Жақып Қажыманұлы туралы сөз қозғағанда, Абайдың «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, аяқтағанынан емес» деген сөзі ойға оралады. Кейде Абай осы сөзді неге айтты екен деп ойланушы едім. Кез келген іс ниеттен басталады. Ниет дұрыс болса, қалғаны ретіне қарай жүреді. Сол секілді кез келген істі бітіруден бұрын бастау керек. Ал бастама жасау, істі бастау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Демек, Абай атамыздың сөзі – орынды сөз.
Жақып Қажыманұлының жақсы қасиеті көп. Іскер. Жауапты. Іскерлік ізденістен туады. Жауапкершілік – сүйекке сіңетін, тәрбиеден бастау алатын қасиет.
Жақып Асановтың өмір жолын көктей шолып қарағанның өзінде осы қасиеттер бірден андағайлап көрініп тұрады.
С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сыныптық шені – 2-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі. Заң ғылымдарының кандидаты. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен, «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» омырау белгісімен марапатталған.
Университетті бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық адвокаттар коллегиясына тағылымдамашы болып қабылданады. 1986 жылдан 1993 жылға дейін Қызылорда облысының прокуратура органдарында қызмет атқарып, Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі, облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі және облыстық прокуратураның бөлім бастығы лауазымдарында жұмыс істеді. Жас кезінен өзіне үлкен талап қоя білді. Соның арқасында еліміздің құқық саласында білгір маман болып қалыптасты.
1993 жылдан 1994 жылға дейін Бас прокуратурада Жалпы қадағалау басқармасының аға прокуроры, Жалпы қадағалау басқармасының банктер, қаржы-несие саласындағы және тексеру органдарындағы заңнаманың сақталуын қадағалау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады. 1994 жылдың қараша айынан 1996 жылдың қарашасына дейін Президент Әкімшілігінің заңдылық, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінде консультант, сектор меңгерушісі болып жұмыс істейді.
1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Салық полициясы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады. 1997 жылдан 2001 жылға дейін Бас прокуратурада Бас прокурордың аға көмекшісі – Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, кейін осы басқарманың бастығы, одан кейін Бас прокуратураның Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы қызметіне тағайындалады. 2001 жылғы ақпаннан 2002 жылғы ақпанға дейін Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, 2002 жылдың ақпан айынан 2003 жылдың маусым айына дейін Павлодар облысының прокуроры болып қызмет атқарады.
Жақыптың өмірлік қағидаттары осы кезеңдерде толық қалыптасты деуге болады. Адам баласы үшін Ақиқат пен Әділет – ең үлкен қағида. Осы жолда тура жүру – пышақтың жүзінде жүргенмен бірдей. Ер-азаматқа абыройдан артық капитал жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Жақып Асановтың қолы да, ары да таза.
2003 жылдың маусым айында Жақып Әділет вице-министрі қызметіне тағайындалады. 2005 жылдан 2006 жылға дейін Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Жалпыұлттық Одағының атқарушы директорының орынбасары, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы, «Ордабасы» корпорациясы» АҚ-ның президенті және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарды.
Жолсапар деген жақсы. Ұшақ үстінде, не қонақүйде, не болмаса кездесулерден қол босай қалып, жаяу қыдырыстайтын кездерде ұзақ сырласуға болады. Сондай бір сапардың реті биыл Мысыр және Израиль мемлекеттеріне Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Бейбарыстың 800 жылдығына орай ресми сапарына орайласа түскен еді. Сол кезде Жақып Қажыманұлымен сағаттап сөйлесіп, сыр-сұхбат құруға мүмкіндік туды.
