Байқау жеңімпаздары анықталды

Еліміз бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп келе жатқанына биыл 10 жыл. Осы уақыт ішінде байқауға республика бойынша 20 мыңнан астам отбасы қатысып, бақ сынапты. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысынан 2 000-нан астам отбасы ұлттық байқауға қатысқан.

Н.Островский атындағы облыстық дра­­­ма театрында «Мерейлі отбасы» бай­қауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау шарасы өтті. Сал­та­нат­ты кеште БҚО әкімі Нариман Төреғалиев сөз сөйледі. 

– Елімізде ырысы мен ынтымағы жа­ра­сып, ауызбіршілігі көпке үлгі болып жүр­ген отбасылар баршылық. Осындай үл­гілі жанұяларды дәріптеу мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауы өткізіледі. Қоғамдағы әр отбасы бо­сағасының беріктігі – мемлекет ірге­та­сының кепілі. Халқымыз қашанда от­­­басын қасиетті құрылым ретінде қа­был­даған. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп отбасындағы ұрпақ тәрбиесінің маңызын бағамдаған. Бұл ұлттық байқау ұрпақтар сабақтастығын, елге қызмет етудің ең озық үлгісін көрсететін сайыс болуымен де қоғам алдындағы құнды­лы­ғы арта түспек. Жалпы, биыл елімізде от­басы институтын нығайту, баланы қор­ғау және тұрмыстық-зорлық зом­бы­лық­тың алдын алу саласындағы мем­ле­кеттік саясатты іске асыру бойынша нор­мативтік-құқықтық және институ­цио­налдық база  құрылды, – деді аймақ бас­шысы Нариман Төреғалиев. 

«Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауы­ның облыстық кезеңіне қатысу үшін 200 от­ба­сы өтініш білдіріпті. Солардың іші­нен 21 отбасы облыстық кезеңге жолдама ал­ған. Олардың бәрі түгел аймақ бас­шы­сының қолынан сыйлық пен арнайы ал­ғысхаттар алды. 

Байқаудың облыстық кезеңінде бірін­ші орынды Казталов ауданынан келген Ниетқабыловтар отбасы ием­ден­ді. Ал екінші орын Орал қаласында тұра­тын Өтебаевтар әулетіне бұйырса, үшін­ші орынды Сырым ауданынан келген Қа­жиахметовтер отбасы қанжығасына байлады.

Бағы жанып, бірінші орынды алған Ниет­қабыловтар отбасының отанасын сөзге тарттық. 

«Біз қарапайым шаруа отбасымыз. Өмір бойына мал бақтық. Малдың еті мен сүтін азық етіп келе жатқан қазақтың қа­рапайым отбасымыз. Бүгін байқауға қа­тысқанымызға өте қуаныштымыз, үй­дегі келіндер өздері әзірледі ғой, біз тек дайындалып шыға қойдық», – дейді бақыттан жүзі бал-бұл жанған Нұржамал әже. 

Бұл көпбалалы отбасы. Үйдің отағасы Са­ғын­герей Қарекенов пен жұбайы Қа­ре­кенова Нұржамалдың отасқандарына 46 жыл болыпты. 

«Бес бала тәрбиелеп өсірдік, бүгінде не­мере-жиендердің қызығын қызықтап жүр­ген жайымыз бар», – дейді үйдің иесі Сағынгерей ақсақал. 

Олар 2010 жылы «Сағынгерей» шаруа қо­жалығын ашқан. Отбасында бәрі – ең­бек адамдары.

– Күніне сиыр сауып, сүт тартып, оның өнімін дайындаймыз. Келін екеуі­міз кезектесіп жасаймыз. Күніне 300-400 құрт жасап, сатылымға шығарамыз. Біз­дің өнімдерді Ресей де сатып алады, – дей­ді Нұржамал апай. 

Байқауда екінші орын иеленген Өте­баевтар отбасы – әскери қызметшілер. Ота­ғасы Ғалымжан Өтебаев та, жары Зы­лиха Оразаева да Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде қызмет атқарады. Көпбалалы жанұя. 

Ал үшінші орын алған отбасы – 100 жыл­дан астам уақыт бойына қаламды се­­рік еткен журналистер династиясы. Бұл әулеттің отағасы Махмет Қажиях­ме­тов – облысқа танымал журналист, ақын. Жұбайы Ботагөз Нұғманова – ау­дан­дық газетте корректор болып қызмет ат­қарған адам. Бүгінде журналистік қыз­метті отбасының бала-келіндері жал­­­­­ғас­тырып жүр. Отбасының журна­лис­тика са­ласындағы еңбек өтілі 107 жылды құрайды екен. 

Байқау жеңімпаздарына жақсы қар­жылай сыйлық берілді. Атап айтсақ, 1 орын­ға 1 миллион теңге, екінші орынға 700 мың теңге, үшінші орынға 500 мың тең­ге табыс етілді. Ең үздік шыққан Ниет­қабыловтар отбасы енді Астана қа­ласында өтетін республикалық байқауда өңір намысын қорғайтын болады.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы