«Көрші» құлады, теңгенің халі қалай?

Сонымен, осы аптада біз­дің қоғамды дүрлік­тір­ген кезекті бір оқиға бол­ды. Ол біздің ел аумағынан тысқары өтіп жатқанымен, ел экономикасынан шет емес.

Рубль қайтадан қат­ты құлдырай бастады. 14 та­мыз таңертең Мәскеу биржасында доллар мен еуро тұрақты өсіп,  1 дол­лар 100,16 рубльге жетті. Бұл межеден ол 2022 жыл­дың 23 наурызынан бері алғаш рет асып отыр.

«Шок терапия»: жоспардан тыс шешім

Доллар/рубль жұбындағы текетірес тарихы Украинадағы соғыспен тікелей байланысты деуге болады. Нақтырақ айтқанда,  ДХР мен ЛХР өздерін тәуелсізбіз деп жариялаған 2014 жылдан басталды. Оған дейін 35-40 рубльден аспай келген бағам 2015-тің басында 70 рубльге бір-ақ ыршиды. Содан бері бұрынғы қалпына тө­мендеген емес. Ал былтыр ақпанда «арнайы әскери операция» деген желеумен соғыс бас­тал­ған шақта ол рекорд көрсетіп, 1 доллар 124 руб­ль­ге дейін барды. Бірақ көп тұрақтамай бірте-бір­те қайтадан тең жартысына 60 рубльге дейін түс­кен еді. Ол кездегі еңсеруді сарапшылар Ре­­сейдің 640 млрд долларлық резерві бол­ғанымен түсіндірген-ді. Оның үстіне, Еуропа мемлекеттері Ресейге жаппай санкция салып, банк шоттарын бұғаттаған соң импорт азайып, соған сәйкес долларға деген сұраныс та аз бол­ған.

«Енді биыл Ресей экономикасы есін сәл жинап, импортқа сұраныс артты. Өйткені Ресейдегі өндіріске қажетті жарақтар ше­телден келеді. Бұл нарықтық модельге ие қай елге де тән құбылыс. Соған сәйкес, параллель импорт күш алды да, импорт тауарларды алу үшін оған доллар қажет болды. Сондай-ақ релокант компанияларға Ресейден көшерде активтері мен материалдарын сатып, долларға айналдырып алуға рұқсат берілді. Ал Ресейдің қаржы министрі біздегі ұлттық қор секілді әл-ауқат қорына доллар жинау мақсатымен оны бюджет ережесімен сатып ала бастады. Осылайша, долларға сұраныс қайта арта түсті. Оған қоса, Ресейдің Орталық банкі алтын-валюта резервін сақтап қалу үшін интервенция жасамастан, рубльдің бағамын төмендету туралы шешім қабылдады. Сонымен, 1 доллар 98 рубльге қайта көтерілді», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Енді мұның соңы кеше көргеніміздей, рубльдың рекордтық көрсеткішке қайта оралуына әкеп отыр. Десе де қаржыгер-экономист Расул Рысмамбетов бұл уақытша жағдай деп бағалауда. Өйткені Ресей билігі кеш те болса шұғыл шараларға көшуде. Бұл жолы Ресей ОБ валюта нарығындағы жағ­дайды тұрақтандыру үшін шешуші мөл­шерлемені 15 тамыздан бастап жылдық 12%-ға дейін көтеруге шешім қабылдады. Одан бөлек валюталық қадағалауды күшейтіп, экспорттаушы компанияларды валютамен тапқан табыстарын міндетті түрде сатуға міндеттейтін норманы қайта қолданысқа енгізуді қарастыруда. Осының нәтижесінде бүгін 1 доллар 96,6 рубль болып төмендеді. Десе де сарапшылар қауымдастығы Ресейдің монетарлы билігінің мұндай мәжбүрлі қадам­ға барып отырғанына қарап, «жоспардан тыс шешімде үрейдің сесі бар. Ақшаға қатысты ахуалды толық пайымдай алып отырған жоқ. Алдын алу сценарийі дайындалмаған. Шок терапия соны меңзейді» деп баға беруде. Соған сәйкес валюта нарығының болашағына болжам да көңіл қуантпайды. Қазақстандық қана емес, ресейлік экономист-қаржыгер­лердің өзі де оптимизмнен ада. Бірі ендігі меже – 130 рубль десе, енді бірі оны одан са­йын өсіріп 150 рубльге дейін апарып тас­таған. Оған Ресей Орталық банкінің рубль интер­венциясын тоқтатып тастағаны негіз. Олар тіпті, үкіметтің экономикалық, оның ішінде монетарлық блогы мұншалықты ша­ра­сыздық танытып отырғанына ашулы. Орта­лық банк құзіретін толық пайдаланбай отыр деп есептейді. Бұдан шығар қорытынды – қалай болғанда да Қазақстан нашар сце­нарийге қамданғанғаны дұрыс-ақ. Өйткені теңге мен рубльдің долларға шаққандағы бағамы бір-бірімен тығыз байланысты.

