Ел намысын қорғап, көк Туымызды желбіретіп жүрген талантты спортшыларды кәсіби мерекесімен аймақ басшысы Нариман Төреғалиев құттықтады.
Спорт күніне арналып өткен бұл жолғы іс-шара ерекше өтті. Ардагер спортшылардың шеруін елге танымал спортшылар бастады. Атап айтсақ, самбодан 6 дүркін әлем чемпионы Қаболат Құрмашев, самбодан 4 дүркін әлем чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Ерболат Байбатыров, Грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев секілді талантты спортшылар шеруді бастап жүрді. Шеруге мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт клубының мүшелері де қатысты.
БҚО-да мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы 2016 жылы ашылған. Бүгінде 225 спортшы тәрбиеленіп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуды тапсырады. Себебі дені сау ұлт – ел болашағы. «Бүгінде облыста 270 мың адам спортпен айналысады», – дейді мамандар.
Осы салтанатты жиында сөз алған аймақ басшысы Нариман Төреғалиев бұл күннің маңызына тоқталды.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамыту, ұлт саулығын нығайту, қазақстандықтардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру міндеттеріне ерекше назар аударатыны белгілі.
Ұлт саулығы мен халықтың өміршеңдігінің кепілі, еліміздің бәсекеге қабілетті 30 спорттық державалар қатарына кірудің басты шарты ретінде спорт мемлекетіміздің негізгі стратегиялық ұстанымына, тәуелсіз мемлекетіміздің идеологиясына айналды, – деді Нариман Төреғалиев.
БҚО-ның спортта жеткен жетістіктері үлкен. Атап айтсақ, соңғы екі жылда өңірдің 33 спортшысы Әлем чемпионы, 14 спортшысы Азия чемпионы, 479 спортшысы Қазақстан чемпионы атанған.
Дәл осы күні облыс әкімі өңірде спорттың дамуына үлес қосып жүрген талантты спортшыларды марапаттады. Олар «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «ҚР құрметті спорт қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.
Спорт күніне орай өткізілген шаралар легін екінші күні көпшілік велошеру жалғады. Велошеру Орал қаласындағы Абай алаңынан басталып, Тұңғыш Президент атындағы алаңда аяқталды. Оған барлығы 350-ге жуық адам қатысты.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА