Надежда Дубовицкая әлем чемпионатының финалына шықты

Будапештегі әлем чемпионатында биіктікке секіру жарыстары басталды. Қазақстанның атынан үш спортшы қатысты, – деп хабарлайды ҚР МСМ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Әйелдер арасында іріктеу кезеңінде 35 атлет өнер көрсетті. Қазақстанның намысын Надежда Дубовицкая, Кристина Овчинникова және Елизавета Матвеева қорғады. Тартысты бәсекеде Дубовицкая финалға шықты.

2022 жылғы жабық кешендегі әлем чемпионатының қола жүлдегері 1.89 метрге секіріп, медаль үшін таласатын 15 үміткердің арасына іріктелді. Финал 27 тамыз күні өтеді.

Қалған екі отандасымыз іріктеуден аса алмады. 2023 жылғы Азия чемпионы Кристина Овчинникованың нәтижесі – 1.85 метр, ал Елизавета Матвееванікі – 1.80 метр.