«Ордабасы» корпорациясы» АҚ-ның президенті және директорлар кеңесінің мүшесі болған кезімде маған жұмысты жаңаша құру тапсырылды,–дейді Жақаң. – Барлық қызметкермен танысып шықтым. Басшылық құрамда адам көп. Кімнің немен айналысатыны белгісіз. «Мыналардың жартысынан көбін босату керек» дедім корпорациядағы әріптестеріме. «Қалай?» деп олар таңғалды. Себебін түсіндірдім. «Онда солай жасаңыз» деді. «Кез келген өзіне құрметпен қарайтын фирма үміткерді түгелдей зерттеп алады. Себеп – біліксіз маманның оларға қымбатқа түсетінінде. Сондықтан бірнеше бөлімнен тұратын қатаң байқау өткізіледі. Әркім өз бағасын қояды. Осыдан кейін лайықтылар ғана қалады. Біз мұны кейін прокуратурада қолданып көрдік. Әуелде сауалнама жүргіздік. «Бізге таныс-тамырсыз жұмысқа орналасуға бола ма?». Қорытындысы таңғалдырды. Қатысушылардың 93 пайызы «жоқ, мүмкін емес» деп жауап берген. Осыдан кейін екінші қадамға көштік. Қабылдауды тоқтаттық. Республика бойынша мораторий жарияладық. Сөйтіп, жұмысты жүйелі арнаға түсірдік».
2007 жылдан 2012 жылға дейін «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің IV және V шақырылымдарының депутаты, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды. 2012 жылдың 6 қыркүйегінде Мемлекет басшысының Өкімімен Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды. 2016 жылғы 25 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры лауазымына тағайындалды. Бұған дейінгі Бас прокурор Асхат Дауылбаев қызметінен кетіп, орнына орынбасары Жақып Асановтың тағайындалуы жұртшылыққа биліктегі кезекті ауыс-түйіс тәрізді көрінгені жасырын емес. Ұзақ жыл осы салада қызмет еткен Асановтың өзіне дейінгілердің ісін әрі қарай жалғастыра беретініне ешкім күмәндана қоймаған. Алайда Жақып Асанов бұл салаға да жаңашылдық әкелді. Бас прокурор болып тағайындалғанына үш ай өтер-өтпесте «Танысың, көкең болмаса өз күшіңмен бізге орналасу мүмкін емес деген ой қалыптасты» деп мәлімдегені ел есінде. Ол 2 мың кандидаттың ішінен 120 адамды прокуратураға қызметке екі конкурспен іріктеп, ешбір тамыр-таныссыз алғанын айтқанда талай адам айран-асыр болған. Бас прокурордың прокуратура мен Қазақстанның құқықтық жүйесі туралы сын пікірлері ақпарат құралдарында жиі тарап, әлеуметтік желіде кәдімгідей таңданыс туғызды. «Төрт ай бұрын 9 мың қылмыстық істің тең жартысы заңсыз қозғалған болып шықты», «екі-үш адам бастығын «қылмыс жасады» деп көрсетіп береді, содан соң бастығын қамап, әлгілерді куәгерге айналдырады, басқа дәлел жоқ» деген Бас прокурордың сөздері әлеуметтік желіде желдей есіп жатты. Бұрын жабық саналатын мекеменің басшысы қасаң сөйлеу мәнерінен арылып, көп алдына шыққанда шешендігімен көзге түсті. Оның құқық қорғау органдарын сынағаны жұртшылықтың «ақылына сыймайтын» нәрсе еді. Қарамағындағы прокурорларды «халықпен түсінікті тілде сөйлесе алмайды» деп сөккен Жақып Асанов прокурорларды жұмысқа эссе жазу арқылы ой-өрісін тексеріп барып қабылданатынын ескертіп, көркем әдебиет оқып, тіл ұстартуға шақырады. «Аса мәнерлеп сөйлеу, құрғақ сөздер, ешкімге түсініксіз тіл. Жұрт біздің жауабымызды ұқпайды. Түсінбегендіктен БАҚ-қа, халықаралық ұйымдарға барады. Мұны қалай түзетеміз? Адамша жауап беруге тиіспіз. Оқымаған адамның өзі де бізді түсінуі керек», — деп өз ойын негіздейді Жақып Асанов. Сол кезде кейбір ақпарат құралдары прокурорлардың «кітап іздеп, кітап дүкендерін аралап жүргені» туралы жарыса жазып жатты. Прокурорлар Сингапурдың бұрынғы президенті Ли Куан Юдың «Үшінші әлемнен бірінші әлемге» деп аталатын кітабын іздеп жүріп оқитын болған.
Жақып Қажыманұлы қай салада істесе де, бірінші Жүйелілік, екінші Жобалық менеджмент, үшінші Жауапкершілік қағидаттарын ұстанады. Бұл үшін адамның көзі ашық, заманауи жаңалықтардан хабардар болуы шарт. Прокуратура қызметкерлерінің алдына шығып, «Әрбір прокурор өскісі келсе, қазіргі заманғы менеджмент технологияларын білуге тиіс. Кітап оқыңыздар, бірқатарын атап өтейін: Стивен Кови «Өте тиімді жандардың жеті қабілеті». Барлық прокурорлар осыны оқығаны жөн. Мұны оқып, өзгеретіндеріңізге, айналаға басқа көзқараспен қарайтындарыңызға сенімдімін», — дейді Жақаң. Сол кезде Бас прокурор оқуға кеңес берген кітаптардың арасында Радислав Гандапастың «Шешенге 101 кеңес» кітабы да болған екен.
Президенттің ұсынуы бойынша Жақып Асанов Жоғарғы Соттың Төрағасы қызметіне сайланды. Жақып Қажыманұлы Жоғарғы Сотта бақандай бес жыл немесе 1 823 күн жұмыс істеді. Бұл тұста саланы жемқорлық, қызметті туыс-туғандарға «үлестіру» секілді көріністер жайлаған болатын. Судьялардың қызметіне, сот істеріне биік лауазымды тұлғалардың араласуы немесе қоғамдық пікір арқылы қысым жасау құбылыстары белең алып тұрған. Бұған тосқауыл қою үшін судьяларға түрлі жолмен заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою керек болды. Сондықтан Жоғарғы Соттың басшылығы толық дерлік жаңартылды.
Жоғарғы Сот Төрағасы жаңа жұмысында тағы да жаңашылдығымен көзге түсті. Жұмыс тәсілін өзгертті. Сот өкілдеріне бірнеше ашықхат жазды.
«Әрбірімізді тағайындаған немесе судьялыққа ұсынған Мемлекет басшысы. Бізге мемлекет атынан сот төрелігін іске асыруды сеніп тапсырды. Сондықтан Президент алдында да, қоғам алдында да, әрбір азамат алдында да кәсіби жауапкершілік арқалаймыз. Халықтың сапалы сот төрелігіне сұранысын қанағаттандыру – біздің күн сайынғы міндетіміз. Жақындарымыз бен туыстарымыз алдында да жеке жауаптымыз. Судья ретінде де, тұлға ретінде де олардың алдында арымыз таза, беделіміз кіршіксіз болуы тиіс. Сондықтан сіздерге өтініш – кеңесу бөлмесінде қалып, сот шешімін шығарғанда тым болмаса: «Мен заңды және ар-ожданды басшылыққа аламын» деп бір рет іштей қайталаңыз.
Міне, осындай мазмұндағы хаттар сот төрелігін атқаратын лауазым иелерінің санасына қатты әсер етті. Әсіресе, Жоғарғы Сот Төрағасының бұқарамен ашық байланысқа шығуы бастапқыда тосын көрінген.
«БАҚ-та, әлеуметтік желілерде біз туралы, мен туралы әртүрлі әңгіме бар. Шешімдерімен құқықты қалпына келтірген, әділ ақтаған судьялар жайлы да жақсы пікір көп. Сын да бар, негатив те бар. Тіпті, мен реформатормын ба әлде ұраншыл, сөзінен ісі аспайтын демагогпін бе деген сұрау жүргізілген екен. Мұның барлығына түсіністікпен қараймын. Мұны мен дұрыс жаққа бағыт сілтейтін, қолға алған шараларымыздың дұрыс-бұрыстығын көрсететін компас ретінде қабылдаймын», – деп мәселені төтесінен қояды. Сондай-ақ Жақып Асанов қазақстандық сотқа қаржылық тәуелсіздік алып берді. Екінші жетістігі – судьялардың жұмысы жеңілдеді. Асанов тізгінді алғанға дейін соттар тау болып үйілген істердің астында еді. Істер саны 20 жыл бойы тек өсумен болды. 2018 жылы шырқау шегіне жетті: бір жылда судьялар 4,5 млн істі қараған. Күніне 20 мың іс келіп түсетін. Әрбір судья күніне 11 істі, ал Алматы мен Астанада – 50 істі қарайтын.
