Осы сұрақтарға жауап беру мақсатында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы әр апта сайын жергілікті мәслихат депутаттарымен брифинг ұйымдастыруда.
Бұл жолы журналистер Түркістан облысы мәслихатының депутаттары Бегімбет Байғараев пен Мағауия Тұрысбековпен кездесіп, сауал жолдады. Депутаттар алдымен өздеріне жүктелген мәселелер бойынша баяндама жасап, атқарылған жұмыстарына есеп берді. Одан соң Созақ ауданынан сайланған депутаттарға БАҚ өкілдері теріскейдегі проблемалар бойынша сауал жолдады. Ауданда көгілдір газ – ең бір өзекті проблема. Табиғи газдың жоқтығынан бұл аймақта сексеуіл қоры азайып барады. «Қазір аудан жұртын газдандыру ісі бойынша нақты іс-шаралар жүріп жатыр. Бұйыртса, келер жылы тұрғындар көгілдір газға қосылады», – деді депутаттар.
Сондай-ақ 5 елді мекенге сапалы ауызсу тарту үшін 2 млрд
800 млн теңге қаржы қарастырылған. Бұл қаражатқа Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Сызған және Саржаз елді мекендеріне тіршілік нәрі жеткізіледі деп күтілуде. Жол азабын жүрген біледі демекші, Құмкент – Шолаққорған тасжолы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Келер жылы жол құрылысы аяқталып, жолаушылар жол азабынан құтылады. Жалпы, Түркістан облыстық мәслихаты биыл 4 сессия өткізген. Айта кетейік, алдағы уақытта да барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының баспасөз мәжілісі кестеге сәйкес жалғасатын болады.