Халық қарық болуы мүмкін

Естеріңізде болса, 2014 жылдың соңы мен 2015 жылдың бірінші жартысында рубль бағамы 3 теңгеге дейін төмендеп, солтүстік өңірдегі жерлестеріміздің ресейге «базарлап» барып қайту үрдісі жиілеген еді. Тіпті, өзге өңірлерден де қазақстандықтар ағылып, басқа тауарларды былай қойғанда, Ресейден арзан көлік тасығаны есімізде. Ол жақтан пәтер сатып алған оқиғалар да кездескен. Халық қарық болғанымен, ондай үрдіс бизнеске соққы. Биыл да солай қайталанар болса, Ресейдің арзан тауары Қазақстан нарығын толтырып, ол отандық өндірісті әбден тоқыратып тастауы мүмкін. Ресей экономикасы санкциядан қатты зардап шексе де, өндіріс жағынан көп позицияны әлі де сақтап тұр. Олардың экономикасы біздің экономикадан қай салада да бірнеше есе мықты. Сол себепті егер Қазақстанда Ресеймен бәсекелес бола алатын өндіріс түрлері болса, ресейлік тауар Қазақстанда шығарылған сол өнімнен қалай болғанда да едәуір арзан болмақ. Мұндай жағдай бүгінгі күннің өзінде-ақ бой көрсетіп тұр. Ресейлік импорт ауыл шаруашылығы тауар өн­дірушілерін тұншықтырып барады. Соның ішінде кейбір тауарлар бойынша жағдай тіптен қиын. Олар – арпа, кебек, зығыр сынды дәнді-дақылдар, жұмыртқа, қант және өсімдік майы. Сәуір айынан бері олардың импорттық көлемі артып, өзіндік құны арзан болғандықтан, қазақстандық шаруалардың тауарларына сұранысты төмендетіп отыр. Енді валюта нарығындағы жағдай бұл ахуал­ды ушықтыра түсуі кәдік. Бұл да болжам болғандықтан, олай болмауы да бек мүмкін.

«Дәл қазір соғыс болып жатыр. Егер ресейлік кәсіпкерлер тауарын 2014 жыл­дағыдай жаппай Қазақстанға апарамыз десе, Ресей билігі оларға тыйым салуы мүмкін. Әкімшілік шектеулерді енгізе отырып, Ресей билігі әсіресе тұтыну тауарларын сыртқа шығарғысы келмейді. Себебі бұл өз ішінде инфляцияны күшейтеді. Бірақ кім білген, шектеу қоймауы да мүмкін. Өйткені дәл қазір ешкім ештеңені тап басып айта алмайды», – дейді экономист Жарас Ахметов.

Тағы бір қауіп – рубль әлсіресе ел қазы­насы Қазақстаннан валюта күйінде жылыстап кетуі. Өйткені ол жақтағы тауарды біздікілер не рубльге не долларға сатып алады емес пе? Бұл айтылғандардың барлығы тек сарапшы­лар­дың болжамы ғана. Десе де мұны теңге/рубль бағамы нақтылай түседі. 1-11 тамыз аралығында теңге рубльге шаққанда 6,5%-ға – 4,88 теңгеден 4,56 теңгеге дейін күшейді. Бұл – рубльдің былтыр наурыздан бергі ең төменгі көрсеткіші.

Арзан импорт па, отандық өнім бе?

Рубль/теңге қатынасында қарастырсақ, бұл жолғы құлдыраудың сыңайы жаман. Тығыз қарым-қатынастағы, әрі бір эконо­микалық кеңістіктегі ел болғандықтан Ре­сейдегі жайсыз жағдайдың Қазақстанға жайлы тие қоймасы анық. Өйткені 2014 жылғы сценарий қайталануы ықтимал екенін жаңа айттық. Оның үстіне, «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, соңғы жағдай Қазақстан билігі алдында диллема тұрғанын көрсетті. Ол тең­гені әлсіретсе импорт өсіп, отандық тауар өндірушілер зардап шегетіні, ал теңге баға­мын нығайтайын десе, қазақстандық бизнес арзан өнім ұсына алмай отырғаны. Оның соңы қымбатшылық, һәм инфляция. 

«Түрлі салаларда, мәселен, азық-түлік пен дәрі-дәрмек өндіруде бізде өзіміздің ішкі нарықты толық қамти алатын өндіріс жоқ. Сол себептен де валюта бағамдары тербелген кезде ел экономикасы осалдық танытады. Рубль арзандаса, ресей тауарлары да арзандап, ол жергілікті өнімді бәсекеге қабілетсіз етеді. Сондықтан да еліміздің алдында қиын таңдау тұр: не арзан импортқа көшу керек, не отан­дық өндірісті қолдау керек. Үкімет соңғысын таңдаса, теңгені әлсіретуге тура келмек. Бірақ ол инфляция тудыруы ықтимал. Қалай бол­ғанда да рубльді әлсірету бірінші кезекте саяси мәселе болып тұр», – дейді сарапшы Данияр Әшімбаев.

Ал келесі сарапшы, Расул Рыс­мамбетов­тың пікірінше, рубль бағамының тез бірақ қысқа уақытқа әлсірегенінен Қазақстанның экономикасына қауіп жоқ. Одан алыпсатар ойыншылар ғана пайда көруі мүмкін. Шын қауіп төнуі үшін ол 3 айдан ұзақ әлсіреуі керек. Ал ұзақ әлсіреген рубль бірінші кезекте Ресейдің өндіруші секторына соққы. Өйткені олар шетелдік шикізат пен қосалқы бөл­шектерге тәуелді.

«Егер олар сол соққыдан есеңгіремей өтетін болса, онда сондай өнім шығаратын біздің өндірушілерге қауіп төнеді. Десе де осы аптадағы құлдырау уақытша ғана нәрсе. Бірақ рубль енді бұрынғыдай позициясын сақтай алмай, бірте-бірте әлсірей беретін болады. Олардың бизнесі де соған сай бейімделе бермек. Сондықтан Қазақстан үкіметі олардан өзінің нарығын қорғап қалуы үшін нақты шараларды қолға алуы тиіс. Мен арзан импортқа тосқауыл қою үшін теңгені әлсіретуді ең соңғы нұсқа ретінде қарастыруды ұсынамын. Бұл аса дұрыс шешім емес. Оның орнына бізге отандық өндірушілерді қолдау үшін кедендік мониторинг немесе квота енгізу керек. Өйткені қазір ең бастысы теңгені қалай болғанда да әлсіретпеу. Мұның арты қымбатшылыққа апарып, Қазақстанда әлеуметтік наразылық үдеуі мүмкін. Бізде инфляция онсыз да өте жоғары. Сондықтан ресейлік өнімдерге тарифтен тыс квота енгізген дұрыс болады», – дейді экономист Расул Рысмамбетов.

Рубльдың құлағаны көптеген пробле­малардың құлағын қылтитқаны рас. Геосаяси текетірестің бір құралына айналған валюта нарығы жанама әсерімен дамушы эконо­микалы елдердің дамуын тежеп отыр. Ортақ экономикалық кеңістіктің зардабы оны еселей түсуде. Сол себеп, бізге көршінің мықты болғаны тиімді. Бүгінгі күннің бағамы мен сабағы осы.

Нұрлан ҚОСАЙ