Бүгін «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының кезектен тыс VIII конференциясы өтті. Партиялықтар 2021-2022 жылдарда атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы жоспарды бекітті. Сондай-ақ партияның қалалық, аудандық филиалдарындағы Саяси кеңестердің жаңа құрамы сайланды.
Іс-шараға өңірдегі Саяси кеңес мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, бастауыш партия ұйымдары мен «Жастар рухы» Жастар қанатының өкілдері қатысты.
Мәселен, өткен екі жылда партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында Абай облысының аумағында 700 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, әлеуметтік жағдайы осал отбасыларға 905 пәтер табысталды, 20 мыңға жуық жұмыс орны және 4 жаңа мектеп ашылды, радионуклидтік терапия бөлімшесі бар бірегей Ядролық медицина орталығы қолданысқа берілді.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек аманаттықтардың алдында тұрған басты міндет демократиялық қағидаттарға негізделген Әділетті Қазақстанды құру екенін атап өтті.
«Біз – қоғамның заманауи және өзекті сұрауларына құрметпен қарап, оларға құлақ асатын партиямыз. Заман талабына сай жаңа бастамаларды қолдау арқылы күшейе береміз. Сондықтан, өткен сайлауда халыққа берген уәделеріміздің орындалуын қадағалау – біз үшін өте маңызды әрі партияның бұлжымас парызы. «AMANAT» партиясының басты мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, әділетті қоғам құруға күш салып, азаматтардың құқығын қорғау және өмір сапасының ұлттық стандартын қалыптастыру», – деді ол.
Сөз соңында Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Сейілбек Ысқақовты таныстырды. Сондай-ақ, конференция шешімімен партияның аудандық және облыстық филиалдарындағы Саяси кеңестердің жаңа құрамы бекітілді. Осылайша, партияның өңірдегі 1 қалалық және 9 аудандық филиалдарындағы Саяси кеңестердің құрамына барлығы 132 адам кірді. Айта кетейік, биыл бұл құрамның тең жартысынан астамы, яғни 55%-ы қайта жаңарды. Оның ішінде, жастар – 27%-ды, әйелдер – 42%-ды құрады.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Қуаныш Сүлейменов партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды.
«Жер аманаты» комиссиясының жұмысы жалғасып жатыр. Биыл біз 250 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде оның 112 мың гектары қайтарылды. Ал «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жоғары оқу орындарының ерекше қажеттілігі бар 8 түлегі жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, партиялық бақылау да белсенді жұмыс істеуде. Мәселен, 30 наурыз бен 1 тамыз аралығында азық-түлік және халық тұтынатын тауарлар бағасына мониторинг жасалып, 700-ге жуық рейд жүргізілді. Анықталған заң бұзушылық фактілері тиісті мемлекеттік органдарға жедел хабарланып отырады», – деді ол.
Бұдан соң, Дәулет Кәрібек өңірдің белсенді жастарымен жүздесіп, партияның жастар саясатын жетілдіру, студенттерді жатақханамен қамту және жастарға арналған жұмыс орындарын құру бағытындағы басымдықтарына назар аударды.
«Оң өзгерістер қоғамның негізгі қозғаушы күші саналатын жастар қауымына да қатысты болуы тиіс. Биыл «AMANAT» партиясы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 100 мың жасты жұмысқа орналастыруды көздейтін бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. Жыл басынан бері Қазақстанда 120-дан астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, оған 90 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 18,6 мың жас жұмысқа орналасуға жолдама алды. Еліміздегі 3000-нан астам ірі және шағын кәсіпорынмен жастарды жұмысқа орналастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», – деді Атқарушы хатшы.
Өңір ақсақалдарымен және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуде партиялықтар тарихи мұраны сақтау, мемлекеттік тілді қолдау, жаңа заман әдебиетін дамыту және тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру шараларын талқылады.
Осы күні Атқарушы хатшы Жарма ауданы Қалбатау ауылында «AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан үш қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты. 30 пәтерге негізделген көпқабатты тұрғын үй кілті баспана кезегінде тұрған отандастарымызға биыл қазанда табысталады. Дәулет Кәрібек пәтер үлестіру кезінде әлеуметтік жағдайы осал отбасыларға басымдық беруді тапсырды.
Айта кетейік, Абай облысындағы 137 бастауыш партия ұйымында «AMANAT» партиясының 23 мыңнан астам мүшесі бар.