Шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қатысты.
– Ең бастысы, спартакиада халықтың барлық тобын біріктіреді. Студенттер де, мемлекеттік қызметкерлер де, зейнеткерлер де, мүмкіндігі шектеулі жандар да қатысады. Басты міндет – бүкіл халқымызды спортқа тарту, – деп әкім орынбасары спортшыларға жеңіске жетуге тілек білдірді.
Спартакиадаға Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск, Саран және Шахтинск қалаларынан 600-ге жуық спортшы қатысады.
– Спортшылар екі күн бойы 12 түрде жарысады: армрестлинг, волейбол, қазақ күресі, жеңіл атлетика, үстел теннисі, шағын футбол, жазғы президенттік көпсайыс, пауэрлифтинг, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, асық ату және бес асық. Мен спартакиаданың төрешісі ретінде алтыншы рет қатысып отырмын. Біздің басты мақсатымыз – адал төрешілік, ал спортшыларға сәттілік! – деп жарыстың бас төрешісі Қайрат Абдуллаев жарысқа қатысушыларға ақ жол тіледі.
Шахтинск қаласынан келген «Тентек» ДСК нұсқаушысы Дарья Федько спартакиадаға үшінші рет қатысып отыр. Мұндай жарыстар спортқа деген ынтаны арттыратынын айтты.
– Біздің команда ерлер мен әйелдер арасында барлық жас санаттарына қатысады. Біздің қатарымызда бухгалтерлер, мұғалімдер, ІТ мамандар, жеке кәсіпкерлер бар. Біз көп жаттықтық. Жүлдегерлер үштігіне енеміз деп сенемін, – деді Дарья.
Мереке барысында ерекше көзге түскен жаттықтырушылар мен оқытушыларға денешынықтыру мен спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғысхаттар, құрмет грамоталары мен сыйлықтар табыс етілді.
Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резерв колледжінің мамандандырылған мектеп-интернатының жұмысшысы Абылай Шүланбаев «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісіне ие болды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы