Робот үш күнде 297 жүргізушіні ұстады

Көлік жүргізушілердің ұялы телефонмен сөйлесуі, қауіпсіздік белдігін тақпауы жиі кездесетін проблема. Енді жол ережесін бұзушыларға қарсы жасанды интеллект жүйелері қолданыла бастады. Олар бір қолымен рөлді ұстап, бір қолымен смартфонда әріп теріп отырған жүргізушінің суретін түсіріп, жол сақшыларына жібереді.

Көлік жүргізушілердің ұялы телефонмен сөйлесуі, қауіпсіздік белдігін тақпауы Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің барлық елдерінде жиі кездесетін проблема. Ұлыбританияда ережені бұзушыларға қарсы жасанды интеллект жүйелері қолданыла бастады. BBC News өзінің зерттеуінде ЖИ жүйелерінің құқық бұзушыларды анықтауда тиімді құралға айналғанын айтады. Aikyn.kz шетелдік әріптесінің материалына сүйеніп, ақылды камералардың техникалық сипатымен таныстырады.

Фото BBC News сайтынан алынды. Авторы: DEVON AND CORNWALL POLICE

Ұлыбританиялық жол сақшылары Корнуолл штатындағы A30 магистралында ЖИ жүйесіне негізделген қозғалыс қауіпсіздігін қадағалайтын автономды камераны қолдана бастады. 

Корнуолл полициясының мәліметінше, камералар жол ережесін бұзушыларды анықтау үшін ЖИ-ды пайдаланып анықтауға кіріскен. Бұл құрылғы өтіп бара жатқан көліктердің суретін анық түсіру үшін жоғары тұнықтығы бар камералар, инфрақызыл жарқыл мен арнайы сүзгілер пайдаланады.

Фото BBC News сайтынан алынды. Авторы: AECOM

Түсірілген суреттер ЖИ бағдарламалық құралы арқылы қаралады, оларда құқықбұзушылықтың дәлелі бар деп танылса құқықбұзушылық жасалғанын тексеру үшін полиция өкіліне жіберіледі.

Соңғы шешімді жол сақшылары барлық суреттерді салыстырып отырып өздері қабылдайды.

Құқықбұзушылық болғаны расталса, оның ауырлығына байланысты жүргізушіге ескерту хаты немесе жауапкершілікке тартылғаны туралы хабарлама жіберіледі. ЖИ камера жүйесін автожолдың бойындағы әртүрлі бөліктерді бақылау үшін оңай жылжытуға болады. 

Фото BBC News сайтынан алынды. Авторы: Acusensus

Жасанды интеллект камера жүйесі алғашқы үш күннің ішінде заң бұзған 300-ге жуық жүргізушіні ұстаған. Қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе ұялы телефонмен сөйлескен жүргізушілердің көптігі полицейлердің «көңілін» қалдырған. Алғашқы 72 сағатта ЖИ камера жүйесі: ұялы телефон қолданған 117 жүргізушіні, қауіпсіздік белдігін тақпаған 180 жүргізушіні жауапқа тартқан.

2022 жылы Vision Zero South West орталығы Acusensus компаниясының жол қауіпсіздігі технологиясын ауқымды көлік жүйесін 15 күндік сынақтан өткізді. Осы уақытта Девон мен Корнуолл жолдарында 590 қауіпсіздік белбеуін тақпаған және 45 ұялы телефонды қолданған заң бұзу фактілері анықталған.

Фото BBC News сайтынан алынды. Авторы: DEVON AND CORNWALL POLICE

Жол сақшылары өткен жылы екі округтің жолдарында 48 адам қаза тауып, 738 адам ауыр жарақат алғанын айтады. Девон мен Корнуолл полициясының қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Адриан Лейск: «Біз өткен жылы ЖИ технологиясын қолданып көргенде, қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілердің көптігін байқадық», – дейді.

Ұлыбританиядағы зерттеулер көлік жүргізу кезінде ұялы телефондарды пайдалануда проблемалар бар екенін көрсеткен. Біздің елімізде де қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізе отырып телефонды қолдану сияқты құқықбұзушылық аз емесі анық. Қазақстандық жүргізушілер де көлік жүргізу кезінде телефонды пайдалану қауіпті екенін, елімізде қолданылатын жаңа технологиялар ондай жүргізушілерді дәл анықтап жазалауға мүмкіндік беретінін естен шығармағаны дұрыс.

Жол ережелерін сақтамайтын «ықпалды» жүргізушілер мен заңға бағынатын сақшылардың арасында болатын қызықты да  күлкілі диалогтерді мына видеодан көруге болады. Қауіпсіз жолды бірге жасайық!