Мақтаған мал табады

Күн сайын әйеліммен ұрысып қаламын. Үйден берекет қашты. Интернеттен осыған сауал іздедім. Сүйтсем, әйелді мақтау керек екен.

Мен сорлы оны білмеппін. Түс мезгілінде күндегі әуенін бастайын деп, домбырасын келтіріп  жатыр еді:

– Жанымдағы жалғызым, армандаған аяулым, – дедім.

– Ааа, мына сөз сенің аузың­нан шықты ма? – деп, әйелім көзі адырайып тоқтап қалды.

– Енді не, менің аузымнан тек былапыт сөздер ғана шығады деп жүрсің бе?

– Таңғалып тұрғаным, – деді әйелім. 

– Сенің нәзік қолдарыңмен жасалған бүгінгі түскі ас қандай керемет. Дәмі тілімді салақтатып жіберді. Кешкі асқа не пісіресің жаным?

– Иә, рас айтып тұрсың ба? Саған бүгін бірдеңе болған жоқ па? – деп әйелім аң-таң.

– Шынымды айтып тұрмын, жаным. Өзіңді көрмесем отыра алмайтын күйге душар болдым...

Негізі, қолдары нәзік емес, сиырды сауғанда төрт емшегін жұлып ала жаздайды. Білегінің жуандығынан көрші ауылдың қатындары сескеніп қашып жүреді. Әйелімді жамандап отыр деп ойламаңыздар.

– Ботадай көздерің жанып, үйдің ішін жарқыратып жіберді ғой, жүзіңнен жүзімнің шырыны тамып тұр, – деп едім бөшкедей әйелім диванның үстіне барып сылқ етіп шалқасынан құлады. Ее, мынау жақсы әдіс екен... Әйелім­нің ұрысы су сепкендей сап тыйыл­ды. Еркелеткенді кім жек көрсін?...

Ерігіп көшеге шықтым. Дү­кен­нің алдында қайыр сұрап ай­қайлап алқаш отыр екен, оны да мақтай жөнелдім. 

– Күc-күс жарық қолдарың батырдың білегіндей жуан екен, құрметтім? 

Маскүнем көгеріп кеткен екі қолына алма-кезек қарады.

– Шын ба? – деді, ісік көздері жы­пы­лық қағып. Өзі ықылық атып тұр.

– Иә, әрине, – дедім.

– Кезінде спортпен айналыс­қанмын, – деп мақтанды ол.

– Иісің қандай керемет, сен­дей адам жер бетінде жоқ қой, – деп едім, ыржалаңдап мәз болды. Ішкіштер де мақтағанды сүйеді екен. Өзі қайыр сұрап отырса да, екі жүз тенгесін менің алақаныма бір ұрды. 

Көшенің бір бұрышында ала таяғын асынып май қызметкері тұр. Аяңдап қасына бардым.

– Ассалаумағалейкум, сендер болмасаңдар біздің күніміз не болмақ?

– Жәй ма?

– Осындай қара суықта адам­ның өмірі үшін жол тәртібін қадағалап тұрсыздар.

– Енді, жұмысымыз ғой.

– Қандай адал жансыңдар, сендердің еңбектерің елеусіз, – деп едім, әлгі май қызметкері көтеріп тұрған ала таяғын төмен түсірді. Енді бір сөз айтсам құлайын деп тұр.

– Біз кімге керекпіз? – деді май қызметкері міңгірлеп.

– Сендер халыққа, бізге керексіңдер, сіз сондай парасатты адамсыз. Бауырмал екеніңіз көзіңізден көрініп тұр. Ел үшін туғансыз...

– Рахмет! – деп, май қызмет­кері танауы шелектей болды.

– Өлгенше қолыңыздан ала таяғыңыз түспесін, бай болыңыз...

– Ой, бәрекелді, тоқтай тұры­ңыз, – деп төс қалтасына қолын салып жіберіп, қып-қызыл бес мың теңгені қалтама сүңгітіп жіберді. Әзірге жаман емес. Базар­ға қарай бет алдым. «Қымбат» сауда үйінен атақты бизнесмен кезінде сотқар атанған Бекертуған құрдасым шықты. Ол өмірінде ешкімнен жылы сөз естіп көр­меп­ті. Мектеп қабырғасында жүрген­де мұғалімнен жегені таяқ, естігені қарғыс еді.

– Амансың ба, құрдасым?

– Шүкір, шүкір, түкір-түкір, – деді Бекертуған. 

– Естідің бе?

– Нені?

– Кеше сені теледидардан мақтады.

– Не деп?

– Қазақ елінің экономикасына елеулі үлес қосып жатыр, – дейді. Сен сияқты азаматтар көп болса, дағдарыстан құтыламыз, – деп айтты. Құрдасым көзі аларып, мәз болды.

– Шын айтып тұрсың ба? – деді ол қуанып.

– Әрине, сендей құрдастар қазақ ұлты үшін дефицит қой, – деп едім. Туғалы мақтау естімеген құрдасым сол жерде бұтына жіберіп қойғандай мелшиіп қатып қалды. Бетіме ала көзімен қадалып тұр. Менің сөздерім ұнамай қал­ған болар деп, кетуге ыңғайлана бастадым.

– Тоқта, – деді маған. Дауысы қатты шықты. Метепте жүргенде талай рет жұдырықтасып едік. «Келсең кел» дедім ішімнен.

– Мына астымдағы авто­көлігім­нің кілті саған, – деп, кілтін қолыма ұстатты. 

– Бәке, мұның не? – дедім. Мүмкін, қалжыңдап тұрған шығар.

– Мендей сорлы тентекті мақтайтын да адамдар бар екен бұл өмірде, – деп өкіріп жылап жіберді. 

Ойбай-ау, мақтаудың құдіреті қандай десеңші, мұны мұрным­ның иісі бұрын неге сезбеген? Кеше қара жаяу жүрген адам, бүгін астымда қымбат көлік. Мен бақыттымын. Бақыттың буымен аудандық әкімшілікке бардым. Есіктегі күзетшіден бастап, еден сыпырушы әкесін тантып мақтадым-ау кеп. Олар барлық есіктерді айқара ашып тастады. Бір қарасам аудан әкімнің есігі де жартылай ашық тұр. Зып етіп кіріп бардым. 

– Ассалаумағалейкум, алтын­нан ардақты, күмістен салмақты, басеке, – деп қолымды бердім. Ол сәлемімді аузының ұшымен жыбырлап әрең алды. Жақтырмай тұрғаны көзінен көрініп тұр. Бірден үйренген әдісіме көштім.

– Сіз жүрген жолмен жүргім келеді, 

Сіз ішкен суды ішкім келеді, – деп әндете бастадым.

– Ее, дұрыс, – деді әкім.

– Сіз отырған орынға қызық­қым келмейді,

Сіз мінген көлікті мінгім кел­мей­ді, – дедім тағы. Өлеңдерімнің ұйқасы жоқ болса да, аудан бас­шысына ұнап барады.

– Дұрыс, дұрыс, – деді.

– Сіз салған ізбен жүргім ке­леді,

Болыңыз осы ауданның тірегі...

– Керемет! – деп, әкім бетім­нен шолп еткізіп сүйіп алды. Қо­лым­ды қысып, құшағына тартты. Қайта-қайта арқамнан қақты. Сүйтіп, қуанып қайттым. 

Ертеңіне үйге әкімшіліктен теле­фон соқты. Мені жақсы қыз­мет­ке және мемлекеттік сыйлыққа ұсыныпты. Енді бұйырса облысқа ба­рып, түгелдей мақтап қайтайын деп жиналып отырмын...                                        

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН