Саз әлемін серпілткен «Серілер»

Саксофонды квартетке биыл – 25 жыл.

Өнер – өміршең, мәдениет – мәңгілік дейміз. Уақыт дәлелдеген шығар күндей шындық – осы. Әулиеата өңірі – өнер саласындағы небір саңлақты дүниеге әкеліп, бесігінде бөлеп, қияға ұшырған киелі мекен. Қойнауына құт қонған қасиетті өлкенің топырағын түрте қалсаң ән-күй боп төгіледі, жерімен жүре қалсаң елдің даңқын аспандатқан небір елтұтқа азаматқа кезігесің. Біздің тілге тиек тиер кейіпкеріміз Тараз өңірінің тумасы, ардақты ұстаз, өнер қайраткері Әуесбай Бақбергенұлы жөнінде айтылған әңгіменің негізгі өзегі, түп қазығы – адамгершілік. Әукеңнің өнерге деген махаббаты, біреуге жасаған жақсылығы мен көмегі, үлкенге ізеті, кішіге ілтипаты, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттері қарап тұрсам әуелбастан имандылыққа, адамгершілікке негізделген екен. Ендеше, мұның барлығы өзекті жанға өнеге, ұлт мұраты үшін ұлағат десем, әсіре сөз болмас.

Әукеңмен таныстығым 1997 жылы басталды. Сол жылы Таразда байырғы білім ордалары – педагогикалық және мәдениет және өнер колледждері бірігіп, Абай атындағы гуманитарлық колледж болып аталды. Мұның алдында мен мәдениет және өнер колледжінде, Әукең педколледжде оқытушы болатын. Жаңадан біріккен екі оқу орнының ұстаздарын ортақ жиналыста таныстырды. Сөзі мығым, ісі де тап-тұйнақтай жинақы жүретін иманжүзді кісінің есіміне бұрын сырттай қанық болып жүрсем де етене аралас-құралас болмаппыз. Өмірдің сол бір өткелінде жаны жайсаң азаматпен бір ұжымда қызмет ету бұйырған екен. Әріптес бола жүріп, Әуесбай ағаның талай ізгі қасиетін байқадым. Солардың арасында, әсіресе ойының ұшқырлығы мен ұтқырлығына тәнті болатынбыз. Шығармагер адамға ең алдымен түрлі ой-идея ұсыну ғана емес, оны дер уағында жүзеге асыру да тән болғаны құба-құп. Бұл тұрғыдан Әукең әрдайым идеяның адамы екенін мойындайтынбыз. Колледжішілік, қала, облыс деңгейіндегі мәдени-көпшілік және қоғамдық іс-шараның басы-қасында әдетте Әукең бастаған ұжымның көркемөнерпаздары жүруші еді.

Абай атындағы гуманитарлық колледжде мен 1997-2008 жылдар аралығында 11 жыл кларнет, саксофон сияқты үрмелі аспаптар пәнінен оқытушы болып қызмет еттім. Әр заманда саз әлемінің өз сәні болады ғой. Қазіргідей есімде, 1997-1998 оқу жылы еді. Сол жылдары әншілер арасында дуэт, трио боп ән айту қазіргі тілмен айтсақ, трэндке айналған кезі-тұғын. Оның үстіне, 1998 жылдан бастап білім беру мекемелері арасында көркемөнерпаздар ұжымдарының байқау-фестивальдері тұрақты өте бастады. Сондай өнер байқауының бір талабы бойынша дуэт, трио мен квартет болып ән шырқау шарт еді. Бір күні жұмыста отырсақ Әукең «ақылдасатын шаруа бар» деп ұжымдағы төрт ер-азаматтың басын қосты. Олар – Асылбек Жанғарин, Серік Қалмағамбетов, Мұхит Мулкаразов, яғни мен және Әукең өзі еді. Басымызды қосты да бірден іске көшті:

– «Жігіттер, елімізде қазір дуэт, трио көп. Үш дауыста шырқайтын әйгілі «Алатау» триосы сонау 1974 жылдан бері бар. Дегенмен төрт дауыста ән айтатын ер-азаматтардың квартеті дегенді бұл қазақта әзірге естімедім. Ендеше, осы отырған төртеуіміз топ құрып, ән айтсақ қалай?!, – деді бізге сұраулы жүзбен қарап. Тосыннан айтылған ұсыныс бәрімізге ұнай кетті білем, бірден қостай кеттік.

