатып алып салық түсімін арттыруды көздеп отыр. Ресейдің бұл қадамы түсінікті өйткені, бір долларға 60 рубль бергеннен 100 рубль берген жақсы, себебі ресейлік кәсіпорындардың қоржыны қампайса, салықты да көбірек төлейді. Ал Қазақстан қандай саясат жүргізу қажет дегенге келер болсақ, біз ЕЭО құрамында болғандықтан ресейлік саясатпен сәйкес саясат жүргізуіміз қажет. Бірақ Қазақстан тарапы әлі де ешқандай қадамға бара қойған жоқ, дегенмен бізге де инфляция деңгейінде ұлттық валютамызды әлсірету отандық экспортшыларымыз үшін тиімді болар еді. Қазір ресейлік кәсіпкерлермен айырбастау саясатының дұрыс жүргізілмеуі себепті біздің кәсіпкерлеріміз бәсекеге төтеп бере алмайды. Жай ғана бидайды ресейден импорттау отандық өнімнен тиімді болып отыр. Сол себепті 2015 жылдағыдай 26 млрд доллар Ресейге кетіп қалмау үшін Ұлттық банк ресейлік ақша-несие саясатымен сәйкесте жұмыс істеуі қажет деп есептеймін, – дейді ол.
Ал қазақстандық өндірушілер астықтың арзан импортына қатысты алаңдаушылық білдіріп, Ресей бидайын әкелуге бірқатар шектеу енгізуді ұсынған болатын.
Кәмила ЕРКІН