Биыл облыс бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы, сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 79,9 млрд теңге қаржыға 617 шақырымнан астам жолды жөндеуден өткізу жоспарланған. Соның ішінде 150 шақырымдай республикалық жол, 335 шақырымнан астам жергілікті жол, 83 шақырым ауылішілік жол, 47 шақырымдай қалаішілік жолдар жөнделеді деп жоспарланған. Бұл туралы БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев айтты.
Облыстық және аудандық жолдарға арналып 55 жоба жасақталған. Жоба құны 26,6 млрд теңгені құрайды.
Басқарма басшысының сөзінше, құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты кейбір жобалар, атап айтсақ, Барбастау – Ақжайық – Индер, Бөрлі – Ақсай – Жымпиты, Чапаево – Жаңақала – Сайхын жол жөндеу жобалары қайта қаралған.
– Бүгінгі таңда Барбастау – Ақжайық – Индер жобасы бойынша құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты түзету жұмыстары аяқталуға жақын. Қалған екеуіне әлі де түзету жүргізілуде, алдағы екі апта ішінде аяқтау күтіліп отыр. Айта кету керек, бүгінде барлық қайта жаңғырту нысандары бойынша жөндеу жұмыстары толығымен қайта жанданды, – деп атап өтті БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев.
Қала көшелерін жөндеу жұмыстары биыл ерте басталды. Биыл 48 шақырымдай қала көшесін жөндеу жұмысы жоспарланған екен. Бұл бағытта 26 жоба жұмыс істеп жатыр. Жоба құны 7,1 млрд теңгені құрайды.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы