"Есірткіні доғаруды сұраған": Шымкентте туған інісін өлтірген ер адам ұсталды

Оны полицейлер қызметтік иттің көмегімен қолға түсірді.

Шымкентте інісін өлтірген күдікті қызметтік иттің көмегімен дер кезінде ұсталды, – деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.  

 

Өткен демалыс күндері Еңбекші АПБ-ның «102» арнасына кісі өлімі туралы хабарлама келіп түскен. Шақырту бойынша жедел-тергеу тобымен бірге Шымкент қалалық ПД бастығының орынбасарлары Серік Ергешов пен Арман Бейсенбаев және аудан прокурорлары да шыққан. Мекенжайға жеткен полиция қызметкерлері үйдің ауласынан зорлық белгілері бар ер адамның өлі денесін тапқан.

Анықталғандай, жергілікті тұрғын отбасылық жанжал кезінде інісінің кеуде тұсынан ас үй пышағымен ұрып, белгісіз бағытқа қашып кеткен.

Полиция департаментінің бас жедел уәкілі Арман Бейсенбаевтың нұсқауымен криминалдық полицияның жедел уәкілі Құттыбек Оңалбеков пен кинолог Мейіржан Қасымбеков қызметтік итті ертіп, үй маңында орналасқан теміржол жақтан іздеуге шыққан.

Полиция иті Грей бірден ізді анықтап, тәртіп сақшыларын киімін ауыстырып үлгерген күдіктіге апарған. Қызметкерлер ер адамды қамауға алды. Ағайындылар арасындағы жанжал марқұмның бауырына есірткіні қолдануды тоқтату керек деген ақылынан басталғаны белгілі болған.

Бүгінде аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады.