«Ай­лық табысым – 15 миллион теңге» – Үй жинап, үйіп ақша табатын кәсіпкер сырын айтты

Қазір адами құндылық та, сұраныс та заман талабына сай өзгерген. Табысы бар азаматтар үй тазалауға уақыт шығындағысы келмейді де, кли­нинг қызметіне жүгінеді.

Сәйкесінше, сұраныс бар жерде жаңа кәсіп көзі де пайда болған. Ұсынысын заң мен бизнес қағидаларына бейімдеп, клининг қызметінің арқасында миллиондап табыс тапқан жастың бірі – Нұрхан Нұрмаханбетов. 

Үй тазалау үшін де кәсіби білім керек

Ең алғаш рет клининг қызметі Англияда ХІХ ғасырда пайда болған. Кәсіби тазарту ма­мандарының бірінші тұтынушылары байлар мен ресми мекемелер еді. Аталған сұраныс ұлғая келе British Institute of Cleaning Science атты тазалау ғылымының инс­титуты құрылды. Әкімшілік, меди­ци­налық, бі­лім беру ғимараттарының қатары кө­бей­ген сайын тазалау қызметінің сұранысы ар­та түсіп, жұмысты жеңілдету үшін әрі тиім­ділікті арттыру мақсатында арнайы ма­­­шиналар ойластырылды. 1955 жылы әлем­де бір дискілі машина құрастырылды, одан кейін 1969 жылы «Таски» атты жабдық құрастырылып, таза және кір суды түспен ажырататындай ерекшелікпен жасалды. Ал 1970 жылдары су ағызып қана қоймай, оны қайтадан сорып алатын құрылғылар пайда болды. Кілем секілді түкті дүниелерді жууға қолданылатын экстракторлар мен еден жуатын машиналар күні бүгінге дейін кли­нерлердің жиі қолданатын жабдықтары бо­лып саналады. 

Соңғы жылдары елімізде клининг қыз­меті кеңінен таралып, табысты бизнестің түрі­не айналды. Нұрхан Нұрмаханбетов жо­ғары оқу орнында IT мамандығы бойын­ша білім алған. Бірақ оқуынан бос уақытта қо­сымша табыс табуды жөн көрген жас кә­сіп­кер бүгінде жеке клининг компания­сын ашқан. 

– Студент кезімде Тараз қаласындағы қы­мызханада да жұмыс істедім. Ал 2018 жы­лы Алматы қаласындағы бір клининг ком­панияға жұмысшы болып кірдім. Са­бақ­тан бөлек 3 ай демалысымда сол жерде 3 жыл жұмыс істедім. Сол кезде клининг қыз­метіне деген халықтың сұранысының ар­тып келе жатқанын көріп, «неге жеке ком­пания ашпасқа?» деген ой келді. Бір жа­ғынан, тазалықты жаным сүйеді. Екінші жағынан, бақ пен береке тазалық болған жерде болады. Қазір командамда 100-120 қыз­меткер бар. Клининг саласындағы білі­мімді жетілдіру үшін 2020 жылы Ресейден қо­сы­мша білім де алдым. Кейін коман­дам­дағы қызметкерлерді де сол жақта білім алу­ға жібердім. Себебі үй тазалау үшін де кә­сіби білім керек. Клининг қызметін аша­мын деген адам ең бірінші жанына сенімді, ең­бекқор команда жинай алуы тиіс. Сосын тап­сырыс берушілермен тығыз қарым-қа­тынас орнатуы қажет. Мен командаға апта сайын тренинг өткіземін. Бір үйді тазалауға 6-7 сағат кетеді, – дейді Нұрхан Нұрмахан­бетов. 

