«AMANAT»-тың жаңа Саяси кеңестерінің мүшелері алдында сайлауалды уәделерді жүзеге асыру бойынша маңызды міндет тұр

Партия Хатшысы Руслан Әлішев Саяси кеңестердің жаңа мүшелерімен кездесу барысында «AMANAT» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып өтті.

«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының XXXV есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, оған партия хатшысы Руслан Әлішев, Парламент Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдары мен жастар қанатының өкілдері қатысты.

Конференция қорытындысы бойынша Қостанай облысының 4 қалалық және 17 аудандық филиалдарының Саяси кеңестерінің құрамына 259 адам кірді. Кеңестер құрамы 65% - ға қайта жаңарды. Оның ішінде, әйелдер - 45%-ды, жастар - 31%-ды құрады. Солай бола тұра, мол тәжірибесі бар партия мүшелері Саяси кеңестердің құрамында қалды.

Партия Хатшысы Руслан Әлішев Саяси кеңестердің жаңа мүшелерімен кездесу барысында «AMANAT» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып өтті.

«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының әрбір қала, аудан, ауылдағы әр отбасының өмірін жақсарту жөніндегі әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытын жалғастыруда. Біз парламенттік көпшілік дауысқа ие партия ретінде бюджетті бекітеміз және Үкіметтен республикалық Жол картасының барлық тармағының қажетті және жеткілікті қаржыландырумен қамтамасыз етілуін талап етеміз. Мәслихат депутаттары өңірлік Жол карталарының орындалуын бақылайды. Партия белгілі бір әлеуметтік нысанның құрылысын қамтамасыз еткенін немесе белгілі бір заңға бастамашысы болғанын айтып қана қоймайды. Біз сондай-ақ сайлау алдындағы уәделерді іске асыру сапасы мен заңдардың тиімділігі үшін жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз», – деді ол.

Өз сөзінде Парламент Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл аманаттықтарды белсенді болуға және өңірдің дамуына айрықша үлес қосуға шақырды.

 «Бүгінде Үкімет пен әкімдердің халық тұрмысын жақсарту бойынша атқарып жатқан жұмысының барлығы біздің партиялық бағдарламамызда қамтылғанын әрбір сайлаушыға жеткізу үшін партия мүшелері жұмыс істеуі қажет. Үкімет пен әкімдердің өздерінің сайлауалды бағдарламалары жоқ, олар «AMANAT» партиясының бағдарламасын және Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырады. Бүгінде елімізде салынып немесе жөнделіп жатқан әрбір дене шынықтыру-сауықтыру кешені, фельдшерлік-акушерлік пункт, мектеп, жол – «AMANAT» партиясы атқарған жұмыстың нақты нәтижесі, – деді Еркін Әбіл.

Партияның Қостанай облыстық филиалының төрағасы Бибігүл Аққұжина партияның 2022-2023 жылдар аралығында атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

«Облыста 67 инвестициялық жоба іске қосылды. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен саласында 658 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген, жалпы сомасы 26,7 млрд теңге болатын 52 жоба жүзеге асырылды. Ал индустрия саласында 1,5 мың тұрақты жұмыс орны қарастырылған, жалпы сомасы 74,4 млрд теңге қаржыға 15 жоба қолға алынды.  Сондай-ақ, 896,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.  50-ден астам әлеуметтік  нысан салынды. Атап айтқанда, 640 орындық 2 мектеп, 2 денсаулық сақтау нысаны, 4 спорт кешені, 47 спорт алаңы. 43 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, 37,23 шақырым жылу желілері жаңғыртылды. Сонымен қатар, 695,6 шақырым су құбыры желілері салынып, 179,6 шақырымы қайта жаңартылды. Орталық сумен қамту жүйесіне 11 ауыл қосылды. Ал 15 ауылдың сумен  қамту жүйесі жақсартылды» – деді ол.

 «Жер аманаты» және «Ауыл аманаты» партиялық жобаларының ерекше маңыздылығын атап өткен Бибігүл Аққұжина 2023 жылдың 7 айында жобалардың қол жеткізген нәтижелеріне тоқталды. «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы аясында жоспар бойынша 330 мың гектар жердің  231 мың гектары (70%) мемлекет меншігіне қайтарылды.  «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 227 өтінім мақұлданып, 1,2 млрд теңге қаржыға 193 несие берілді.

Осы күні партия Хатшысы Руслан Әлішев Рудный қаласында жылу желілерін  қайта жаңарту жұмысымен танысып, партиялық бақылау бекеттері мен Саяси кеңестің жаңа сайланған мүшелерінің өңірдегі құрылыстың уақытылы және сапалы аяқталуын бақылау жөніндегі қызметіне ерекше назар аударды.

Одан кейін аманаттықтар БПҰ басшылары және өкілдерімен кездесуде партияның сайлауалды міндеттерін жүзеге асыру бойынша бастауыш ұйымдардың жұмысы мен әдістерін талқылады.

 «AMANAT» әрқашан қоғамдық-саяси процестердің ортасында болады. Біздің партия еліміздің басты саяси күші және Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі. Белсенді жұмыс істейтін және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды жалғастыратын көптеген жобамыз бар. Біз осы істердің басы-қасында жүргенімізге қуаныштымыз», – деді жиынға қатысушы Жақсылық Кәкенов.

Айта кетейік, Қостанай облысында 262 бастауыш партия ұйымына біріктірілген 44 мыңнан астам «AMANAT» мүшесі бар.