Түркістан облысында суға кеткен 11 адамның тағы біреуінің денесі табылды.
Облыстық ТЖД хабарлауынша, барлығы 9 адамның денесі судан шығарылды. Қазір қалған екі адамның денесін іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«2023 жылғы 21 тамызда сағат 17.40-та Түркістан облысы Отырар ауданы Көксарай ауылынан 3 шақырым жерде, Сырдария өзенінде шомылуға рұқсат етілмеген жерде шомылу кезінде 11 адам суға батып кетті.
Бүгінде суға батқан 11 адамның ішінен ТЖД күшімен 9 адамның, оның ішінде 3 әйелдің және 6 кәмелетке толмаған баланың денесі табылып, судан шығарылды, 2 кәмелетке толмаған баланы іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Белгілі болғандай, демалыста 20 адамнан тұратын 4 отбасы болған»,– делінген ТЖД хабарламада.
Бүгінде ТЖД-да жедел штаб құрылды, жедел желі жұмыс істейді (8725 33 5-78-81). Түркістан облысы ТЖД басшылығы оқиға орнында жағдайды бақылауда ұстап отыр.
«Іздеу жұмыстарына барлығы 150 адам, 18 бірлік техника, 2 дрон және 6 жүзу құралы, оның ішінде ТЖД жедел құтқару жасағынан 13 құтқарушы, 3 жүзу құралы және 3 техника, Шымкент қаласы ТЖД жедел құтқару жасағынан 6 құтқарушы, 1 жүзу құралы және 1 техника, Түркістан облысы ТЖД 50 адам, 2 дрон, 5 техника, ЖАО-дан 4 адам, 1 жүзу құралы, Полиция департаментінен 71 адам, 1 жүзу құралы және 7 техника, "103" қызметінен 6 адам және 2 бірлік техника жұмылдырылды», – делінген хабарламада.
Оқиғаның мән-жайын Түркістан облысының Полиция департаменті анықтап жатыр.
«Суда болған жағдайда қауіпсіздік шараларын қатан сақтау қажет екенін, тек шомылуға рұқсат етілген жерлерде суға түсіңіздер. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар! Мас күйінде суға түсуге тыйым салынады!» – деп ескертеді ТЖД өкілдері.
Еске салайық, қайғылы жағдай 21 тамызда кешкі уақытта болған. Сырдария өзеніндегі автокөлік көпірінің маңында бір-біріне жақын туыс болып келетін 4 отбасының 20 шақты адамы демалып жүрген. Алайда демалыс соңы аса қайғылы жағдайға ұласып, 11 адам шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға батып кеткен.
Фото: Түркістан облысы ТЖД