Клининг қызметін бастауға көп қар­жы­ның қажеті жоқ. Клинингтік компа­ния­лардың 3 түрі бар: бірі пәтер мен кеңсе та­за­лауға бағытталса, екіншілері коммер­ция­лық жылжымайтын мүліктерге күн сайын қыз­мет көрсетуді қолға алады. Ал енді бір ком­паниялар қызметтің бір ғана түрін таң­дайды, мысалы кілем жуу, киімдерді хи­мия­лық тазалау қызметін ұсынады. Компания үл­кей­ген сайын оның көрсететін қызмет түр­лері де артады. Сондай-ақ клинингтік ком­панияға арнайы кеңсе қажет емес. Тап­сырыс қабылдау үшін телефонға жауапты адам болса болды. Уақытылы тапсырыс қа­был­дап, жұмысшыларды жөнелтіп отыр­са жеткілікті. Әрине, кеңсесіз фирманы елестету қиын. Уақыт өте келе тұтынушылар қатары көбейген соң, қызметкерлердің қа­тары да, қолданатын заттар да артады. Сол уақытта жайлы әрі қолайлы кеңсе жалдауға тура келді. 

Құрал-жабдықтарды шетелден алдырады

Кейіпкеріміздің айтуынша, пәтер, кең­се тазалауға тапсырыс берушілер гипоал­лер­генді заттардың болғанын қалайды. Үй жануарларын асыраушылар арнайы иіс ке­тіретін, тазартатын құралдарға тапсырыс бере­ді. Сонымен қатар мамандарды оқы­тып, қай жұмысқа қандай химиялық затты пай­далануды білетіндей деңгейге жеткізу – та­быс­ты бизнестің көзі. Клинер тапсырыс түрі­не қарай қолданылатын құралдарды өзі біліп, таңдап, орынды істей алатын дәре­жеге жетуі керек.

– Бір өкініштісі, елімізде үй тазалауға ар­налған кәсіби аппараттар жоқ. Сон­дық­тан біз керекті құрал-саймандарымызды, жуа­тын кәсіби қоспаларымыздың барлы­ғын Германиядан алдырамыз. Көп жағдайда адамдар үйлерін толыққанды тазаламайды. Негізі біз істеп жүрген қызметті үйде де жа­сай алады. Бірақ олар дәл біз сияқты үй­дің қуыс-қуысын, қай жерде микроб­тар­дың көп жиналатынын аңғармайды. Сон­дықтан оқырмандарға айтар кеңесім – азық-түлік сақтайтын орындарды, мик­ро­толқынды пештің ішін, аспалы шамдар мен түсқағаздарды да ерінбей тазалау керек, – дейді Нұрхан Нұрмаханбетов. 

Клининг саласындағы кәсіби жуғыш құралдардың барлығы – шетелдік өнім. Бұл кә­сіпті бастауға кір сабын мен қарапайым дезинфекциялық құралдар жарамайды. Үй­дегі әр заттың өзіне тән жуғыш құралы бо­лады. 

– Күніне бізге 20-30 тапсырыс түседі. Ай­лық табысым 15 миллионнан кем емес. Қа­зір үлкен қалаларда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Үй көбейген сайын біздің клининг қызметіне деген сұра­ныс та артып келеді. Көбіне азаматтар бос уақытын үй жинауға жұмсағанша, пайдалы іспен айналысуды таңдайды. Сол кезде кли­нинг қызметін шақырады, – дейді жас кәсіпкер. 

Әлеуметтік желі қолданушылары «жігіт болып үй тазалағаннан ұялмайсың ба?» деп Нұрханды жиі сынайды. Бірақ кейіпкеріміз адал еңбек етуден ұялмайтынын айтты.

– Қазір жұмыс істеймін деген жастарға мүм­кіндік көп. Мен біреудің ала жібін атта­сам, үйде жұмыссыз қол қусырып отырсам ұя­лар едім. Бірақ үй тазалағаннан еш ұял­май­мын. Осы кәсібімнің арқасында бауыр­ларыма үлгі болып жүрмін. Еден жуып жүріп, анамды қажылыққа апарып келдім. Баспаналы болдым, – дейді клининг ком­па­ния жетекшісі Нұрхан Нұрмаханбетов. 

Иә, ізденген адам әрқашан табыстың кө­зін табады... 

Көктем ҚАРҚЫН