Атыраудағы теміржол вокзалында 30 жастағы әйелден 80 діни кітап тәркіленді. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Департаменттің мәліметінше, Атырау стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері теміржол вокзалында жедел-іздестіру шарасын жүргізген.
«Шара кезінде Атырау қаласының 30 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Тексеру барысында одан діни мазмұндағы 80 кітап табылып, тәркіленді. Көлік полицейлері аталған азаматшаға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігінің 3-тармағымен (Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға белгіленген талаптарды бұзу) әкімшілік хаттама толтырды. Іс материалдары сотқа жолданды», – делінген хабарламада.
Атырау қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 172 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
«Еліміздің «Діни қызметтер және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес6 діни әдебиеттерді, діни сипаттағы материалдар мен заттарды тарату тек діни рәсімдік ғимараттарда, діни білім мекемелерінде және жергілікті атқарушы органдар бекіткен арнайы стационарлық орындарда ғана жүзеге асырылады. Соған байланысты тұрғындарға аталған заң талабын қатаң сақтауды ескертеміз», – деп хабарлады департаменттен.