Отандастарымыз жиі шалдығатын ауру түрлері белгілі болды.
«2021 жылмен салыстырғанда өткен жылы ауруға шалдығу көрсеткіші 5,7%-ға төмендеп, 48301,40 құрады. Соңғы жылдары азаматтар көбіне тыныс алу органдары ауруларына жиі ұшырайды (2021 жылы – 21964,12, 2022 жылы – 18883,3). Екінші орында - ас қорыту жүйесінің аурулары (2021 жылы – 3981,2, 2022 жылы – 3691). Отандастарымыз жиі шалдығатын келесі дерт қан айналымы жүйесіне қатысты (2021 жылы – 3000,6, 2022 жылы –2759,6)», - деген жауап келді Денсаулық сақтау министрлігінен ҚазАқпарат тілшісі жолдаған сауалға.
Сондай-ақ, аталған ведомство ұлттық статистика бюросының биылғы 6 айдағы өлім-жітім жайлы мәліметін ұсынды.
«Өлім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 9,3% төмендеді. Өлім-жітімге жиі алып келетін - қан айналым жүйесі аурулары. Ол бойынша биыл 6 айда 147,22 адам қайтыс болған. Екінші орында - қатерлік ісік түрлері, биыл жарты жылда 66,13 өлім тіркелді. Үшінші кезекте тыныс алу органдары аурулары, ол 64,42 адамды өлімге алып келген», - дейді министрліктен.