Көкшетауда Шоқан Уәлиханов университеті жаңа оқу жылына әзірлігін көрсетті

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын жоғары оқу орындарында да қарбаласқан қызу тірлік басталып кеткен. Әсіресе, елдің әрбір оқу орындарын өз студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету басты назарға алынады.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті БАҚ өкілдерімен арнайы кездесу өткізіп жаңа оқу жылына әзірлік жұмыстарын көрсетті.

Жоғары оқу орнында бүгінде 7 мыңнан астам студент білім алады. Оқу орны басшысы Марат Сырлыбаев университеттің соңғы жетістіктері мен алдағы даму перспективалары жайлы толығырақ әңгімелеп берді.

Ректордың айтуынша, университетте студенттердің өзін-өзі басқаруына баса мән беріледі. Оқу орнында түрлі ұжымдық клубтар мен ұйымдар құрылған. Студенттердің шығармашылығын дамыту мақсатында «Шаңырақ» домбыра үйірмесі,  Impulse  би студиясы, «Жауқазын» жастар театр мен  New voice  вокалдық студиялары сәтті жұмыс жүргізіп келеді. Студенттердің өзін-өзі басқару өкілеттілігін кеңейту мақсатында университеттің комиссиялары мен кеңестеріне қатынасуына, оқу процесінің сапасын бағалау, студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары мен оқуы, құқықтық тәртіпті бақылау шараларына қатысуына мүмкіндік берілген.

Университет бүгінге дейін 962 студентті бірінші курсқа қабылдап үлгерген.  Оқу орнында үш студенттер үйі мен екі жатақхана бар. Мұнымен қоса университет жатақхана тапшылығын азайту үшін өз қаржысына 500 орындық жатақхана салуды қолға алған. Сондай-ақ «Көкшетау» мейманханасымен келісімшарт жасасып, студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берілген. Университеттің жатақханалары мен салынып жатқан нысандарына экскурсия жасалды.

– Университетте студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге барынша көңіл бөледі. Жалпы, 1 365 студент жатақханамен қамтамасыз етіледі. 500 орындық жаңа жатақхананың құрылысын бастадық. Ең алдымен, бірінші курс студенттері мен жеңілдік санатындағыларға орын ұсынылады. Жатақханаларға орналастыру мәселелері бойынша дереу үн қату үшін оқиғалық орталық құрылды. Студент жастарды одан әрі дамыту үшін жастар саясатын жүргізуге барынша назар аударамыз. Ол үшін талантты  жастарды дамытудың бірегей бағдарламасы жасалған. Жалпы, жүлде қоры 1,5 миллион теңге конкурста студенттерді кәсіби өзін-өзі анықтау, жеке дамыту, еліміздің үздік компанияларына жұмысқа орналастыру сияқты мәселелер қолға алынған, – дейді университеттің бірінші проректоры Ғалым Байтоқ.

Жиын барысында сөз алған университеттің 3-курс студенті Ақбота Мұхаметбекова оқу орнындағы омбудсмендер институтының жұмысы туралы баяндап берді. Бұл жаңашылдық студенттердің Call орталыққа хабарласып, өз сұрақтарына жауап алуға, өз мәселелерін өздері бірлесіп шешуіне, білімдерін жетілдіруге барынша мүмкіндік бермек. Жиын барысында университеттің С.Сәдуақасов атындағы агротехникалық институтының 2-курс студенті Меруерт Оспанова медальмен марапатталды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