Мәжілісмендер жұмыс сапарымен Алматыға барды

Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру барысымен және еліміздің ірі мегаполисінің әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстыру мақсатында Алматыға келді.

Сапар бағдарламасының бірінші тармағы лудомания мәселесін талқылау үшін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және жастармен кездесу болды.

Талқылауға Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Ермұрат Бапи, партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров, сарапшылар мен жастар өкілдері қатысты.

 

Құмар ойындарға патологиялық бейімділік қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де күрделі проблемаға айналды. Мәжілісмендер құмар ойындарға тәуелділік жағдайларының көбеюіне қатты алаңдаушылық білдірді және бұл мәселенің жастарға және жалпы қоғамға қалай әсер ететінін қадағалады.

Кездесуде жастар арасында лудоманияның алдын алу бойынша негізгі мәселелер, соның ішінде білім беру бағдарламалары мен құмар ойындарының тәуекелдері туралы ақпараттық науқан талқыланды, лудомания проблемасына тап болғандар үшін сапалы және қолжетімді медициналық және психологиялық қолдауды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар айтылды, сондай-ақ құмар ойындарды реттеуге және қатаңдатуға бағытталған заңнамаға өзгерістер енгізу мүмкіндігі талқыланды.

Мәжілісмендер жұмыс сапарын жалғастыра отырып, «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалының кезекті XXXIV конференциясына қосылды. Конференция жұмысына ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, мәслихаттағы фракция мүшелері, қалалық Саяси кеңес мүшелері және партия белсенділері қатысты.

Конференцияда Алматы қаласы бойынша «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасының іске асырылу барысы туралы баяндама жасалды, сондай-ақ Алматы қалалық филиалы мен «Жастар рухы» Жастар қанатының 2021 жылдан 2023 жылдың І жартыжылдығына дейінгі кезеңде атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалды.

Соңында конференция қонақтары белсенді қызметі мен қол жеткізген нәтижелері үшін ризашылықтарын білдірді, сондай-ақ фракция жетекшісі Қазақстан Республикасы Конституциясының 28 жылдығына орай партияға салтанатты қабылдау рәсімін өткізді.

Сапардың соңғы кезеңі фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың «Қалқаман» метростансасы құрылысының барысымен танысуы болды. Бүгінгі күні метрополитеннің үшінші іске қосу кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. «Қалқаман» метростансасын салу жобасы Алматы қаласы бойынша «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының 2.3-бөліміне енгізілген, онда 4 станса салумен 7,2 шақырым метро желісін кеңейту көзделген. Жоспарға сәйкес, «Қалқаман» стансасының құрылысын аяқтаудың жоспарланған мерзімі – 2025 жыл. Бұл жоба – Алматының көлік инфрақұрылымын нығайту мен қала тұрғындарының жайлылығын жақсартудағы маңызды қадам.