Өңірді жұмыс сапарымен аралап жүрген Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан Талғар ауданының Белбұлақ ауылында күрделі жөндеу жүріп жатқан мектепке барды. Білім мекемесінде 600-ге тарта бала оқып келген. Құрылысы жоспар бойынша келесі жылдың наурыз айында бітуге тиіс. Бірақ мердігерлер осы жылдың соңына дейін аяқтап береміз деп отыр. Оған дейін балалар осы елді мекендегі ескі мектепте оқиды.
– Бұл мектеп 60 жыл бұрын салынған. Сол жылдан бері қарай ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүрмеген. Күрделі жөндеу уақытында 640 оқушы №32 мектептің ескі ғимаратында оқитын болады, – деді Талғар ауданы әкі-мінің орынбасары Айбек Бидаев.
Қала іргесіндегі білім ордаларында орын тапшылығы – басты мәселе. Тіпті, үш ауысымда білім беретіндері бар. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының назарында. Жол картасында көзделген жоспарларды орындау мақсатымен Мәжіліс депутаты білім беру нысандарын аралап, оқу жылына дайындықтарын тексерді.
– Былтырдан бері өңірлерді аралап келемін. Үш ауысымды мектептердің проблемасы әр облыста бар. Өңірдегі қала іргесіндегі мектептердің мәселесі күн тәртібінде тұр. Әсіресе, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле ауданында мұны жеделдетіп шешу керек. Өйткені саяжайдағы азаматтар балаларын көршілес елді мекендегі мектептерге тасып әлек, – деді Жанарбек Әшімжан.
Мәжілісменнің айтуынша, облыс бойынша ауданның білім бөлімдері оқуға 100 пайыз дайын екенін жеткізді. Бірақ кей жерлер 2-3 айға дейін кешігетінін айтты. Бұл мәселені жергілікті атқарушы билік қолға алмақ.
Айта кетейік, Талғар ауданында үш ауысымды мектеп мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Жаңа оқу жылында 43 мектептің бесеуі үш ауысымда оқытуды жалғастырады. Жалпы, облыста үш ауысыммен оқытатын 51 мектеп бар. Партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында осы мәселені жою үшін бес жылда 53 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Ал 39 білім беру нысанында сапалы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еркін Әбіл мен Екатерина Смышляеваның Қостанай облысында жұмыс сапары жалғасуда. Бүгін олар мектеп жасындағы балаларға арналған смарт-орталықтың жұмысымен танысып, басқа да нысандарды аралады. «Юбилейный» шағынауданында салынып жатқан смарт-орталық осы өңірдің Жол картасына енгізілген. Ол 600-ден астам оқушыға арналған. Мұнда робототехника және бағдарламалау кабинеттерін, киберспорт залы, ландшафты дизайн студиясы және басқа да бағыттар бойынша зертханалар ашу жоспарланған.
– Орталық тек білім алатын орын емес, балалардың жеке әлеуетін ашуға, қабілетін дамытуға, талантын анықтауға арналған алаң. Қостанайда мұндай нысанның салынып жатқаны және оның жақын арада іске қосылатыны қуантады, – деді депутат Еркін Әбіл.
Смарт-орталықтың жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асады. Оның айналасы балаларға, жастарға арналған спорт алаңдарымен, жасыл желекпен, үш субұрқақпен абаттандырылады. Сонымен қатар мәжілісмендер Tele2/Altel ұялы байланыс операторларының 5G жаңа буынының базалық байланыс стансасына барды. Облыстық Ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Қашиев депутаттарды жақында іске қосылған жаңа байланыс мұнарасымен таныстырды. Енді қалада Tele2 және Altel ұялы байланыс пайдаланушылары үшін 5G байланысы қолжетімді.
Бұдан кейін Қостанай облысындағы ауылдарды байланыспен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кездесу өтті. Жиынға Мәжіліс және облыстық мәслихат депутаттары, Ақпараттандыру басқармасының өкілдері, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары қатысты.
– Халықты сапалы байланыспен қамтамасыз ету – әрдайым маңызды мәселе. Әріптестерімізбен облыстың аудандары мен ауылдарын аралаймыз, халықпен кездесеміз. Сонда жиі қойылатын сұрақтардың бірі – шалғай елді мекендерді интернет және тұрақты байланыспен қамтамасыз ету. Қазір бұл бағытта белсенді жұмыс атқарылып жатыр. 2025 жылға дейін біз облыстың барлық ауылдарын интернетпен және байланыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұған өткен шақырылымда депутаттар қабылдаған заңнамалық түзетулер ықпал ете-ді, – деді Екатерина Смышляева.
Мәжіліс депутаттарының жұмыс сапары 25 тамызға дейін жалғасады. Халық қалаулылары шалғай ауылдарды, проблемалық нысандар мен өндірістерді аралауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Сыр өңіріне сапары барысында Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов Шиелі ауданы тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның жүзеге асу барысымен танысты. Қабылданып жатқан заң жобаларын түсіндірді.
Депутатпен кездесуге жүзден астам азамат келді. Олар балаларды мектепке даярлауға берілетін қаржылай көмектің әділ бөлінбеуі, көпбалалы отбасынан шыққан және әлеуметтік аз қамтылған балаларды мектепте ыстық тамақпен қамтамасыз ету, медицина саласындағы әлеуметтік қызметкерлердің, психологтердің жалақысының төмендігі, білім беру форматының өзгеруі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударып отырған қаржыны тиімді пайдалану жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, ауыл тұрғыны Айнагүл Заирова бала күтіміне орай екі немересін мектепке даярлауға берілетін 40 мың теңгені ала алмай отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қызы үш баласымен қолында отыр, екеуі мектепте оқиды.
– Осы балаларға көмек алу үшін құжат өткізсек, менің және атасының бір айлық табысын есептеп, көрсеткіштен асып тұр, сол себепті сізге берілмейді деген жауап келді. Балалар менің қамқорлығымда емес қой. Бұл – бөлек отбасы. Неге ата-әжесінің табысы есептелуі керек. Әлеуметтік жағдайы неге ескерілмейді? Оқушыларға мектепке дайындыққа берілетін 40 мың теңге әділ тағайындалса, – деді ол.
Азаматтардың пікірін назарға алған Мұрат Әбенов бұл мәселелер бойынша тиісті министрліктерге ұсыныс беретінін айтты.
– Барлық ауылда халықпен кездескенде көтерілетін мәселелер бірдей. Ол – медициналық қызметтің сапасы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы. Халық қорға ақшасын төлейді, бірақ орнына алып жатқан сапалы қызметі жоқ. Екінші мәселе – балаларға берілетін мектептегі ыстық тамаққа бөлінетін қаржы көлемінің әр алуандығы. Мәселен, бір ауылда бір балаға күніне тамақ ішуге 200 теңге, енді бір ауылда 400 теңге қарастырылған. Астана мен Алматыда 800 теңге, ал Назарбаев зияткерлік мектебінде 2000 теңге деген реніштер айтылып жатыр. Әрине, бұл өте орынды деп есептеймін. Себебі мемлекет тарапынан барлық балаға бірдей жағдай жасалуы керек. Сондықтан біз Парламент қабарғасында бұл мәселе бойынша тиісті министрліктерге стандарттар енгізу жөнінде ұсыныс беретін боламыз, – деді Мұрат Әбенов.
Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская жұмыс сапарымен Егіндікөл ауылына барды. Алты айдан бері ауыл тұрғындарының басты проблемасына айналған ауызсу тапшылығы жөнінде аудандық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының депутаттарымен, аудан басшыларымен кездесіп, жұмыс жоспарын талқылады.
Нұра топтық су құбыры 15 тұрғыны бар 24 елді мекенді сумен қамтамасыз етеді. Қорғалжын ауданының аумағы арқылы өтетін су құбырының жиі бұзылуына байланысты 3 сәуірден бастап Қоржынкөл және Бауман ауылдарында ауызсу тапшылығы сезіліп отыр. Сондықтан 2 маусымда Егіндікөл ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын.
– Су құбырының 90 пайызының тозығы жеткен. Тіпті, басқа да жерлерде су жиі тоқтап қалады. Жыл басынан бері су құбырында 79 апат тіркеліп, жекелеген учаскелерде су шығыны 70-80 пайызға жетті. Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету үшін магистралды желілердің зақымдалған учаскелерін толық ауыстырып, су құбырын жаңарту қажет, – деді Егіндікөл ауданының әкімі Ерлан Мұхамедин.
Депутат су шығару үшін қазылған құдықтарды да көріп шықты. Тұщы су алу мақсатымен қазылған құдықтардан әлі де таза су шықпай тұр. Бүгінгі күні Егіндікөл ауданы әкімдігі халыққа, оның ішінде әлеуметтік нысандарға және басқа да мекемелерге су жеткізіп беріп жатыр.
– Бұл жайт Парламент Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының назарында. Сондықтан алдағы сессияда бұл маңызды мәселені көтеріп, шешу жолын қарастыратын боламыз, – деді Ю.Кучинская.