Зейнеткерден қомақты ақша алған екі «курьер» ұсталды

Полиция Теміртауда екі алаяқты ұстады.

Теміртаулық киберпол қызметкерлері зейнеткерден қомақты ақша алған екі «курьерді» ұстады. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

15 тамыз күні Ескіқалалық полиция бөліміне 73 жастағы қала тұрғыны хабарласты. Жәбірленушінің айтуынша, оған белгісіз біреу полиция қызметкерімін деп хабарласып, оның қызы жол апатына кінәлі екенін жеткізген. 

 

Тұтқаның арғы жағындағы азамат 73 жастағы зейнеткерге қызын жауапқа тартпау үшін ақша беру керегін, ол ақшаны «курьер» алып кететінін айтқан. Арада уақыт өткенде жәбірленуші курьерге 2,3 млн теңге, 4400 АҚШ долларын, 7 мың евро және 220 мың рубль ақшасын берген.  

Полиция 18 тамыз күні Қарағанды банк терминалының жанынан 21 жастағы күдіктіні ұстады. 

Сондай-ақ жалдамалы пәтерден оның 23 жастағы серіктесі ұсталды. Пәтерге жүргізілген тінту жұмыстары барысында 370 мың теңге, 3700 АҚШ доллары, 6 мың евро және 102 мың рубль тәркіленді. 

Тергеу жүргізіліп жатыр.