«Біз арқылы миллиондаған адам мен бизнестің тағдыры өтеді. Өткен жарты жылда аудандық, қалалық судьялар 1,8 млн 800 мың іс пен материалды шешкен. Жұмыс күндеріне бөлсек, әрбір күн судьялар нақты қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер мен материалдар бойынша 13,5 мың шешім қабылдады деген сөз. Әрбір судья орта есеппен 7 қорытынды шешім қабылдайды. Жоғарғы Сотта 8 182 шешім қабылданған. Күніне – 67 деген сөз. Бұл күрделі, көпэпизодты істер», – деп барлық өзекті мәселені қоғам талқысына ашық шығарады.
Мұның сыртында коррупциямен күрес аясында барлық сот залын бейнекамералармен жабдықтап, сот талқылауларын бейнетаспаға жазу, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистерін енгізу міндеті алға қойылды. «Бұрын адамдардың сотқа жеке өздерінің келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады» дегенді ешкім өңі түгілі түсінде көрмеген еді. ІТ сервис арқылы сотқа ыңғайлы және кедергісіз жол ашылды. Сот өндірісін автоматтандыру және үнемді етуге басымдық берілді. Әлемдік сот тәжірибесінің барлық мүмкіндігін қолданып, үлкен қормен жұмыс істеуді бастады. Яғни, жасанды интеллектке басымдық беру. Компьютер аз уақытта барлық сот тәжірибесі мен заңдарды реттеп, қажетті сипаттама беретін болса, бұл да бір жетістік. Бұл әзірге қиялдағы дүние болып көрінгенімен, жақын болашақта іске асады. Алдағы 2-3 жылда сот залында процестің барлық қатысушысын жинауды қажет етпейтін «виртуалды» соттар құру жоспары қарастырылды. Процеске қатысы бар азаматтар үйінде, жұмысында отырып-ақ процеске қатыса алатын мүмкіндік туды.
Жолсапарда жүргенде Жақып Қажыманұлынан сыр суыртпақтап, Жоғарғы Соттағы қызметі қалай болғанын сұраймын ғой баяғы. Сонда ол: «Біз 7 ірі жобаны топтастырып, 7 команда әзірледік. Қалыптасқан тәртіппен жұмыс істейтін мамандарды іріктеп алдық. Оларға жобалық менеджмент бойынша курстар өткіздік. Біздің айтарымыз да, талқылайтынымыз да көп болды. Соның ішінде басты жетеуіне назар аудардық. Бірінші – әділеттілік. Адамдар не көреді? Ұқсас істердің әртүрлі шешімін көреді. Бірдей қылмыс жасаған адамның біреуіне 5 жыл, екіншісіне шартты түрде 2 жыл кесіп, сот залынан босатып жібереді. Көптің көкейінде логикалық сұрақ пайда болады. Неге біреуі түрмеге қамалды, екіншісі неге босап шықты? Сот неге мұндай бассыздыққа жол береді? Анықтық жоқ жерде адамдар әділдік туралы айта ма? Қоғам соттың шешімін ғана емес, процестің өзін де бағалайды. Сотты қай кезде әділ деп таниды? Екі тараптың да жеңіске бірдей мүмкіндігі болған кезде. Судья екі тарапқа да мұқият әрі талапты бірдей қойған кезде. Сотқа қатысушылар судьяның соңғы шешіміне қатысты қанағаттанарлық түсініктеме алып, соттың өзіне деген құрметі мен сыпайылығын көрген кезде. Мұндай кезде тіпті жеңілген тарап та сот шешімін түсіністікпен қабылдайды. Қылмыстық процесті алайық. Басты сын – айыптауға бейімділік. Тергеуші материалдарды жинайды да, оны сотта дәлел ретінде мойындайды. Бұл дәлел ме, жоқ па, ол жағын айыптаушы тарап шешеді. Ал қорғаушы тараптың мұндай құқығы жоқ. Бұл – тең құқықтық принципіне қайшы. Сондықтан сарапшылар кез келген материалды дәлел ретінде полиция мен прокуратура емес, сот бекітуі тиіс