«Қазақстан» шахтасындағы өрт: 5 кеншінің тағдыры белгісіз, 4 адам ауруханада

Оқиға болған кезде жерастында 227 адам болған.

Жерастында өрт болған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында 222 қызметкер жер бетіне шығарылды.

 

Бастапқы ақпарат бойынша, апат орнында дәрігерлерге 13 адам жүгінген. Олар бас ауруы, жөтелге шағымдануда. Қазір  төртеуі ауруханаға: екеуі Шахтинск орталық ауруханасына, екеуі Облыстық медициналық орталыққа жатқызылды.

Айта кетейік, бүгін сағат 10.05-те Д6 (көкжиек – 170 м) көмір еңісінің қазбасында конвейер таспасы өртенді. Апатты жою жоспары енгізілді.

Оқиға болған кезде жерастында 227 адам болған. Жұмысшыларды эвакуациялау қапталдағы оқпан арқылы жүргізілді. Оқиға орнында «КӘАҚҚ» РО бөлімшесі және ТЖД қызметкерлері жұмыс істеуде. Өрттің себептері анықталады.