– Квартет мүшелері белгілі, енді атын не деп қоямыз?, – дегенімізде:

– «Серілер» болсақ қайтеді?» – деп тағы да Әукең атауды әуелден ойластырып қойғанын білдіріп.

– Серілер болсақ, несі бар, болайық, – деп бұл ұсынысын да жатырқамадық.

«Серілер» квартетінің әрбір мүшесінің өз орны, қызметі болды. Төрттік топтағы жасы үлкені Әуес аға болғандықтан,  тобымыздың көркемдік жетекшісі де өзі болсын деген ұйғарымға келдік. Әукеңнің қуаныштан жүрегіндегі шаттықтың шалқымасы көкейіне ән болып құйылатын. Сазбен әрлейтін музыкалық жетекші етіп, Секең, яғни Серік Қалмағамбетовті сайладық. Дыбыс жазу да сол кісінің мойнында. Мен әрі вокалист, әрі саксофон аспабында ойнадым. «Серілердің» басты ерекшелігінің бірі – өз құрамында саксофон аспабын қолдануы. Саксофонды әншілердің өнер ұжымына қолдану тәсілі ол кезде де, қазір де жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Квартеттегі негізгі бірінші дауысты әншіміз Асекең, Асылбек Жанғарин болды. Әукең жоғары дауысты ұстаса, Секең тенор боп үшінші дауысты алды. Төртінші баритон дауыс менің еншіме тиді. Репертуарымыз негізінен ретро әндерден құралды. Себебі халық жадында жатталған ретро әндер көбіне көрерменнің зор ықыласына бөленетінін түсінетінбіз.

Ортаның сәнін келтіріп жүретін өнерпаздар қай кезде де, қай жерде де сый-құрметке бөленіп жүреді ғой. Өнерсүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын дарын иелерін әріптестері де алақанына салып аялап, қошемет көрсетіп, алғысын жаудырып жатады. «Серілер» квартеті колледж ішіндегі өз алдына, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі мәдени іс-шараның барлығында дерлік танымал төрттік болып, белсенді қатыстық. Қазір сағынышпен еске алатын керемет сол бір кезеңді Әукеңмен бір ұжымда өткізгеніме қуаныштымын. 1998 жылы құрылған саксофонды квартетке биыл 25 жыл толады екен. Ұлағатты ұстаз Әукең бастаған квартет оның мүшелерінің зейнетке шығуына орай тарап кетсе де ізбасар кейінгі толқын өнерпаздар ағалар жолын жалғастырар деген үміт бар. Ендеше бір кездері дүркіреген «Серілер» квартеті қайта жаңғырса, концерттері баяғыдай аншлаг боларына шүбә жоқ.

47 жылдық ұстаздық қызметте Әукеңнің қара шаңырақ педучилище – Тараздағы қазіргі Абай атындағы гуманитарлық колледжде жұлдызы жанып-жарқырай түсті деуге әбден болады. Алғаусыз еңбегі қандай марапатқа лайық болса да ол ешқашан атақ-марапатты іздеген жоқ. Қайта атақ оны іздегендей. Алғашқы марапатын тек алпыс жасқа қараған шағында алды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен құрметтеліп, «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі», Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгілері өңіріне тағылды.

Әукең ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы әрдайым өзге жандардан ерекшелендіріп тұрады. Еңбек жолында қандай қызметті сеніп тапсырса да Әукең әрдайым абыроймен атқарады. Ол білім берудің ғибратты даңғыл жолында көптеген жаңа жоспар жасап, ұжымымен бірге мол табысқа қол жеткізді. Өз ісіне берілген, шәкірттерінің жанына нұр құя білген Әуесбай Бақбергенұлының өнегелі өмірі – бүгінгі жастар үшін де тәрбиелік тағылымға толы екені шүбәсіз.

Мұхит МУЛКАРАЗОВ,
Оқытушы, сазгер