деп санайды. Сосын бір мәселе – сот процесіне дейін судьялар іспен танысқанда-ақ айыпталушының кінәлілігі туралы парадигма қалыптасады. Ол айыптау міндетін бойына сіңіріп алады. Оған қорғалушы тараптың дәлелін адекватты қабылдау қиын болады. Ал екінші тараптың сөзін тыңдамаған жерде әділдік бар ма? Оған қоса, біздің айыптау актілеріміз үзілді-кесілді, бір мағыналы – жасады, қылмыстық ой болды, ұрлады деген сияқты кілең етістіктерден тұрады. Халықаралық соттарда басқаша стиль қалыптасқан. Айыпталушы тараптың әрекеті басқаша сөздермен сипатталады: болжау, мәлімдеу, бекіту тағы басқа. Мұны прайминг әсері деп атайды, яғни алғашқы нұсқа адамның (судьяның) ары қарайғы әрекетіне және санасына әсер етеді. Бұл туралы Стивен Кови «7 дағды» еңбегінде анық жазған. Сот арқылы ақталған істің болмашы 0,2 пайыз ғана болып, айыптау үкімдерінің 99,8 пайызға жетуінің себебі осы емес пе? Сондықтан сарапшылар судьяға барлық қылмыстық істі емес, тек айыптау актісін ғана беруді ұсынып отыр. Сонда екі тарап та ашық сот процесінде өз дәлелдерін бірдей ұсына алады. Президент сотта ешқандай «кездейсоқ» адамның болмауы қажеттігі туралы нақты тапсырма жүктеді. Бұл тақырыпты судьялар да көтеріп отыр. Сұрақ төтесінен қойылды. Сотқа біз кімді және қалай іріктеп аламыз? Қатаң ережелермен ашық іріктеу жүргіздік. Корпоративтік сектордан алып, өзімізге бейімдедік. Үміткерлерді өзіміз емес, Делойт, Прайс Уотер Хауз компаниялары және Назарбаев университетінің сарапшылары бағалады. Үміткерлер өздерін кімнің бағалайтынын білген жоқ, ал сарапшылар кімге баға беріп жатқанынан хабарсыз болды. Құжаттар фамилиясыз, штрих-код арқылы берілді. 2 300 үміткердің арасынан іріктеуден 126 адам өтті. Әрқайсысына қарап, лайықты жас мамандардың өткеніне көзім жетті. Бірақ осы жұмыстарды атқару барысында өзіме жақтастармен қатар атарға оғы болмай, өшіге қарайтындар қатарын көбейтіп алдым-ау деп те ойлаймын», – деген еді.
Жақып Қажыманұлы: «Адам тағдырын конвейерге айналдырсақ, сапа қайдан болсын? Арызданып жүргендер бала-шаға, қалшылдаған қарт емес. Көбі бизнес жасап, жұмыс орындарын ашып, елге пайда келтіріп жүрген азаматтар. Кәсібін ысырып қойып, алтын уақыттарын соттасуға жұмсауда. Біреу меншігін даулайды, екіншісі қарызын талап етеді, үшіншісі еңбекақысын өндіргісі келеді. Үйдегі мәселесін сотта шешемін деушілер де көп. Ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдай аз емес. Кәсіпкерден «жағдай қалай?» деп сұрай қалсаң, соттасып жатырмын деген сөзін жиі естисің. Сонда табиғатынан сабырлы, жанжалды жақтырмайтын халқымыз дауға құмар болып кеткені ме? Басымыз піспей қалса, дереу сотқа жүгіреміз. Қит етсек сол. Екі арадағы дауды сахнаға шығарып, айқай-шумен шешкіміз келеді. Бітімге келу, татуласу, келісу мәдениетіміз қайда жоғалып кетті? Сотқа арызды бермей жатып, таныс іздей бастаймыз. «Сотта ағам бар, көкем бар» деп қорқытамыз. Сондағы мақсат – әділдік емес, оппоненттен өш алу, абыройын айрандай төгу.…Билер сотының түпкі мақсаты – екі жақты татуластыру, табыстыру болған. Дауды тек сот шешеді деген көзқарас бізде қатып қалған. Кейде басында ашуға беріліп, сотқа жүгініп, кейін басылып, «қатты кеткен жоқпын ба, алдыма келсе шешу жолын іздер едім ғой» деп жатамыз. Соттар осындай бейбіт жолды көрсететін, ұрыс-керіссіз, бір-бірін тыңдап, бір мәмілеге келуіне жағдай жасайтын алтын көпір болуға тиіс. Сот, әкімдер, Ассамблея, партиялар болып осыны қолға алсақ. Қай кезде де сөзге тоқтаған халықпыз ғой. Бітімнің, татуласудың бар пайдасын жылы, сүйегіне өтетіндей, жүрегіне жететіндей сөздермен айтып үйренсек, онда қоғамда шағым да азаяды, жалпы ахуал да жақсарады. Соттасып, тартысып, араздасып жүрген адамдарда қандай көңіл болсын? Айтысып жүрген ағайындарымызды компромисске келтіретін, бітімге шақыратын, оның артықшылығын, ұтымды жағын ашып көрсететін, сотқа жеткізбей татуластыратын бір тиімді құрылым жасасақ, оған мықты мамандарды дайындасақ – медиатор, психолог, конфликтолог, отставкадағы судьяларды және сөзге шешен, ойы жүйрік, халықпен тікелей сөйлесе білетін, тілін табатын, көндіре алатын тұлғаларды тартсақ қайтеді деген ұсыныс тастадым», – деп дау-дамайды шешудің халықтық тәсілін енгізуге бастамашы болғанын баяндады.
Жоғарғы Сот Төрағасы лауазымында Жақып Асанов Қазақстанда ең бірінші болып мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына – әріптестеріне хат жазу тәжірибесін енгізді. Ол Жоғарғы Сотқа келген сәтінен бастап коммуникация мәселесіне басым назар аударады. 8 айлық жұмысының ішінде ол 5 хат жазды. Олардың әрқайсысының нақты тақырыбы мен міндеті бар. «Аз жасалған жоқ, бірге жалғастырамыз!» деп аталатын бірінші хат 2017 жылдың 20 желтоқсанында жазылған. 2017 жылдың 28 желтоқсанындағы екінші хаты «Қазақстанның адвокаттары мен прокурорларына» деп аталған. Бұл хаттарда Ж.Асанов соттардың жұмысын жақсарту үшін ашық сұхбат бастауды ұсынады. «Не істейміз, не істейтін боламыз және неліктен?» деп аталатын үшінші хат 2018 жылдың наурызында жазылған. Онда Ж.Асанов сот жүйесін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында баяндайды. 2018 жылдың 26 сәуірінде жазған бесінші хатында сот жүйесін жаңғырту жайындағы әңгімесін одан ары жалғастырған. Сот актілерінің сапасына ерекше назар аударып, үздік сот актілері байқауының басталғанын және оның мақсатын жан-жақты ашып көрсеткен. «Сізбен біздің жауапкершілігіміз жайында. Кәсіби әрі жеке» деп аталатын бесінші хат 2018 жылдың 13 тамызында жазылған. Онда Жоғарғы Сот Төрағасы судьяларды сот әділдігін шығару барысында заң мен ар-ожданды басшылыққа алуға шақырған. Ж.Асановтың барлық хаты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған.
Биылғы 24 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жақып Асановты Сенат депутаты етіп тағайындады. Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасының орынбасары болып Жақып Асанов сайланды. Оның кандидатурасын Мәулен Әшімбаев ұсынған. Депутаттар Жақып Асановты бірауыздан қолдады. «Сенімдеріңіз үшін рақмет. Бұл – үлкен жауапкершілік. Мен оны түсінемін. Сол себепті өз міндеттерімді атқару үшін бар білімім мен тәжірибемді жұмсауға дайынмын», – деді Жақып Асанов.
Бүгінгі сөз соңын заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Адамдар әділ болса, өмір әрқашан әділ» деген аталы сөзімен түйіндегенді жөн көрдік.
Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор